Экономика • Бүгін, 14:30

Интерпол көмегімен шетелге шығарылған активтер іздестіріледі

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміз енді шетел асқан заңсыз активтерді іздеуде жаңа құралды пайдалана бастады, деп жазады Egemen.kz.

Интерпол көмегімен шетелге шығарылған активтер іздестіріледі

Бас прокуратураның мәліметінше, Интерполдың көмегімен активтерді іздеу және қайтарудың жаңа тетігі енгізіліп, елімізге алғашқы «күміс хабарлама» жолданған.

Бұл хабарламаның мәні зор. Тек адамды емес, заңсыз шығарылған қаражат пен мүлікті де халықаралық деңгейде іздестіре алады.

«Аталған құрал Интерпол тізіміндегі 196 мемлекет арасында заңсыз иемденген активтер жайлы ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Ол жылжымайтын мүлік пен қаржы айналымы туралы деректерді бақылауға жол ашады», делінген Бас прокуратура хабарламасында.
 
Бұған дейін Интерпол негізінен қылмыскерлерді, яғни іздеуде жүрген тұлғаларды тіркеумен шектелсе, енді бұл механизм активтерге де қолданылады. Яғни, қашып кеткен қаржыны, жасырылған мүлікті, офшордағы қаражатты бақылауға алуға болады.

Қазақстандағы Активтерді қайтару комитеті бұл пилоттық жобаға өткен жылы қосылып, Интерполдың арнайы жұмыс тобына мүше болған. Қазір топ құрамында Ұлыбритания, Испания, Италия, Катар, Қытай, Кувейт, Нидерланды, Польша, Португалия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Франция, Швеция сынды 50 ел бар.

Еске салсақ, 2022 жылдан бері Қазақстан заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісін қолға алған. Үш жылдың ішінде мемлекетке 1 трлн 130 млрд теңгеден астам қаржы мен мүлік қайтарылды. Қаражаттың басым бөлігі БАӘ, Түркия, Австрия мен Лихтенштейннен жеткізілген.