Пікір • Бүгін, 09:55

«Келешек мектептері»: тәуекел мен мүмкіндік

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз Тамыз конференциясы аясында бір апта бойы оқуда болдық. Жаңа оқу жылында «Келешек мектептерін» күтіп тұрған міндет те, жаңалық та, өзгеріс те көп.

«Келешек мектептері»: тәуекел мен мүмкіндік

Жалпы, «Келешек мектептерін» еліміздегі орта білім саласының зертханасы, тәжірибе жасау алаңы деуге болады. Өйткені білім жүйесіне енгізілетін өзгерістер мен жаңалықтардың барлығы алдымен «Келешек мектептерінде» апробация­дан өткізіледі. Негізінен «Келешек мектептерінің» кәдімгі мектептерден аса бір айырмашылығы жоқ, басты ерекшелігі – материалдық базасы мен жабдықталуында. Кәдімгі мектептерге қарағанда «Келешек мектептеріне» 30 пайызға кең аумақ қарастырылған, жабдықталуы төрт есе жоғары. Мысалы, арнайы жаб­дықталған пән кабинеттері, кітапхана, демалыс аймақтары, би залы, бас­тауыш сыныптарға бөлек, жоғары сыныптарға бөлек спорт залдары бар. Десе де оқу жүйесі барлық мектепте бірдей, бәріне ортақ бір стандарт, бір бағдарлама бойынша жұмыс істейміз. «Келешек мектептері» – қандайда бір әлеуметтік, экономикалық ерекшелігіне, ауылда, я қалада тұратынына қарамастан, кез келген оқушыға қолжетімді жайлылық, барлығына тең жақсы жағдай жасаудың көрсеткіші. Бұл – лицей де, гимназия да, дарынды балаларға арналған оқу ошағы да, зияткерлік білім ұясы да емес, жалпы білім беретін мектеп.

«Келешек мектептеріне» директорлар конкурспен қабылданады, бірақ «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының түлектері директор қызметіне бірінші кезекте конкурссыз қабылданады. Мен де сол жобаның алдыңғы жылғы түлегімін, бірнеше кезеңнен өтіп, 1000 көшбасшының бірі болдым. Ал «Келешек мектептеріне» мұғалімдер­ді жұмысқа алудың екі жолы бар, біріншісі – конкурс арқылы тұру, екінші ретте арнайы тестілеуден өткен, Оқу-ағарту министрлігі жасақта­ған педагогикалық мамандықтарды бітірген үздік түлектердің базасындағы жас мамандар қабылданады. Бұл – «Келешек мектептеріне» ғана беріле­тін мүмкіндік.

 

Бекарыс СЕРІКҚАЛИ,

Ақтау қаласындағы №32 жалпы білім беретін келешек мектебінің директоры