
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде үй жануарлары қауіпті ауруларының жаңа ошақтары санының тұрақты төмендеу үрдісі байқалады. Жыл басынан бері 8 түрлі ауру бойынша 58 ошақ анықталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,4%-ға аз.
Биологиялық қауіпсіздік деңгейінің артуы отандық агроөнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге тікелей әсер етті. 2024–2025 жылдары ҚХР, Ресей, Беларусь, Армения, Түркия тарапынан қойылған шектеулер алынып тасталды. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (ТЖК, АШО, ЖПҚТ, аусыл) бойынша халықаралық мәртебелер берілді. Еуропалық одақ, Грузия, Иран, Ирак, Әзербайжан, Қытай нарықтарына жол ашылды. Екіжақты ветеринарлық сертификаттарға қол қойылды. Жапония, Корея, БАӘ, Канада және Ұлыбританияны қоса алғанда тағы 15 елге шығу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұл нәтиже жануарларды вакцинамен және диагностикумдармен қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шараларды енгізудің арқасында мүмкін болды. Алдағы жылдары ветеринарлық зертханалардың материалдық-техникалық базасын ауқымды түрде жаңғырту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылығы жануарларын АШЖБ жүйесінде тіркеу мәселесі әлі де өзекті. Мал басын толық цифрландыру мен эпизоотиялық жағдайды бақылау сапасын арттыру мақсатында Серік Жұманғарин АШМ-ге әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы санақтары кезінде нақты шаралары бар жол картасын жедел әзірлеуді тапсырды.
«2023 жылдан бастап еліміз вакцина мен диагностиканың отандық өндірісін ұлғайтуда. Отандық препараттардың үлесі 68%-дан 82%-ға дейін өсті. Елде сатып алынатын 22 вакцина атауының 18-і өзімізде шығарылады», деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Осы жылдан бастап зертханалық базаны жаңғырту басталды. Алдағы екі жылда республика бойынша жабдықты жаңарту толық аяқталмақ. Биыл Ұлттық ветеринария референттік орталығы мен Республикалық ветеринарлық зертхананың жабдықтары жаңартылмақ.
Жиында ветеринарлық қызмет мамандарының мәртебесін арттыру мәселесіне де назар аударылды. Бүгінде өңірлерде 373 ветеринар дәрігердің орны бос тұр, аумақтық инспекцияларда тағы 185 вакансия бар. Бұл ретте, жиында атап өткендей, тіпті 1 млн теңге көлеміндегі еңбекақы да мамандарды тартуға әрдайым мүмкіндік бермей отыр.
Мамандықтың тартымдылығын арттыру үшін ветеринарлардың жалақысын көтеру көзделген. Бұған қоса, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп кешенді шаралар әзірленіп жатыр. Олар:
- ветеринария мамандықтары студенттерінің стипендияларын арттыру; 2026–2029 жылдары грантқа қабылдауда өту балын кезең-кезеңімен көтеру;
- ауыл жастарына және шағын қала тұрғындарына арналған квоталарды кеңейту;
- салалық пәндер тізбесін жаңарту мен ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын нығайту;
- квоталанған гранттарды бөлу тәртібі мен мерзімдерін жетілдіру;
- мемлекеттік грант есебінен оқығандар үшін ауылдық жерде кемінде 3 жыл міндетті жұмыс істеу талабын енгізу.
Сондай-ақ жиында шегірткеге қарсы күрес нәтижелері қаралды. Биылғы қорғау іс-шаралары 2,7 млн гектар аумақта жүргізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мың гектарға аз. Жұмыс толық аяқталды, ауыл шаруашылығы дақылдарына шегірткенің зияны тиген жоқ.