Технология • Бүгін, 16:43

Еліміз ЖИ нарығында маңызы бар елге айналуы керек

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 4,8 триллион долларға жетуі – адамзаттың технологиялық даму тарихындағы ең ауқымды серпілістердің бірі болмақ. Бұл – тек ІТ саласының емес, тұтас экономиканың құрылымын, еңбек нарығын, білім беру жүйесін және тіпті мәдениетті өзгертуге қабілетті құбылыс. Осындай қарқынды өзгерістер жағдайында еліміз бұл үдерістен шет қалмауға тиіс.

Еліміз ЖИ нарығында маңызы бар елге айналуы керек

Біз – әлемдік нарықтың бір бөлшегіміз, сондықтан ЖИ саласында болып жатқан кез келген ірі жаңалық еліміздің экономикасы мен қоғамына тікелей ықпал етеді. Әлемдегі технологиялық күштер қазірден бастап ЖИ-ді медицинадан бастап өнерге дейін, өндірістен бастап мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық бағытта қолдануға кірісті. Бұл – еліміз үшін де экономикалық өсімнің, экспортты ұлғайтудың және жаңа мамандықтар қалыптастырудың үлкен мүмкіндігі. «Astana Hub» экожүйесі дәл осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, аймақтық технологиялық хаб рөлін атқаруға қадам жасап отыр. Қазірдің өзінде отандық стартаптар ішінде әлемдік деңгейде мойындалғандары бар. Мысалы, медицинадағы биотехнологияны дамытатын «Arlan Biotech», контент генерациясы бойынша шешімдер ұсынатын «Higgsfield AI» сияқты жобалар біздің елдің ЖИ саласында бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, алдағы он жылда еліміздің басты міндеті – осындай стартаптарға инвестиция тарту, технологияны жергілікті нарыққа бейімдеу және экспорттық бағытты күшейту болуға тиіс. Бұл – елімізге жаһандық ЖИ нарығында өз орнын иеленуге жол ашады. Біз жасанды интеллектінің тұтынушысы ғана емес, өндірушісі, экспорттаушысы болуымыз керек.

ХХ ғасырда Жапония мен Оңтүстік Корея инновацияның алтын дәуірін дер кезінде пайдаланып, технологиялық алпауыттарға айналды. Енді дәл сондай мүмкіндік бізге де беріліп отыр. «Мүмкіндік терезесі» әрқашан ашық тұрмайды. Егер қазір әрекет етсек, еліміз ЖИ нарығында маңызы бар елге айналады.

Данабек Қалиаждаров,

«Astana HUB» бас директорының кеңесшісі, IT-сарапшы