Парламент • Бүгін, 17:47

Егіндікөлді сумен қамту Мәжіліс депутаттарының бақылауында

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының Егіндікөл ауданының тұрғындары Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинскаяға ауыз судың мәселесіне, жолдардың нашарлығына және ауылдағы жолдардың су астында қалуына қатысты шағымдарын жеткізді. Өз кезегінде мәжілісмен суға қатысты жобалардың іске асырылуына бақылауды күшейтуге уәде беріп, Нұра топтық су құбырын жаңғыртуға арналған кеңес өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Егіндікөлді сумен қамту Мәжіліс депутаттарының бақылауында

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Жергілікті тұрғындармен кездесуден соң Юлия Кучинская орталық және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен Ақмола облысындағы сумен жабдықтау мәселелеріне арналған кеңес өткізді. 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы мен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басты міндеттің бірі.

«Сапалы ауыз суға қол жеткізу – әрбір азаматтың заңды құқығы, бұл артықшылық емес, өмірлік қажеттілік. Егіндікөл ауданында көп жылдан бері қордаланған мәселе партиямыз бен мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысының арқасында шешімін табуда. Біздің басты міндетіміз – мәселені уақтылы шешіп, әрбір ауыл мен әрбір үйді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету», деді депутат.

вв

Облыстың үш ауданын ауыз сумен қамтып отырған Нұра топтық су құбырының жай-күйіне ерекше назар аударылды. Бұл нысан жылдар бойы халықты әбігерге салған басты мәселенің бірі болып отыр. Тұрғындардың «AMANAT» партиясына жасаған өтінішінен кейін құбырдың қайта жаңғыртылуы ерекше бақылауға алынды. 2023 жылы ауқымды жұмыс қолға алынып, 2024 жылдың шілдесінде оның маңызды кезеңі аяқталды. Нәтижесінде Сабынды ауылынан Егіндікөлге дейінгі 68,5 шақырымдық бөлік қайта қалпына келтірілді. Бұл ауданның едәуір бөлігін сумен қамтуға мүмкіндік берді.

Биылғы жылы су нысандарын жөндеуге, сорғыларды, ысырмаларды және су өткізетін құбырларды ауыстыруға, есептегіш құралдарды орнатуға қаражат бөлінді. Егіндікөл және Полтавка ауылдарында су мұнаралары жөнделмек. Ал Абай, Жұлдыз және Жалманқұлақ ауылдарында суды тазартуға арналған блок-модульдер орнатылады. Бұл шаралар халыққа санитарлық талаптарға сай қауіпсіз ауызсу жеткізуге мүмкіндік береді.

2025 жылы кемінде 80 ауылды ауыз сумен қамту жоспарланған. Осылайша жалпы саны 148 ауыл таза ауыз суға қол жеткізетін болады. Сонымен қатар Көкшетау, Қосшы, Макинск және Ерейментау қалаларында және ауылдық округтерде жобалар іске асырылуда. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен, арнайы мемлекеттік қордан және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Тек 2024–2025 жылдары әртүрлі қаржы көздерінен 20 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Қазіргі таңда Ақмола облысында орталықтандырылған сумен қамтудың көрсеткіші қалаларда – 99%, ауылдарда – 96,6%-ды құрап отыр.

Айта кетейік, жуырда қабылданған Су кодексін әзірлеуге Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары бастамашы болды. Кодекс су шаруашылығы кешенін жаңғыртуды, ресурстарды тиімді пайдалануды және барлық қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ құжат қосымша бақылау тетіктерін енгізіп, жұмыстың белгіленген уақытында аяқталмауы мен сапасыз орындалуы үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтеді.