
– Алматының «Түркі әлемінің Жастар астанасы» атануы Қазақстан үшін қандай тарихи және саяси маңызға ие деп ойлайсыз?
– Алматыға «Түркі әлемінің Жастар астанасы» мәртебесінің берілуі бұл Қазақстан үшін үлкен саяси және тарихи қадам. Мемлекет басшысы былтырғы Будапештте өткен саммитте бұл бастаманы жариялап, оны Түркі мемлекеттері түгел қолдады. Бұл Қазақстанның халықаралық беделін айқын көрсетеді. Алматының таңдалуы да кездейсоқ емес. Бұл қала еліміздің ең ірі білім, мәдениет және жастар орталығы. Демек, Алматыны жастар астанасы ретінде айқындау Қазақстанның білім мен инновациядағы әлеуетін бүкіл түркі дүниесіне паш ету деген сөз. Сондықтан Алматының таңдалуы елдің ғана емес, мемлекет басшысының да жастарды қолдаудағы жүйелі еңбегінің халықаралық мойындалуы.
– Бұл мәртебе ТМҰ елдері жастары арасындағы мәдени, білім және экономикалық байланыстарды дамытуға қандай серпін береді?
– Бұл мәртебе ең алдымен түркі мемлекеттері жастары үшін нақты ынтымақтастық алаңын қалыптастырады. Мәдени тұрғыдан алғанда, Алматы жастардың өнер фестивальдері, волонтерлік қозғалыстар, этно-мәдени жобалар арқылы бір-бірінің дәстүрін, тілін және заманауи мәдениетін жақыннан танитын орталыққа айнала алады. Білім саласында ортақ ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға, студенттік алмасу бағдарламаларын кеңейтуге, тағылымдамалар өткізуге жол ашылады. Түркі елдерінің студенттері бірлескен білім гранттарына қатысып, ортақ академиялық бағдарламаларға қосыла алады. Экономикалық тұрғыдан жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау күшейіп, стартап форумдары ұйымдастырылады, IT және креативті индустриялар саласында ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Алматыдағы Almaty Tech Garden мен Astana Hub тәжірибесін пайдалана отырып, түркі жастарының бірлескен стартаптары мен инновациялық бастамаларын дамытуға жол бар. Осылайша, мәртебе мәдени байланыстарды тереңдетіп, білім саласында жаңа мүмкіндіктер ашып, экономикалық серіктестікті нығайтуға айтарлықтай серпін бере алады.
– Қазақстанның жастар саясаты мен бастамаларын Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер үшін үлгі ретінде қарастыруға бола ма?
– Қазақстанда жастарға арналған мемлекеттік саясат кешенді сипатқа ие. Мемлекет білімнен бастап кәсіпкерлікке дейінгі бүкіл бағытта жастарға қолдау тетіктерін ұсынып келеді. Мәселен, «Серпін-2050» бағдарламасы өңірлерде кадр тапшылығын азайтып, жастарға сапалы білім алуға жол ашады. «Дипломмен ауылға» бастамасы жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту арқылы аймақтардың дамуына серпін беріп жатыр. Жұмыспен қамту тұрғысында «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты жобалар еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша «Бастау Бизнес», мемлекеттік гранттар мен агросақтандыру құралдары жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік салада жастарға жалдамалы тұрғын үй беру, «7-20-25» ипотекалық несие, «Бақытты отбасы» жобасы жас отбасылар үшін қолжетімді баспана мәселесін шешуге ықпал етеді. Осындай кешенді қолдау шаралары Қазақстан тәжірибесін түркі елдері үшін пайдалы үлгі ретінде ұсынуға толықтай негіз бола алады.
– Алдағы жылдары ТМҰ аясындағы жастар ынтымақтастығында қай бағыттар негізгі басымдыққа айналуы мүмкін деп есептейсіз: цифрландыру, кәсіпкерлік, креативті индустриялар әлде экология?
– Түркі елдері жастары үшін бұл төрт бағыт та стратегиялық маңызға ие. Цифрландыру саласында бірлескен оқу бағдарламалары мен стартап акселераторларын дамытуға болады. Бұл жастардың жаңа технологияларды игеруіне, ортақ IT-өнімдер жасауына мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік бойынша түркі елдері арасындағы тәжірибе алмасу, жастарға арналған гранттар мен венчурлық қолдау алаңдарын құру өзекті болмақ. Креативті индустрияларда – ортақ мәдениетімізді заманауи форматта таныту, бірлескен киножобалар, музыка, дизайн және ойын индустриясын дамытуға жағдай жасалады. Ал экология бағытында су қауіпсіздігі, қалдықтарды қайта өңдеу, «жасыл энергетика» бойынша жастардың қатысуымен ортақ жобалар іске асса, бұл бүкіл аймақ үшін пайдалы болар еді.