Руханият • Бүгін, 08:30

Құтты мекеннің тағылымды тарихы

90 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғамыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі, яғни біздің заманымыздың талабы екенін Мемлекет басшысы дұрыс бағамдаған еді. Әдеби тұлғамыздың есімімен облыстың атын атап, дәріптеу – біріншіден, төл әдебиетімізге деген ерекше құрмет болса, екіншіден, халқымызға әлемдік ақыл-ой аламанында қазақ елінің қаражаяу емес екенін дәлелдеу міндетін жүктейді.

Құтты мекеннің тағылымды тарихы

Қасиетті мекенге арнайы сапар шегіп, ардақтыларымыздың табаны тиген, алақанының табы қалған нысандарға зиярат ету бақыты бізге де бұйырды. Көне жәдігерлерін қолмен ұстап, көзбен көрдік. Терең рухани әлеміне ендік. Негізгі уақытымызды «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» деп аталатын Абай облыстық мемлекеттік архивінде өткізуге талаптандық.

Деректерді сөйлетсек, облыстың құрылу тарихы 1854 жылдан бастау алады. Кейіннен ол губерния болып жұмысын жалғастырады. Семей губерниясының территориясы жалпы Францияның жер көлемінен бір жарым есе үлкен болған деседі. 1939–1997 жылдар аралығында өңір – Семей облысы атанып, ал Семей қаласы – облыстың әкімшілік орталығы міндетін атқарды.

Семей тарихы 1718 жылдан бастау алады. Зерттеулер ерте замандарда сауда-саттық пен өндірістің ірі ошағы болғаны туралы жазады. Рухани әлеміне құлаш ұрсақ, әдебиет алыптары Абай мен Шәкәрімнің ізі қалған, тамыр жайып, нәр алған ағарту ошағы. Мұхтар мен Жүсіпбек, Қаныш пен Әлкей секілді ардақтыларымыздың көкірек көзін ашқан білім бұлағының бастауы.

Семей – Алаштың ту тіккен құтмекені. Деректерде шаһардың бір бөлігі «Алаш қаласы» аталып, Алашорданың орталығы болып жарияланғаны дәйектеледі. Райымжан Мәрсеков қол қойған «Алаш қаласы туралы» хатта­мадан 1917 жылғы 29 шілдеде тұрғын­дардың жиналысы өтіп, шешімнің сол жиналыста қабылданғанына көз жеткіземіз. Алаш автономиясының үкіметі – Алашорданың әкімшілік және рухани астанасы болып Ертістің сол жағалауы, яғни Алаш қаласының белгіленгені жөнінде бір-біріне сілтеме жасаған жазбалар аз емес.

Кеңес одағы кезеңіндегі жағдайы мәз болды деуге аузымыз бармайды. 1949–1991 жылдар аралығында 470 ядролық сынақ өткізіліп, 118 жарылыс ауада (1963 жылға дейін), 352 жарылыс жер астында жасалды (1963 жылдан 1991 жылға дейінгі уақытта). Соның салдарынан облыс аумағы ядролық радиацияға толып, халық қасірет шекті. Сәулеге шалдыққан адамдар саны 500 мыңға жетті. Ал қайтыс болғандардың есебіне жету мүмкін болмады.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты Өкілі Херберт Берсток Семей қасіретінің зардабын: «Олардың экономикалық тұрғыдағы келешегі мен ең қымбат деген денсаулығы көптеген ұрпақ бойы қауіп-қатерге байланып отыр», деп көрсетті. Ақын Олжас Сүлейменовтің төрағалығымен 1989 жылдың 28 ақпа­нында «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Қозғалыс біраз бастамаға қозғау салды.

Облыстың Тәуелсіздік жылдарындағы ерекше еңсе тіктеген кезі хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойының тұсы. Архив деректерінен байқағанымыздай, ЮНЕСКО аясында тойланған мерейтойға алыс-жақын шет мемлекеттерден жоғары ла­уазым­ды, абыройлы меймандар шақыры­­­­лып, еліміздің саяси тұлғалары мен зиялы қауымы мүмкіндігінше түгел қа­тыс­­­ты­рыл­ған. Сонымен бірге, Түркия, Германия, Франция, Иран, Аустрия, Чехия, Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінен қазақ диаспораларының өкілдері де арнайы шақырылған. Мерейтой шарапатымен өңірдің даму көрсеткіші де бірнеше салада оңға басқан. Ол кезең Семейдің жеке облыс болып тұрған кезі еді.

1997–2022 жылдар аралығындағы ширек ғасырда Семей облыс орталығы мәрте­бе­сінен айырылып, облыстық маңызы бар қала мәртебесіне ғана иелік етіп қалды. Аймақтың әлеуметтік-эко­но­ми­калық жағдайы құлдырай бастады. Еліміздің Шығысындағы ұлттық һәм мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етудің тиімді жолы осы болғандықтан, жоғарғы биліктің мұн­дай қадамдарға амалсыз барғанын көзіқарақты жандар білуге тиіс.

2022 жылы ел Президентінің Жарлы­ғы­мен Абай облысы қайта құрылды. Құрамына 1997 жылға дейінгі уақыттарда Семей облысына қараған аудандар кірді. Сүйінші жаңалықтан соң, көп ұзамай, Абай облысының жұртшылығымен арнайы кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев енді өңірдің тұрмысы өрге басатынын тілге тиек ете отырып, тұрғындарды тарихи оқиғамен құттықтады. «Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық. Өйткені Абай – ұлт пен жұрт­тың рәмізіне айналған ұлы тұлға. Семей мен Абай – бір-бірінен ешқа­­шан ажырамайтын ұғымдар. Осы мүм­кін­­дікті пайдаланып, баршаңызды Абай облысының құрылуымен тағы да құттық­таймын!», деді Мемлекет басшысы. Сонымен, Қазақстандағы бір облыс әде­биет алыбының атымен аталатын болды. Ел билігінің бұл шешімі ұлт рухын серпілтті.

Жоғарыда әдеби тұлғамыздың есімі­мен облыстың атын атап, дәріптеу, біріншіден, төл әдебиетімізге деген ерекше құрмет болса, екіншіден, халқымызға әлемдік ақыл-ой аламанында қазақ елінің қаражаяу емес екенін дәлелдеу міндетін жүктейді дедік. Бұл міндет Абай мен Абай дәстүрінен айнымаған алыптарымыздың шығармалары арқылы жүзеге асып, олардың мұраларына әуелі өзіміз мақ­та­ныш­пен қарай алсақ қана іс алға баспақ. Елдігімізді өзгелерге дәріптеудің қарапайым жүйесі осы болса керек. Бұл орайда белгілі мақсаттарға жету үшін туристік тактиканың рөлі маңызды деп ой­лаймыз. Қазынасын туризммен қам­пай­туды дәстүріне айналдырған елдер­дің озық тәжірибелерін зерттеп, оны Ота­нымыздың мүддесіне ыңғайлау негізгі тәсі­лі­мізге айналса дейміз. Ойымыз ұғы­нық­ты болу үшін сәл шегініс жасап көрелік.

2017 жыл. Қазақ радиосында қызмет ететін кезіміз. Түркиядағы түрік әріптес­тер­дің шақыруымен бір апта Измир қаласында қонақта болдық. Егей теңізінің жағалауынан Қазақ және «Шалқар» радиоларының эфиріне қосылдық. Бұл алыс-жақын шетелдерден таспасыз, тікелей эфирде көлемді хабар таратудың алғашқы үлгісі еді. Қателеспесек, Қазақ радиосы техникалық қызметінің тікелей эфир қосылымына интернеттің мүмкінідігін тұңғыш пайдалануы. Түріктер теңіз жағалауына көшпелі студия құрып, күні бойы сөйлесеңіздер де өз еріктеріңіз деп, бізге бар мүмкіндікті жасайтынын жеткізді. Қазақстандық делегацияны бастап барған ресми өкіл ретінде неге мұнша шығындалып жатыр екен деп, мән-жайды зерттегендей болдым. Сөйтсек, бұл – айнала қабырғасының бәрі шыныдан жасалған көшпелі студияның ішінде отырып, теңіздің әсемдігі мен табиғаттың сұлулығын айтқан сайын миллиондаған аудиториясы бар қос радиоарнамыздың тыңдармандарын турист ретінде тартуға төте жол екен. Соны сездік те, сол қалада оқитын қазақ балаларын студияға шақырып, сән-салтанаты жарасқан Измирдің әр нысанын айтқан сайын «Қазақстанның Бурабайы да керемет», «Алакөліміз де тамаша», «Түркістанымыздың орны бөлек» дегендей сөздермен ойымызды түйіндеп отыруды студент жастардың аузына салып бергеніміз бар. Елге қайтудан бір күн бұрын ақпарат, мәдениет, туризм салаларына жауапты министр­лер 22 мемлекеттен жиналған радиожурналистерге салтанатты дастарқан жайып, ресми қабылдау өткізді. Бұдан бұл іс-шараның мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылғанын түйсіндік.

Міне, жаңа заманның біздің алды­мызға қойып отырған жаңа талабы да осы сияқты. Еліміздегі туристік нысандар мен тарихи орындардан, сондай-ақ, демалыс аймақтарынан халықаралық және елішілік ақпараттық турлар мен соған ұқсас іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды жолға қою – кезек күттірмейтін мәселе. Ұсынылған жоба ұлы кемеңгеріміздің кіндік қаны тамып, бесігі болып тербетілген, Алаш арыс­тарының ізі қалып, ізгі арманына куә болған Абай облысы мен сырлы Семейді айналып өтпеуге тиісті. «Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет» екенін ескерсек, бүкіл қазақ Абай рухания­тымен кемелденіп, Алаш рухымен айбаттансын десек, бұл үрдіс бірінші кезекте Шыңғыстаудың баурайынан бастау алғаны тарихи әділеттілік деп санаймыз. Себебі бір кездері ядролық сынақ алаңына айналған тағдырлы мекен – ұлттық болмысымыздың ядросы екенін терең түсінер уақыт әлдеқашан жетті. Семейге жасалған шабуыл – ұлттық ядромызға жасалған қиянат, Семейге жасаған жақсылық – ұлттық ядромызға жасаған шарапат екенін түйсіну әр қазақтың қасиетті борышы. Сол себепті, Абай елі (Абай облысы) мен Алаш қаласына (Семейге) саяхаттайтын жұртшылық сайран салуға емес, тұлғалар тағылымынан сабақ алуға, сол арқылы са­уап алуға ниет етуге тиіс. Арыстарымыздың аруағы қонған құтты мекеннің терең тарихына бойлап, тылсым сырына үңілуді мақсат тұтса дейміз.

 

Серік СЕЙІТМАН,

 «Алқа» радиосының бас редакторы