Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 08:50

Ертіс бойындағы еңбек форумы: жұмысшы мамандықтардың жаңа тынысын ашты

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Павлодарда Халықара­лық жастар күні және Жұмысшы маман­дықтары жылы аясында «Жастар болашағы – жарқын Қазақстан» атты республикалық жас­тар форумы өтті. Жиынға еліміздің бар­лық өңірінен 120-дан астам белсенді жас – инженерлер, өнеркәсіп кәсіпорындарының мамандары, IT-технологтер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Ертіс бойындағы еңбек форумы:  жұмысшы мамандықтардың жаңа тынысын ашты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев делегаттарға үндеу жолдап, жастар қоғамның қозғаушы күші екенін атап өтті. Форумға қатысушыларға Президенттің үндеуі LED-экран арқылы көрсетілді.

Мемлекет басшысы жастар форумы өтіп жатқан Павло­дар аймағы ұлт руханиятын байы­туға өлшеусіз еңбек сіңірген көр­некті тұлғалардың мекені деп атап, сондай-ақ еліміздегі өнеркәсіп орталығының бірі әрі ел экономикасын өркендетуге қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар Прези­дент елімізде еңбек адамына әр­дайым ерекше құрмет көр­сетілуі керектігін айтты. Мұны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңыздылығына да назар аударды.

Форум жұмысына Үкімет басшысы­ның орынбасары Ермек Көшербаев пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты. 

– Бүгін мұнда мықты, бәсекеге қабі­летті және технологиялық жағынан да­мыған Қазақстанды қалыптастыратын жас­тар жиналып отыр. Елімізде халық­тың үштен бірі жастар, азаматтардың орташа жасы 32 жасты құрайды және бұл үлес өсіп келеді. Сондықтан Жұмысшы мамандықтар жылын жариялау олардың беделін арттыру және техникалық маман­дықтарды жастар арасында танымал ету үшін маңызды қадам болды. Ел Үкі­меті жастарды қолдау бойынша кешен­ді іс-шаралар қабылдап отыр. Атап айтқанда, студенттік шәкіртақылар екі есе ұлғайды, жаңадан 17 жатақхана салы­нып, шетелдік колледждер мен уни­вер­ситеттердің филиалдары ашылды. «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары іске асырылып, жұмысшы мамандарға арналған жеңілдетілген «Наурыз», «Отау» тұрғын үй бағдарламалары және «Нау­рыз жұмыскер» жаңа жобасы жұмыс істейді. «Болашақ» стипендиясына қайта бағдарлау жүргізіліп, гранттардың кемінде 60 пайызы техникалық маман­дықтарға бөлінеді, – деді вице-премьер.

ф

Суретті түсірген – Есенжол Исабек

Іс-шара барысында бір салада көп жылдар еңбек етіп келе жатқан Павлодар облысындағы еңбек әулеті – Әміреновтер марапатталды. Олар көмір өндіретін кәсіпорында 180 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.

– Еңбекке деген құрмет ұрпақтан-ұрпаққа берілген отбасында өстім. Атам, әкем, ағаларым өмір бойы өңірдің игілігі жолында аянбай еңбек етті. Мен солардың жолын жалғастырып жатқа­нымды мақтан тұтамын. Әрі осы форумда біздің, яғни жас мамандар елімізге қажет екенімізді және оның дамуына өз үлесімізді қоса алатынымызға көз жеткіздім, – дейді еңбек династиясының жас өкілі Ерқанат Әміренов.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірде 80 мыңнан астам адам еңбек ететін 1000-ның үстінде өнер­кәсіп­тік кәсіпорын тіркелгенін, оның 75 па­­йызы жұмысшы мамандық иелері екенін атап өтті.

– Кепілді жұмысқа орналасу, лайық­­ты жалақы, әлеуметтік пакет мәсе­лесін қол­­ға алу арқылы техника­лық ма­ман­дық­­тардың жас мамандары үшін біз нақ­ты жағ­дайлар жасап отыр­мыз. Бүгінгі фо­­рум – бұл күш-жі­герді біріктірудің, жа­ңа идея­лар­мен алмасудың, елдің да­муы­на ық­пал ететін нақты ұсыныстар ен­­гізу­­­дің бірегей мүмкіндігі, – деді өңір басшысы.

Форумға жиналғандар екі күн бойы тәжірибе алмасып, кәсіби өсу жолдарын кеңейтіп, табысты еңбек жолының үлгілеріне қанықты. Отандық өндірісті жаңғырту үдерістеріне жастардың қатысуын күшейту, мансаптық мүм­кін­діктерді кеңейту бағытындағы тақы­рыптық сессиялар, тренингтер, пікірталас алаңдарында көптеген тың және қызықты мағлұматтар айтылды. Жастар Павлодар қаласының әсем жерлерімен, өндірістік кәсіпорындарымен танысып, өздері үшін пайдалы тұстарды көңілдеріне тоқып қайтқаны даусыз.

Жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру – экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам. Ал жұмысшы мамандықтар орындарын дамыту – ел болашағына, оның технологиялық және экономикалық дамуына салынған инвестиция. Бұл ретте Ертістің Павлодар өңірі – өнеркәсібі дамыған аймақ екенін айта кеткен жөн. Ел экономикасының ілгерілеуіне айтарлықтай мол үлесін қосып отыр. Жұмысшы мамандықтары жылында өңірдің атқарушы билігі қарапайым еңбек адамдарын үлгі етіп, жастардың назарын солай қарай бұруға талпынып келеді.

Форумның алғашқы күні өткен пленарлық отырыста Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов заманға сай кәсіптік-техникалық маман­дық­тарды игерген жастарға өндіріс орындарынан сұраныс күннен-күнге өсіп келе жатқанын жеткізді.

– Жастардың техникалық білімге деген сұраныстарын қанағаттандыру үшін отандық құзыретті органдар маңыз­­ды жобалар мен бағдарламаларды үз­бей атқарып келеді. Мемлекеттік қолдау­дан бөлек, көптеген ірі кәсіпорын жас мамандарын қолдап, жеке әлеумет­тік бағдарламадар түзіп жатыр. Мұның барлығы Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың өз орнымен іске асып жатқанын білдіреді. Бұл тұста Павлодар облысы жастар саясатын дамытуда көшбасшылар қатарында екенін айтып өткізім келеді, – деді Е.Кочетов.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко бүгінде облыстық депутаттар корпусының 30 пайыздан астамы жастар екенін атап өтті. Ал өңір бойынша бес саяси партия филиалдарының төртеуін жастар басқарып отыр.

«Халықаралық бағдарламалар орта­­лы­ғы» ЖШС басқарма төрағасы Әділ Құс­­манов, фермер және «Dala Camp» жоба­сының негізін қалаушы Жәні­бек Кенжебаев, Президент жанын­дағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес­тің мүшесі, Павлодар қалалық мәсли­хаты­ның депутаты Гүлзира Атабаева, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, қазақ тіліндегі «Aqyl Battle» зият­кер­лік ойыны­ның әзірлеушісі Айбо­лат Құлатай және басқалары өз тәжіри­белерін бөлісті.

Форум қатысушыларының бірі Алпа­мыс Мерей Өскемендегі «ҚазЦинк» ЖШС-нан келіпті. Айтуынша, Алтай қала­сының Малевский кенішінде кен тиегіш техниканың машинисі болып еңбек етеді. Кәсіпорында 7 жылдан бері жұмыс істейді.

– Бұрын мемлекеттік қызметте, әскер­ге шақыру комиссариатында қыз­мет еттім. Арада біраз уақыт өткен­де өндіріске баруға бел будым. Қазір­гі уақытта бұл шешімімнің дұрыс болғанына көзім жетіп отыр. Еңбекақы­мыз жоғары, жұмыс беруші арнайы киіммен, жұмыс барысында тамақпен қамтамасыз етеді. Жылына екі рет еңбек демалысына жіберіп тұрады. Ең бастысы, өндіріс орнының арқасында екі жоғары білімді игердім. Бірі металлург мамандығы болса, екіншісі – дене шынықтыру педагогі мамандығы. Екеуінің де оқу ақысын кәсіпорын толық өтеп берді. Биыл ұлым бірінші сыныпқа барғалы жатыр, ол үшін де серіктестік қомақты материалдық көмек бергелі отыр, – дейді жас маман.

Ал «ERG» компаниясының Астана қаласындағы бас кеңсесінің сарапшысы, компаниядағы жастар лигасы елордадағы кеңсесінің басшысы Нұржан Әбдікеров жас мамандарды өндіріс орнына тарту және жастар ресурстарын дамытуға қатысты өз ойларын бөлісті. Оның сөзінше, көптеген жастар үшін өндіріс орындарындағы техникалық мамандықтар сұранысқа ие емес.

– Көп жас өндірісте әлі де ескі технология қолданылып, адамдар шаң-тозаңы бұрқыраған, ауыр жағдайда еңбек етеді деп ойлайды. Шын мәнінде, қазір біздің кәсіпорындардың барлығы дерлік жаңа технологиямен жарақталған, озық әдіс-амалдар енгізіліп, қызметкерлері­міз­дің денсаулығы мен өміріне нұқсан келтіретін қауіп-қатерлер барынша азайған. Сондықтан жастарды өндіріс орнымен жиі таныстыруға, өндіріске ерте бастан үйретуге ден қойып отырмыз. Кейбір белсенді жас жұмысшыларды бір күнге учаске басшысы, шебер етіп тағайындап, өзінің мүмкіндігін көрсетуге ерік береміз. Мұндағы мақсат – кадрлық резервті толықтырып, HR қызметті күшейту, ғылыми-техникалық, өндірістік, әлеуметтік жобаларымызға жастарды көбірек шоғырландыру, – деді Н.Әбдікеров.

Форумның екінші күні «Павлодар – жұмысшы мамандықтар аймағы» көрмесі, ал кешке «Ertis Promenade» сахнасында «Жастар FEST» ауқымды жастар фестивалі ұйымдастырылды. Талантты жастар мен танымал орындаушылардың қатысуымен «Open AIR» форматындағы концерттік бағдарлама мыңдаған көрер­мендерді шығармашылық және ашық диалог атмосферасына біріктірді.

Республикалық жастар форумы тек мереке ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қолдауды, кәсіби жандардың тәжірибесі мен жаңа буын ұрпақтың энергиясын біріктірген ауқымды пікірталас алаңына айналды. Мамандар мұндай іс-шаралар елдің кадрлық әлеуетін қалып­тас­тыруға ықпал ететінін, жұмысшы маман­дықтардың беделін арттырып, жас­тар­дың елімізді жаңғыртуға белсенді қатысуына жағдай жасайтынын айтады.

 

Павлодар облысы