
Сурет: nazarmedia.kz
Орта білім беру сапасын көтеру аса ауыр жұмыс екені белгілі. Қандай болсын күрделі жүйенің сапасын көтеру үшін алдымен оның жүйе құраушыларын табу керек. Солардың сапасын ғылыми негізде көтере алған жағдайда ғана жүйе сапасы жақсарады.
Ұзақ жылдар бойы жүргізген отандық және әлемдік тәжірибелерді зерттеу нәтижесінде орта білім беру жүйесінің 8 жүйе құраушысы анықталды. Олар: білім стандарттары мен оқу бағдарламалары, оқу әдебиеті, педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі, білім беру сапасын бағалау, рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, ғылыми зерттеу жұмыстары, басқару жүйесі, материалды-техникалық база.
Осы 8 құраушыны мұқият қарасақ, онда олардың ішіндегі, білім стандарттары, оқу бағдарламалары мен оқу әдебиетінен, басқа 6 құраушының сапасын, мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарымен бірге, мектеп пен аудан білім мекемелерінің ішкі резервтерін пайдалана отырып, қосымша көтеруге болады. Осы негізде оқушылардың білім сапасы арта түседі.
Мысалы, мектептерде жүйелі түрде жұмыс істей отырып, белгілі бір сыныптарда сабақ беретін мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдірудің көптеген тетігін тиімді пайдаланып оны көтеруге, балалардың білім сапасын дұрыс анықтауға қол жеткізуге, рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие берудің тиімді жолдарын қарастыра отырып, тәрбие сапасын арттыруға, балалардың білімге, ізденіске деген қызығушылықтарын оятып, талаптандыра білуге, мектепте және сол сыныптарда жақсы басқару жүйесін қалыптастыруға, шама келгенше материалды-техникалық база сапасын көтеруге болады. Осындай жұмыстар сол сыныптарда оқитын оқушыларға қатысты жүйелі түрде жүргізілетін болса, онда олардың білім сапасы көтеріледі.
2018–2019 және 2019–2020 оқу жылдары Түркістан облысының 4 ауданында 40 мектеп 3 мыңнан астам оқушы және 400-ге жуық мұғалім қатысқан көлемді эксперимент жүргізілді. Ол оң нәтиже берді, оған қатысқан оқушылардың білім сапасы, оған қатыспаған оқушылардың білім сапасына қарағанда, әр сыныпта әр пән бойынша салыстырмалы түрде 4,5%-дан 8,1%-ға дейін көтерілді. Пандемия жағдайына байланысты бұл жұмыстар тоқтап қалды.
Осы экспериментке қатысқан біраз мектеп сол кезде атқарған жүйелі жұмыстарын өз еріктерімен жүргізе берді. Соның бірі – Ордабасы ауданының Ынтымақ мектебі. Сол кезде экспериментік сыныпта оқып 2023–2024 оқу жылында мектеп бітірген 41 оқушының 29-ы грантпен жоғары оқу орнына түсті. Бұл – жақсы көрсеткіш.
Өткен 2024–2025 оқу жылында, Түркістан облысы әкімдігінің шешімімен арнайы бағдарлама қабылданып, бұл жұмыс өз жалғасын тапты. Оған Төлеби ауданынан 16 мектеп, Отырар және Ордабасы аудандарынан 7 мектептен, жалпы 30 мектеп алынды. Осы мектептерден 1-сыныптарда оқитын 1 620 оқушы мен оларға сабақ беретін 92 мұғалім, 2-сыныптан – 1 607 оқушы мен 284 мұғалім, 5-сыныптан – 1 649 оқушы мен 482 мұғалім, бағдарламаға жалпы – 4 876 оқушы мен 482 мұғалім тартылды.
Бағдарламаның тұжырымдамасы мен кешенді жұмыс жоспары жазылып бекітілді, сол негізде барлық аудан мен мектеп өз жоспарларын жасап бекітті. Жыл бойы осы жоспарға сәйкес аудан, мектеп ұжымдары жүйелі түрде жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде, мұғалімдердің кәсіби біліктілігі артып, оқушылардың білім беру сапасын бағалау жүйесі жетілдірілді.
Осындай нәтижелерге қол жеткізу негізінде, 2-сыныптарда оқитын 1 607 оқушының білім сапасы, осы бағдарламаға қатыспаған сынып оқушылардың білім сапасына қарағанда, салыстырмалы түрде 3,47%-дан 7,7%-ға дейін, ал 5-сыныптарда оқитын 1 649 оқушының білім сапасы – 2,5%-дан 3,87%-ға дейін көтерілді. Бұл – жақсы көрсеткіш.
Біз, бір сыныпта оқитын 1 мың баланың білім сапасын көтеруге қолданылған әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, басқа да мыңдаған балалардың білім сапасын көтеруге болады деп есептейміз.
Біздің болжамымызша, білім сапын көтеру жұмыстары осы әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып 1-сыныптан бастап жүргізілетін болса, онда оқушылардың білім сапасы 60-80%-ға дейін артады.
Алдағы қараша айында Түркістан облысының Төлеби ауданында осы жұмыстардың нәтижесін талқылауға арналған республикалық ҒПК өткізілетін болады, оған еліміздің педагог кадрлары қатысады деп ойлаймыз.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор