Боксшының қанынан тыйым салынған мельдоний заты анықталғаннан кейін оған желтоқсан айына дейін дисквалификация берілген. Бұл жағдай өткен жылы кубалық боксшы Эрисланди Ларамен жоспарланған жекпе-жек алдында белгілі болған.
Қазіргі таңда Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағын сақтап отыр. Оның апелляциясы ұйымның арнайы комиссиясында қаралуда. WBO өкілдері соңғы шешім жақын уақытта қабылданатынын айтып, дисквалификация өзгеріссіз қалуы да, қысқаруы да немесе толық жойылуы да мүмкін екенін мәлімдеді.
Осы уақыт ішінде WBO уақытша чемпиондық титул енгізді. Оны британдық боксшы Дензел Бентли жеңіп алып, басты үміткерлердің біріне айналды. Енді ұйым Бентли мен жоғары рейтингтегі кубалық боксшы Йоэнлис Эрнандес арасында жекпе-жек ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Егер Әлімханұлы апелляцияда жеңіске жетсе, онда WBO оны бірден Бентлимен чемпиондық жекпе-жекке шығаруы мүмкін. Бұл жағдайда Эрнандес келесі міндетті қарсылас ретінде кезегін күтеді.
Айта кетейік, тергеу нәтижесінде Жәнібек Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылғанымен, WBO титулын сақтап қалды.