Сұхбат • Кеше

Тоғызқұмалақ – ойын ғана емес, ұлттың рухани қазынасы – Мақсат Шотаев

260 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұлттық ойындарымыздың ішінде тоғызқұмалақ бүгінде әлемнің 30-дан астам елінде кеңінен танымал. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық мұрасы, ой мен зердені шыңдайтын зияткерлік мектеп. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тоғызқұмалақтың дамуына жанашырлықпен атсалысып келе жатқан аға жаттықтырушы, осы саланың көрнекті өкілдерінің бірі Мақсат Шотаевпен Спорт күні қарсаңында сұхбаттасқан едік.  

Тоғызқұмалақ – ойын ғана емес, ұлттың рухани қазынасы – Мақсат Шотаев

Тоғызқұмалаққа қалай келдіңіз және жаттықтырушы болуға не себеп болды?

– 1991 жылы Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, руханият, ұлттық спорт туралы мақалалар, сұхбаттар көптеп жариялана бастады. Әсіресе, Несіп Жүнісбаев басқаратын спорт газетінде ұлттық ойындар туралы көп ақпараттар берілді. Оcындай мақалалардың бірінен тоғызқұмалақ туралы оқып, қызығушылығым оянды. Тақтасын алып, ережелерін меңгеріп, тәп-тәуір шұғылдана бастадым. Бірақ бастапқыда тек әуесқойлық деңгейде айналыстым. 1997 жылы Президент жүлдесіне арналған халықаралық жарыс болды. Сол жарыста көрген әсерім, болашақта тоғызқұмалақ әлеміне қадам басуыма жол ашты. 

– Ұстаздарыңыз немесе сізге бағыт берген тұлғалар кімдер болды?

– Менің тоғызқұмалақ жарыстарына баруыма әсер еткен ұстазым Жақсылық Тұрғамбаев болды. 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының іріктеулеріне қатысып, республикалық чемпионаттарға жолдама алдым. Жақсылық аға іріктеудің бәрін әділ өткізетін. Мен бастапқыда іріктеуден өте алмай жүрсем де, кейін жақсы дайындалып, командалық чемпионатқа жолдама алдым. Жақсылық ағай жеңілсең жігер беріп, моралдық-психологиялық тұрғыдан керемет қолдау жасайтын.

Тілеу Құдияров ағайым тоғызқұмалақтың теориясын керемет білетін. Ойынның ішкі заңдылықтарын шебер меңгерген. 1998-99 жылдары тоғызқұмалақ бастамаларын үйретіп, ойын ортасынан ойын соңына ауысу ерекшеліктерін практикалық тұрғыдан көп талдайтынбыз. Осы жылдардағы дайындақтар кейінгі жетістіктеріме көп әсер етті.

Ең алғашқы үлкен жеңісіңізді қалай еске аласыз?

– 1999 жылы Шымкент қаласында «Жас Алаш» газетінің жүлдесіне арналған халықаралық жарыс болды. Осы жарысқа тыңғылықты дайындалып келдім. Ол кезде қырғыз ағайындардан озып шыққан Н.Имакеев, Қ.Қасымов сияқты ойыншылар біздің елдің спортшыларын ұтып кететін. 1997 жылы Н.Имакеев Қазақстанда өткен Президент жарысының жеңімпазы болды. Мен ол кезде әлі жекелей жарыстарда жеңімпаз болмаған едім, сондықтан барымды салуға тура келді. Тәңір жар болып, барлық қарсыластарды ұтып, бас жүлдені жеңіп алдым. Жүлдеге видеомагнитофон берді. Ол кезде мұндай дүние екінің бірінде жоқ еді. Осы жарыстан кейін өзіме деген сенімділік артып, көптеген жарыстарды жеңіске жете бастадым.

Қазақстанда тоғызқұмалақтың қазіргі даму деңгейін қалай бағалайсыз?

– Қазіргі кезде тоғызқұмалақ елімізде танымал спорт түріне айналды. 2005 жылдары бұл спорт түрін танитындар саны қазіргі ойнайтындар санымен шамалас еді десем артық айтқандық емес. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әлихан Бәйменов тоғызқұмалақтың танымалдылығының артуына ерекше еңбек сіңірді. Ел Федерациясын 20 жылдан астам басқарып, ұлттық ойындардың ішінде Қазақстан бойынша 1 орынға көтерді. Бұл жерде ҚР Туризм және Спорт Министрлігі, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы, Облыстық спорт басқармаларының да сіңірген еңбектері ерекше. Қазіргі кезде елімізде танылған олимпиадалық спорт түрлерін қосып есептегенде тоғызқұмалақ алғашқы ондықта тұр.

Бұл спорт түрінің шетелде танымалдығы қандай дәрежеде?

– Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы 2008 жылдан бастап құрылып, бүгінге дейін 7 әлем чемпионатын және 6 Азия чемпионатын өткізді. Тоғызқұмалақ Көшпелілер ойындарының бағдарламасына енгізілді. Көптеген елдерде федерациялар мен ассоцациялар ашылып, ұлттық ойынды дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Өткен жылы Латын Америкасының 9 елі бірігіп, құрлықтық федерация ашты. Биыл Оңтүстік Кореяда Федерация құрылды.  Әлемнің 30-дан астам елінде жергілікті тұрғындар тоғызқұмалақпен шұғылданып жүр. Толымды істер атқарылып жатқанымен, тоғызқұмалақты шет елдерде дамыту үшін әлі көптеген жұмыстар атқару керек. Тоғызқұмалақ кітаптарын шет тілдеріне аудару; Біріккен оқу-жаттығу ұйымдастырын өткізіп, шетелдердегі әріптестердің сапалық деңгейін арттыру; Халықаралық жарыстарды ұйымдастыруды бір ізге түсіріп, көптеген елдердің қатыса алуын қамтамасыз ету; Тоғызқұмалақтың бәсекелеріне толымды жүлделер тігу. Осы мәселелер шешілсе, тоғызқұмалақ әлемдік брендке айналады.

Тоғызқұмалақты жастар арасында насихаттаудың ең тиімді жолдары қандай?  Жаңадан үйреніп жүргендерге қандай алғашқы кеңес берер едіңіз?

– Тоғызқұмалақты жастар арасында насихаттаудың тиімді жолы – жарысты көбірек өткізу. Ұлттық ойынның маңызы мен артықшылығы туралы құрғақ үгіттен гөрі тәжірибелік тұрғыдан спортшының өзі сезінуі әлдеқайда пайдалы. Қазіргі кезде жастар тоғызқұмалақ мамандығын меңгеріп, үстел үсті ойындары бойынша жаттықтырушы біліктілігін ала алады.

Жаңадан үйреніп келе жатқан жас талап ұлттық ойынға құштарлықпен келу керек. Өзіндік қабілеті осы ойынды ойнауға, ары қарай бапкер немесе ойыншы ретінде жалғастыруға деңгейі толық жететінін пайымдап алуы керек? Өйткені тоғызқұмалақтың заңдылықтары мен теориясын меңгеру қажымас қайрат пен ұзақ ізденіс, жаттығуларды талап етеді. Бұл жерде спортшының психологиялық дайындығы да маңызды рөл атқарады. Бізде қазіргі кезде Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының спортшылары жақсы өнер көрсетеді де, Атырау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарының спортшыларының көрсеткіші төмен. Неге? Ол сол облыстың бапкерлерінің тоғызқұмалаққа деген көзқарасына байланысты. Мысалы, Павлодар облысының спортшылары әр жарысқа кәсіби түрде дайындалады. Маңызды жарыстарды жібермей, сол жарыста ойналған ойындарды талдап, әр жаңалықты біліп отыру бұл жетістікке апаратын жол.

Жаттығу кезінде есте сақтау мен логикалық ойлауды дамыту үшін қандай әдістерді қолданасыз? Ойыншылардың стратегия құру қабілетін қалай жетілдіресіз?

– Менің жаттықтыру әдісімнің бірінші ерекшелігі – жеке тұлғаның өзіндік логикалық ойлауын қалыптастыру. Өз бетінше ойлау, шешім қабылдау үшін мен ойын соңындағы есептерді шешуді ұсынамын. Ол тапсырмалардың өзі жан-жақты түрленеді. Тоғызқұмалақтың этюдтері мен есептерін уақытқа шешу – бұл жарыс сипатын елестетіп, ойыншының ерік-жігерін шыңдайды. Комбинация элементтерін меңгеру – терең шығармашылық құбылыс. Көп спортшылардың жарыста табысқа жете алмауының сыры – комбинаториканы меңгермеуі. Олардың жиі жіберетін қателігі неде? Ол комбинация элементтерін жаттауы. Егер сіз барлығын есте сақтау қабілетіне сеніп жаттауға тырыссаңыз, ойын барысында шатасып кетесіз. Ал комбинацияны ойын заңдылығына сәйкес, өзіңіз жасасаңыз, онда ол сіздің сенім қуаттылығын арттырумен қатар, тоғызқұмалақ теориясын терең түсінуге де септігін тигізеді. 

Екінші, тоғызқұмалақ ойынындағы жеңіске жетудегі тағы ұстанатын қағидам – стратегияны дұрыс құру. Ойыншы тоғызқұмалақтың ішкі заңдылықтарын терең меңгергеннен кейін, бастамадан бастап ойын соңына дейінгі аралықты бір-біріне үйлестіріп, жеңіске жету жолын іздеу керек. Қандай ойынды қандай тәсілмен жеңем деген сұрақтың жауабын іздеу қажет. Стратегия құру тұрғысында – үй дайындығының маңызы ерекше.

Халықаралық жарыстардағы ең есте қалған сәттеріңіз қандай?

– 1999 жылы «Жас Алаш» жарысын атағы беймәлім, елде танылмаған спортшы ұтқаннан кейін, көбі кездейсоқтық деп бағалады. Сондықтан келесі жылы осы жетістікті қайталауға мақсат қойдым. 2000 жылы «Жас Алаш» жарысы алдыңғы жарыстан да тартысты болды. Мен осы жарыста мүмкін болған 9 ұпайдың 9-ын да жинап, жеңімпаз атандым. Сол жарыста шәкіртім Маржан Наукенова чемпион болды. Ұстаз бен шәкірттің жеңіс тұғырына қатар тұруы – есімде ерекше қалды.

Екінші есімде қалған оқиға 2009 жылы Президент жүлдесіне арналған халықаралық жарыс. Сол жарысқа көлік тігілді. Мен 30 мамыр күні Лондонда Еуропа қазақтарының құрылтайында тоғызқұмалақ семинарын өткізіп, жарысқа дайындықсыз келдім. Бірақ қасымда отбасым қолдаушы топ ретінде келген. Сонда олардың алдында жерге қарап қалмайын деп, күннің ыстығына қарамастан, таң атпай тұрып, барлық қарсыластарымның ойындарын шолып, өз стратегиямды әр қарсыласқа жеке құрып, сол жерде қалпына келу шараларын өткіздім. Сол дайындықтардың барлығы бекерге кетпей, жеңімпаз болдым. Қызылорда облысының әкімі қолынан су жаңа көлік алып, оны әкеме сыйладым.

Сіздің шәкірттеріңіздің арасынан әлемдік деңгейде жетістікке жеткендері бар ма?

– Менің алғашқы Түркістан облысында дайындаған шәкірттерімнен бастап, қазіргі кездегі Астанада дайындаған ізбасарларымның барлығы жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Тұңғыш әлем чемпионы Ғ.Темірбаев, спорт шеберлері Е.Нұрханов, Н.Қонарбаев тек спортшы емес, өздері де шәкірт дайындап, әрқайсысы жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Астана қаласының намысын қорғап жұрген халықаралық шеберлер Г.Базаралиева, Қ.Есіркеп, Б.Зікірияев, Е.Әуелбай, А.Манарбекұлы және тағы басқалар туралы ауыз толтырып айтуға болады. Бұлардың барлығы отызға толмаған өрімдей жас болуымен қатар, осы ойынды жандарына-армандарына серік етіп келе жатыр. Тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейде танылуына ерекше үлес қосады деп ойлаймын. Бұл шәкірттерімнің соңғы 1 жылдағы жетістіктерінің өзі ерекше. Ғ.Темірбаев Абай атамыздың 180 жылдығында көлік ұтса, Г.Базаралиева – 2025 жылдың шілде айында өткен Әлем кубогінің жеңімпазы. Қ.Есіркеп, Б.Зікірияев, Е.Әуелбай – Көшпелілер ойындарының 2024 жылғы тоғызқұмалақ ойындарының жеңімпаздары, Ерен Еңбек медалінің иегерлері. «Ұстаздан шәкірт озар деген». Бұл шәкірттерім тек менің ғана емес, халықтың ықыласына бөленген терең ойлы спортшылар.

Жуырда Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллектпен тоғызқұмалақ ойнау мүмкіндігі пайда болды. Сіз мұны қалай бағалайсыз?

Бұл – үлкен жаңалық. Жасанды интеллектпен ойнау спортшыларға дайындықтың жаңа деңгейін береді. Жаңа комбинациялар табуға, логикалық ойлауды шыңдауға көмектеседі. Сонымен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінен қарсылас табудың тиімді жолы. Бұл жаңалық тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейде танылуына серпін береді деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рақмет!