Аймақтар • Бүгін, 08:30

Жастар Ғұмарды жырлады

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Батыс Қазақстан облысында ақын-ағартушы Ғұмар Қараштың 150 жылдығына орай іс-шаралар шоғыры өтіп жатыр. Жақында жас ақындар арасында өткен мүшәйраның нәтижесі шықты.

Жастар Ғұмарды жырлады

Суреттерді түсірген – Мәди Ғұбайдуллин

Жыл басында Ғұмар Қараштың туған жері – Жәнібек ауданы әкімдігі Орал қаласында зиялы қауым өкілдерімен жиын өткізіп, қазақтың көрнекті ақыны, ойшыл, философ, ұлттық баспасөз қайраткері Ғұмар Қараштың 150 жылдығын қалай өткізу жөнінде ақыл­дасқан болатын. Сол бас­қосуда мерейтойлы іс-шараларды мүмкіндігінше ел деңгейіне шығару, барынша насихаттау қажеттігі айтылды. Шын мәнінде Ғұмар Қараштың тұлғасы, оның шығармашылығы мен өмір жолы республикалық деңгейде аталып өтуге әбден лайық екені даусыз ғой.

– Қайта құру, демокра­тия­ның алғашқы самалы есе бастаған кезеңде рухани қазынамыздың қақпағы әлі ашыла қоймаған еді. Ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің арқасында ғана тарихи ақтаң­дақтардың орны тола бас­тады. Ұлы тұлғаларға баса назар аударуға мүмкіндік алдық. Ғұмар Қараштың басты мұрат-мақсаты – ағартушылық арқылы, ұлттық баспасөзді қалыптастыру арқылы да­мы­ған елдермен терезесін теңестіргісі келді. Осы бағытта саналы ғұмырын сарп етті. Біз Ғұмар тұлғасын әсіресе жастар жағына көбірек насихаттауды ұсындық. Соның ішінде жастар арасында облыстық жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырсақ деген ұсынысымызды аудан әкімдігі бірден қолдады. Сол үшін аудан басшылығына рахметімізді айтамыз, – деді мүшәйраның қазылар алқасына төрағалық еткен белгілі қаламгер, Жазушылар одағының БҚО-дағы өкілі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

ақын

Жыр байқауына барлығы 10 жас ақын қатысып, өлең­дерін ұсынған екен. Олардың бәрі де жүлдеден құр қал­мады. Мүшәйраға Жәнібек ауданында туып-өскен, бүгінде Ақмола облысында тұратын кәсіпкер, Бұланды аудандық мәслихатының депутаты Әлішер Кенжеғалиев демеушілік етті. Бас жүлде – 200 мың теңгенің сертификаты жас ақын Жанерке Ғинаятқа бұйырса, екінші орын жүлдесі – 150 мың теңгені Тасқала ауданынан келген Меңдібек Лұқпанов иемденді. Әрқайсысы 100 мың теңгелік үшінші жүлде екі ақынға – Нұрым Ғұмар мен Азамат Бақиевке тапсырылды. Байқауға қатысқан қалған 6 ақын 30 мың теңгеден ынталандыру сыйлығын алды.

– Ғұлама Ғұмарды ұлық­тау – ұлы іс қой. Оның ғұ­мырлы шығармаларын наси­хаттау – әр қазақтың борышы дер едім. Өзімнің туған жерімде осындай ұлы тұлғаның мерейтойы болғалы жатқанда қарап қала алмадым, – дейді мүшәй­­раның бас демеушісі Әлішер Кенжеғалиев.

Айтпақшы, биылғы Ғұмар тойының біраз бөлігін Әлішер сияқты ел арасынан шыққан кәсіпкер азаматтар көтеріп алған. Мәселен, Жәнібек ауданы, Талов ауылының тумасы, Орал қалалық мәсли­­ха­тының депутаты, қазір құрылыс компаниясына жетек­шілік етіп жүрген Жасұлан Ешмұхамбетов те Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығына арналған пьесаға демеушілік етіпті. Нәтижесінде, белгілі қаламгер Нұрлан Сәдірдің қаламынан туған «Ғұмар-ғұмыр» атты драмалық шы­ғарма бүгінде облыстық қазақ драма театры режис­­­­серінің қолына тиіп, жаңа маусымда көрермен назарына ұсынылғалы жатыр екен. Жәнібек ауылында қыркүйек ауылында өтетін республикалық айтыс пен дала қызықтары, ұлттық ойын­­­­дарын ұйымдастыруға да жер­­гілікті кәсіпкерлер барын­ша қолдау көрсеткелі жат­­қанын естідік.

– Көктемде VI облыстық Ғұмар Қараш оқулары аясында «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты шығармашылық байқауын өткізген едік. Бүгін, міне, жас ақындар мүшәй­ра­сын қорытындылап отырмыз. Дегенмен ғұлама атамыз­дың мерейтойына арнал­ған негізгі іс-шаралар қыркүйек айын­да өтеді. Оның ішінде рес­публикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да бар. Ғұмартанушы, өлкетанушы Жантас Сафул­линнің жетекшілігімен жарық көрген «Ғұмар Қараш» үштомдығының таныс­тыры­лымын Астана қала­сын­да өткізуді жоспарлап қойдық. Сондай-ақ «Хабар» телеарнасының қолдауымен Ғұмар Қарашқа арналған деректі фильм түсіріліп жатыр. Жақында түсіру тобы Жәнібек ауданында, Ғұмар Қарашқа тұрғызылған кесене басында болып, халықпен, жергілікті ақсақалдармен кездесті. Біз осындай кешенді іс-шаралар арқылы Ғұмар Қараштың тұлғасын, өмір жолы мен шығар­ма­шы­лығын барынша наси­хаттап, халыққа жақын­дата түсуді жоспарлап отырмыз, – дейді Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов. Жаннұр Бекбауұлының бұл іске жан-тәнімен кіріскені соншалық, жақында дүниеге келген ұлы­ның есімін Ғұмар қойыпты.

Мүшәйраның қазылар алқасы құрамында болған мәдениеттанушы, Қадыр Мырза Әлі атындағы мә­де­ниет және өнер орта­лы­ғының директоры Дәулеткерей Құсайынов жас ақын­­­­дар­­дың Ғұмар тұл­­ға­сына, оның шығар­машы­­лы­ғы мен өмір жолына жете бойлай алмағанын айтады. Бұған олардың шы­ғар­машылығын талдап, ақыл-кеңес беретін әдебиет сын­шыларының жоқтығы да себеп болуы мүмкін. Сон­дық­тан облыстық «Орал өңірі» газетінде жергілікті жас қа­ламгерлерге арналған әдеби сын айдары ашылғалы жат­қанын газет редакторы Бауыржан Файзоллаұлы айтып өтті.

 

Батыс Қазақстан облысы