Медицина • Бүгін, 15:43

Алматыда иығы 13 рет шыққан науқасқа күрделі ота жасалды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухананың ортохирургия бөлімшесінде заманауи артроскопия әдісімен күрделі ота жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда иығы 13 рет шыққан науқасқа күрделі ота жасалды

Бөлімше меңгерушісі Арнат Байзақовтың айтуынша, артроскопия кішігірім тіліктер арқылы зақымы аз шағын ота жасауға мүмкіндік береді. Осындай озық технологияның арқасында буынның бүлінген бөліктерін барынша зақымдамай қалпына келтіруге болады. Әрі мұндай әдіспен жасалған отадан кейін науқастың да денсаулығы қалпына тез келеді.
Ал ота жасатқан науқасқа келсек, 19 жастағы пациент бір жарым жыл бұрын құлап, иығын жарақаттап алған. Дәстүрлі ем-домнан нәтиже болмаған, бірақ жас жігіт ортохирургтердің көмегіне жүгінуге асықпағандықтан, жігіттің иығы осы уақыт ішінде 13 рет шығып үлгерген.

«Диагностика барысында науқастың иығы шығып, иықтағы сүйектің басы сынғаны, жауырын мен буын ернеуі зақымданғаны анықталды. Әдетте мұндай диагноз қойылған жағдайда операция ашық әдіспен жасалады. Бірақ сырқаттың анамнезін, жасын, спортпен шұғылданатынын ескере отырып, шағын инвазивті техниканы қолдану туралы шешім қабылданды»,  дейді Арнат Байзақов.

Хирургтер бірден екі операция жасады. Біріншісі: алдыңғы сіңір ернеуін қалпына келтіруге бағытталған Банкарт отасы. Екіншісі: иық буынының артқы бөлігін бекітуге арналған ремплиссаж деп аталатын операция. Операциялар МӘМС қаражаты есебінен жасалды. Ауруханадан шыққан соң пациент 6 айға дейін реабилитациядан өтуі тиіс.

«Бұрын мұндай оталар үлкен тілік арқылы, ашық әдіспен жасалатын. Салдарынан асқыну қаупі артып, қалпына келтіру мерзімі де ұзаратын, бұл жолғы операцияның бірегейлігі де осында», дейді маман.

Қазіргі заманғы артроскопия ота барысында болатын зақымдану мен инфекцияның алдын алуға, оңалту процесін тездетуге мүмкіндік береді. Себебі қолданылатын бейнекамералар дәлдікті арттырады, ал, өздігінен ыдырайтын биоимплант уақыт өте келе сүйек тінімен араласып кетеді. Яғни, қайта ота жасауды қажет етпейді.

«Ота кішігірім тесіктер арқылы жасалды. Бірақ нәтижесі ашық операциядан кем емес және мұнда науқас өміріне, денсаулығына төнетін қауіп едәуір азаяды. Заманауи бекіткіштер мен импланттар отаның қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырады», дейді Арнат Байзақов.