
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
26,7 миллион тонна дақыл жиналды
Мәселен, егіс көлемі әртараптандырылып, биыл майлы дақылдарға молырақ орын тиді. Бұл Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өндірісін 5 жылда 2 есеге арттыру туралы тапсырмасымен ұштасады. Жалпы, осы жылы 4,3 млн гектар жерге дән сіңірілсе, соның 3 млн гектары дәнді, қалған 1 млн гектардан артығы майлы дақылдар.
Былтыр қараша айында болған Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терімде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды.
Бұл – кейінгі он жылдағы рекордтық көрсеткіш», дей келіп, алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізуді, саланы индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыруды, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендетуді, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыруды, озық технологиялар енгізуді, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшейтуді тапсырған еді.
«Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр?» деген сауалдың жауабын жуырда Мамлют ауданындағы «Ұлы дала астығы» атты орақ алдындағы облыс ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің семинарында естідік. Семинар жұмысына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин, аудан әкімдері, шаруашылық басшылары, ғылыми орта, мемлекеттік органдардың өкілдері және көрші елдердегі әріптестер қатысты.
Биылғы орақтан не күтеміз?
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуына қарағанда, биылғы көктем бірқалыпты болған жоқ. Мамыр айында ғана климаттық норма бойынша түсуге тиісті 31,8 мм жауын-шашынның орнына 73 мм ылғал түсіп, дәл егіс уақытында қалың батпақтан техникалар егіске кіре алмай қалды.
«Соның кесірінен техникалар қаңтарылып, егіс уақыты созылып кетті. Соған қарамай облыс диқандары әрбір сәтті кезеңді ұтымды пайдаланып, егісті аз уақытта аяқтай алды. Күні бүгінге дейін астықтың өсіп-жетілуі уақытында облыстың кейбір аймақтарында 115-тен 286 мм аралығында жауын-шашын болды. Қалыптағы норма 148 бен 204 мм аралығында болатын. Ал Айыртау, Есіл, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов, Ақжар және Уәлиханов аудандарында маусым айындағы жауын-шашын 58-72 мм аралығында ғана болды. Басқа аймақтарда ылғалдың үздіксіз болып тұрғаны өскіннің қалыпты өруіне септесті. Бірақ жылылық пен ылғалдың кесірінен түрлі зиянкестің өрістеуіне мүмкіндік туып, диқандарға көптеген егістік алаптарын кемінде үш реттен химиялық қоспалармен өңдеуге тура келді. Бүгінгі таңда барлық егіс алқаптарының 90 пайызы жақсы күтілген жағдайда. Алдын ала жасалған агрометеорологиялық жағдайды ескере отырып биыл астықтың әрбір гектарынан 14-17 центнерден, ал майлы дақылдардың әр гектарынан 10 центнерден өнім алармыз деп болжап отырмыз», дейді М.Тасмағанбетов.
Жетістікке жеткізетін алғышарттар
Жақсы нәтижеге қолжеткізу үшін де алғышарттар керек. Оны алдымен Үкімет, сосын жергілікті билік тарапынан бөлінетін қаржылай қолдау арқылы жүзеге асыруға болады. Әлемнің барлық дамыған елдері ауыл шаруашылығына арнайы несиелер мен жеңілдетілген субсидиялар береді. Еліміз де кейінгі 2-3 жылда бұл істі қалыпты жағдайға айналдырып, шаруаларды қолдайтын тиімді тетіктер енгізді. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл еңбеккерлеріне бұрын болмаған көлемде қаржылық қолдау көмегі жасалды. Біздің облысқа ғана «Кең дала-1» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша 97 млрд теңге қолдау қаражаты бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда 2,5 есе артық, тіпті еліміздегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі десе де болады.
«Мемлекет аграршыларға жүйелі қолдау көрсетіп келеді, жеңілдетілген несиелеуден бастап қайта өңдеуді ынталандыруға және сыртқы нарыққа шығуға дейін үзіліссіз көмек жасалып жатыр. Егіс және орақ науқаны жұмыстарына 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылды. Бұған дейін бұл мақсатқа 70 млрд теңге бөлінсе, биыл 700 млрд теңге бөлінді, яғни 10 есе өсті.
Өндіріс шығындарын төмендетуді барлық фермерлік санаттар үшін қолжетімді етуге жұмыс істеп жатырмыз. Қаржыландырудың қамтылуы 2 жылда 3,5 мыңнан 14 мың қарыз алушыға дейін артты. Уақтылы берілген жеңілдетілген несиелердің арқасында аграршылар тыңайтқыш, тұқым, қосалқы бөлшектер сатып алып, жұмысшылардың еңбекақысын қолжетімді бағамен төлеуге мүмкіндік алды», дейді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін 5 жылда 2 есе арттыру бағдарламасына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында 340 мың тонна тыңайтқыш алуға келісімшарттар жасауға мүмкіндік берілген. Соның ішінде тек биыл ауыл шаруашылығы құрылымдарына 22 млрд теңгенің тыңайтқышын алуға субсидия бөлініпті.
«Соның арқасында отандық «Қазфосфат» және «ҚазАзот» минералды тыңайтқыш жасайтын зауыттарынан 16 мың тонна арзандатылған тыңайтқыш жеткізілді. Барлығы 340 мың тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасалды, бұл былтырғыдан 102%-ға көп», деді Марат Иманбайұлы.
Биыл егіс алқаптарына өруі төмен тұқымдар мүлде егілмеген. Барлық егілген тұқымның ішінде 52,5 мың тоннасы – элиталық, 2,5 мың тоннасы – суперэлиталық, 132,7 мың тонна – 1-репродукциялық. Биыл облыс бірінші рет «Тұқым-Қызылжар» атты халықаралық форум өткізіп, оның жұмысына отандық қана емес еуропалық және ресейлік мамандарды қатыстырды. Облыста жерді суландыру мен суару техникаларын қолдану аясы да кеңейіп келеді. 2025 жылы «Елім-ай», «Буденый СК» «Асылфермс» ЖШС ұсынған жобаларға қолдау көрсетіліп, бұрынғы 9,4 мың гектар егіс алаңы енді 11 мың гектар жерге дейін көбейтілді.
Әрине, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту да маңызды міндеттер қатарында.
«Ауыл шаруашылығын қолдаудың маңызды бағытының бірі – техникалық қайта жарақтандыру. 2025 жылы техникаға жеңілдетілген лизинг үшін 250 млрд теңге бөлінді, 12 мың бірлік сатып алу жоспарланып отыр. Екі бағдарлама да таза 5% мөлшерлемемен несие беруді көздейді, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды және субсидия төлемін күтуді қажет етпейді. Бұл – жақсы тәжірибе, оны басқа несие бағыттарына, оның ішінде мал шаруашылығы бойынша да кеңейту көзделген. 25 шілдеден бастап «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы айналым қаражатын қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Оған 50 млрд теңге қарастырылған», деді Аманғали Бердалин.
Қазір облыста 7 мыңдай астық комбаиндары бар, соның 4 мыңдайы – Германия, АҚШ және өзге де елдердің жоғары сапалы техникалары. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес 2025 жылы облыстың техникалық паркі 6%-ға жаңғыртылып, жаңадан 2 290 техника сатып алу көзделген. Соның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдары биыл 32 млрд теңгеге 76 комбаин, 202 трактор, 296 сеялка, 37 егу кешенін және 603 басқа техника сатып алды. Белгіленген жоспар негізінен орындалып, биылғы ораққа 12 мыңдай трактор, 9 мыңдай трактор тіркемелері, 4,5 мың жатка және 5,6 мың жүк автомобильдері қатыстырылмақ. «Қазір барлық техника «Орақ-2025» науқанына кірісу үшін 100% дайындық сапында тұр», деді М.Тасмағанбетов.
Сонымен қатар биыл мемлекет күзгі жиын-терім науқаны үшін диқандарға 58,2 мың тонна дизельді отынды жеңілдетілген бағамен босатқан. Бұл барлық жеткізу, логистика шығындарын қоса есептегенде дизельді отынның бір литрі 254 теңгеден айналады деген сөз. 300 теңгеден артыққа сатылып жатқан нарықтық бағаға қарағанда бұл әлдеқайда төмен. Айта кететін жайт, облысқа бөлінген барлық дизельді отынның 21%-ы, яғни 12,5 мың тоннасы Павлодардың мұнай өңдеу зауытынан жеткізіледі.
Марат Тасмағанбетовтің айтуына қарағанда, кейбір шаруашылықтардың басшылары осынау арзандау дизельді отынға әлі күнге тапсырыс бермеген. «Соның кесірінен келіп тұрған дизельді отынды әлі күнге толық бөле алмай отырмыз» дейді ол.
Диқандар мемлекеттің қолдауына риза
Облыстағы озық шаруашылық басшыларының бәрі мемлекеттің биылғы қолдауына ризашылықтарын білдіріп жатыр.
«Мемлекет осындай қолдау жасап отырса, біз орақты жақсы аяқтап қана қоймай, ерен табысқа жете алатынымызды көрсете білуіміз керек. Солтүстік Қазақстан биыл да рекордттық көрсеткіш жасап, республикада бірінші орын алуымыз қажет. Әйтпесе, ұлан-ғайыр қолдау көмегі босқа кетеді», дейді «Зенченко и К» командиттік серіктестігінің бас директоры, Еңбек ері Геннадий Зенченко.
«Асхат Агро» ЖШС директоры Нағашыбай Барлыбаевтың сөзінше, биыл ауа райы да көп жылдан бері диқандар үшін қолайлы болып тұр.
«Жаңбыры да, ыстығы да уақтылы болды, өкпе жоқ. Тек күзгі жиын-терімде де осындай жайлы күй болуын тілейміз. Былтырғы қарқынды сақтап, биыл да сол көрсеткішті жасауға тырысамыз. Мемлекеттің қолдауы биыл ерекше болды. Шаруашылықтарымыз Есіл, Қызылжар және Мамлют аудандарының аумағына жайылған. Бәрі де 5%-дық өсіммен несие алды. Енді тек Үкіметтің қолдауын ақтауымыз керек», дейді ол.
Бүгінде облыс аумағында астық қабылдайтын 45 элеватор жұмыс істейді. Олардың сыйымдылығы – 3,2 млн тонна. Сонымен бірге кейбір ауыл шаруашылығы құрылымдарының астық сақтайтын қоймалары бар. Олар 6,9 млн тонна астық сақтап, кептіріп отырады. Астық құрғатқыштардың жалпы саны 342, олар сағатына 11,5 мың тонна астық құрғата алады. Биылғы астық шығымының молдығы «Азық-түлік» ҰК» АҚ-қа қарайтын элеваторларға сыймай қалып, былтырғыдай шақырымдарға созылған астық тасушы машиналар кезегі туындай ма деген қауіп бар. Өйткені қазірдің өзінде элеваторлар 27,4%-ға толып тұр. Соның ішінде «Азық-түлік» ҰК» АҚ-қа қарайтын «ХБ-2», «7 Астық қоймалары», «Булаев Астық», «Asyl Elevator» элеваторлары сыйымдылығының 40%-ынан артығына толған. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалиннен орақ науқаны басталғанша «Азық-түлік» ҰК» АҚ өзінің элеваторларын жылдамырақ босату керектігі туралы тапсырма берілуін сұрады. Сонда ғана астықты жылдам өткізуге болады десті семинарға қатысушылар.
Жемшөптің жайы қалай?
Астық негізінен адам үшін болса, жемшөп мал үшін жиналады. Екеуінің де маңызы бірдей, жемшөбің болмаса, малдың да күйі болмайтыны белгілі. Осы мәселені ескеріп, облыс басшылығы аталған жиынның алдында «Дайындық АГРО» ЖШС базасында облыстық «Жемшөп жинау – мал шаруашылығының тиімді негізі» деген тақырыпта семинар өткізді. Мұнда да мамандар тәжірибелерін бөлісіп, әлемдегі озық шаруашылықтардың үлгілерімен танысты.
Облыс аумағында орта есеппен 940 мың тонна шөп, 235 мың тонна пішен, 278 мың тонна сүрлем, 867 мың тонна сабан, 818 мың тонна пішендеме үйілуі керек. Биыл облыс бойынша қыстатуға 287 мыңдай қара мал, 411 мың тұяқ қой-ешкі, 128 мыңдай жылқы қораға тұрады. (Қазір жүргізіліп жатқан ауыл шаруашылығы санағы бұл сандарды нақтылай түсері сөзсіз). Айта кететін жайт, осынша малдың ішінде 110 мың қара мал, 263 мың қой-ешкі, 60,7 мың тұяқ жылқы жекеменшік аулалардыкі. Бүгінге дейін 900 мың тоннадай шөп, 250 мың тоннадай пішендеме үйілген. Бұл белгіленген жоспардың 90%-ы маңындағы көрсеткіш. Қазір шаруалар әрбір сәтті күнді пайдаланып, жемшөп үюмен айналысып жатыр.
Облыстың «Зенченко и К» КС, «Атамекен Агро Корнеевка» ЖШС, «Нежинка Ерке» ЖШС, «Возвышенка СК» ЖШС, «Қызылжар Сүт» ЖШС, «Зелёные Луга» ЖШС, «Тайынша-Астық» ЖШС-ында озат шаруашылықтарында қазірдің өзінде екі қысқа жетерлік жемшөп қоры бар. Бұлар – тауарлы-сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындары бар шаруашылықтар. Бұрын бірнеше рет жазғанымыздай, облыс көлемінде 110 тауарлы-сүт фермасы бар, соның 42-сі – осы заманғы сүт кешендері. Жыл сайын ондайдың бірнешеуі іске қосылып жатады. Сүтті жақсы беру үшін мұндағы малға жемазық уақтылы және сапалы негізде беріліп тұруы керек. Сондықтан шаруашылық басшылары жатпай-тұрмай жемшөп жинауды назардан тыс қалдырмайды.
Облыста жемазық өндіретін бірнеше кәсіпорын бар. Олардың ішінде «Memolux» ЖШС өз өнімдерінің бір бөлігін, атап айтқанда, биыл 21,5 мың тоннасын, «Kazmeal» ЖШС биыл 282,9 тоннасын шетелдерге экспортқа да шығарып үлгерді. Олардың өндірген жемазық ұнын негізінен Қытай шаруалары алады. Осының өзі солтүстікқазақстандық жемазық өндірушілердің бәсекелестікке төтеп бере алатынын көрсетіп тұр.
Облыста жалпы саны 5 арнаулы құрамажем өндіретін кәсіпорын бар, олар жылына 568 мың тонна өнім шығарады. Олардан басқа Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылында «Salar Farm» фирмасы жоңышқа өңдейтін зауыт жобасын қолға алып жатыр. Ол іске қосылғанда жылына 60 мың тонна жоңышқа өңдейтін болады. Биыл облыста жоңышқа өсіретін егіс аумағы 1 460 гектарға дейін ұлғайтылды.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі, халқымыздың әл-ауқаты мен тұрақты негізі екені сөзсіз. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген шаруаларға ел алғысы шексіз.
Солтүстік Қазақстан облысы