
Ботай – озық мәдениеттің діңгегі
«Мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – қазы, Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан. Атты артық көрген елміз мінген тақтан, Қызық-ақ біздің бәйге қырда шапқан» деп ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай бар өмірінің сәні, мәні, қызығы, айшылық алыс жерлерге жылдам жеткізер қанаты, жауға шапса жарағы болған қайран жылқы – қазақтың бірге туғандай ажырамас серігі. Осыдан бес мыңдай жыл бұрын жабайы жылқыны аталарымыз қолға үйретіп, әлемде ең бірінші болып пайдасын көре бастаған жер «Ботай қонысы» екендігі дүниежүзі бойынша дәлелденген. Сол киелі мекеннің өзге емес Қызылжар өңірінде орналасқанын бүгінгі күні барша қазақстандықтар орынды мақтан етеді.
Президент Қ.Тоқаевтың: «Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деген тапсырмасына орай туристік әлеуеті аса зор «Ботай қонысын» жаңғырту қазір қызу қолға алынып жатыр. Биыл үшінші рет онда әлемнің 12 елінен келген суретшілердің симпозиумы жалғасын тапты. Осы симпозиум халықаралық аренада өзінің мәртебесін нығайтуда. Симпозиумға қатысқан суретшілердің әрқайсысы Ботай өңірінен және өзінің қиялымен бір-бір картинадан жазып, оның біреуін Қызылжардағы Ботай көрмесіне сыйлайды. 11–17 тамыз аралығында өткен симпозиум Петропавл қаласындағы «Ботай» арт-галереясындағы көрмемен аяқталды.
Симпозиум бағдарламасын этнографтар, тарихшылар, қолөнершілер, суретшілер мен жастарды біріктірген «Ботай-түркі әлемінің негіздері» халықаралық семинар – тимбилдингі толықтырды. Оған Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия және Ресейдің Татарстан, Башқұртстан, Саха, Кабарда-Балқар өңірлерінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар мұнда 15 археолог-студент қазба жұмыстарымен айналысып жатыр.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев және сала басшылары экспозициялармен танысып, шетелдік делегация өкілдерімен әңгімелесіп, туризмді дамыту, мәдени мұраны сақтау және халықаралық ынтымақтастық келешегін талқылады. «Тарихи ескерткіштер – біздің халықтың тарихындағы өркениетке ұмтылуымыздың көрінісі, олар Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің баға жетпес мұрасы. Бүгінгі таңда «Ботай қонысын» бүкіл әлемнің ғалымдары мойындап отыр. Және мұндай нысандардың болуы ата-бабамызды жадымызда сақтауға және болашақ ұрпақты шабыттандыруға ықпал етеді. Мұндай ескерткіштерді қолдау мен қорғау, оларды зерттеуге, туризмге жағдай жасау қажет. Қазір мұнда кино түсіріліп, археологиялық экспедициялар өткізіліп, халықаралық симпозиумдар мен білім беру бағдарламалары ұйымдастырылып, мұраны ғылым, шығармашылық және демалыс үшін тартымдылығы ауқымды кеңістікке айналдыруда», деп атап өтті вице-премьер.
«Осы іс-шараны ұйымдастырғандардың барлығына алғысымды білдіргім келеді. Ботай бүкіл әлемге көрсетілуі керек, бұл жер туралы мүмкіндігінше көп адам білгенін қалаймын», деді Әзербайжанның еңбек сіңірген суретшісі, Йедитепе университетінің профессоры, Түркия әскери-теңіз күштерінің бас суретшісі Азиз Рефик бей.
«Ботай қонысының» қалай табылғаны жөнінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Анатолий Плешаков: «Виктор Зайберт екеуміз мұнда бірнеше адамды жібердік, олар олжалы болып, өте көне жәдігерлермен оралды. Мұнда біз жебе ұштарын, көптеген қырғыштарды және «үтіктер» деп аталатын өңделген тас дискілерді таптық. Ботай – әлемдік маңызы бар бірегей ескерткіш. Өйткені дәл осы жерде жылқы алғаш рет қолға үйретілген. Қымыздың қалай ашытылғаны туралы деректер де табылды», деді.
«Бүгінде Ботай мәдениеті адамзат тарихында ерекше орын алады. Ол туралы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына белгілі. Қазір бұл мәдени мұра туралы деректер мектеп және университет оқулықтарына енгізілген. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бүгінгі сияқты іс-шаралар, семинарлар, симпозиумдар, көрмелер маңызды және қажет деп санаймыз. Мұның бәрі тарихымыз бен мәдени мұрамызды сақтауға және насихаттауға ықпал етеді», деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Германия Археология институтының корреспондент-мүшесі Зейнолла Самашев.
«Мен осында келгеніме өте қуаныштымын. Бұл – екінші сапарым. Соңғы рет 25 жыл бұрын Виктор Зайбертпен бірге ат басын бұрған едім. Бүгінгі таңда бұл орын халықаралық туризм орталығына айналып келеді. Виктор Федорович марқұмның рухы бұған шаттанатынына сенімдімін», деді археолог, биоантрополог, Париждің Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Бендезу-Сармиенто Хулио.
«Ботай қонысы» басындағы жиын облыс орталығындағы «Ботай-түркі әлемінің негіздері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты. Оның жұмысын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық университеті «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» деген атпен дайындады. Конференцияда Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және басқалар құттықтау сөздерін айтты. Өз еліміздің қалаларынан және Әзербайжан, Франция, Түркия, Ресей, АҚШ елдерінен келген ғалымдар Ботай мәдениетінің халықаралық маңызы жөніндегі ойларын ортаға салды. Жиында Ботайды ашқан марқұм Виктор Зайберттің әйелі Галина, інісі Юрий де сөйлеп, ғалымның қалың жұртшылық біле бермейтін қырлары туралы әңгімелер берді. Ресейдің Челябі қаласындағы «Арқайым» музей-қорығының директоры Елена Кондрашина «Темір» қорғанындағы жерлеу рәсімдері қазақтікі екені дәлелденгенін жеткізді. Олар бұдан бес мың жыл бұрын өмір сүрген Оңтүстік Орал мен Солтүстік Қазақстанның тұрғындарына тиесілі екен. Демек, Ботай тұрғындарымен бір кезде өмір сүрген... Конференцияда жасалған баяндамаларда осындай қызық деректер де айтылып қалды.
Биыл шілде айында қаламыздың кіреберіс қақпасына Ботайға арналған ескерткіш орнатылғаны белгілі. Онда қыл мойынға түскен тұзақпен тағыны тұқырта білген арғы (прото) қазақ бейнеленген. Сөйтіп, Ботай мәдениеті әлемдік аренаға қарышты қадам жасап келеді.
Тұтас түркі дүниесінің тамыршысы
Өткен аптада Қызылжар өңіріндегі тағы бір үлкен мәдени-рухани шара – «Мағжан орталығының» ашылуы болды. Орталықтың маңызы музейге қарағанда әрі кең, әрі мүмкіндігі мол. Мұнда келген азаматтар экспонаттармен танысып қана қоймай, ғылыммен де айналыса алады. Ақынның туған жері Мағжан ауданындағы Сартомар ауылындағы музейі әлі де орнында, бірақ ол облыс орталығынан 120 шақырым жерде. Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы жедел ақпарат алғысы келген зерттеушілердің көбі онда баруды қиынсынады. Енді Қызылжардағы орталық сол олқылықтың орнын толтырып, жастардың ақын өмірімен танысуға ұмтылған қадамын жеңілдете түсті.
«Мағжан орталығы» қаладағы әсем, көне ғимараттардың бірі – Жанқоразов деген көпестің ХІХ ғасырда салынған үйінде ашылды. Кіреберіс алаңына ақынның шағын ескерткіші орнатылған, бағалы экспонаттар қатарында жазу машинкасы, үй жиһаздары, өз заманының сәні болған аспалы сағат және басқа да бұйымдар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның 130 жылдығына жіберген құттықтауында: «Мағжан Жұмабаев – қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының мақтанышы. Мағжанды тану, Мағжанды таныту – тәрбиелік әрі тағылымдық мәні бар мәселе. Сол себепті оның шығармашылығын терең зерделеп, жан-жақты дәріптеу керек» деген еді. Мағжан орталығының ашылуы да Мемлекет басшысының осы талабының аясында жүзеге асып жатқан шаруа деп айтуға болады.
Орталықтың ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, республикалық «Қаһармандар» қорының төрағасы, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшылығы, меценаттар, ақынның ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Е.Көшербаев өзінің сөзінде «Мағжан орталығының» ашылуы – рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық мәдени бірегейлікті нығайту және Қазақстанның түркі әлеміндегі рухани-мәдени орталық ретіндегі рөлін арттыру жолындағы маңызды оқиға екенін айтып, ақынның «Алыстағы бауырыма» өлеңі 1919 жылы жаулары жан-жағынан анталағанда түркітектес туыстарымызға жаны ашып шығарған жыр екенін еске алды. «Түрік халқының өкілдері күні бүгінге дейін қазақ шайырына ризашылығын білдіріп отыр. Осы орталықтың ашылуына да түрік кәсіпкері, «YDA Holding» кәсіпорнының басқарма төрағасы Хұсайын Арыслан қаржылық қолдау көрсетті», деп шараға қатысып отырған оны халықтың ризашылығына бөлеп, қол соқтырды. Ал Саясат Нұрбек Мағжан еліндегі жалғыз жоғары оқу орнының бүгінгі табыстары туралы айтып өтті. Соның ішінде университеттің халықаралық мәртебесінің нығайтылып, Түркиядан 100 бала оқуға келетінін, биыл осындағы Аризона университетінің филиалына 350 түлектің түскенін, ал күзде 3 курс бітірген 30 шәкірт Америкаға аттанатынын, 1 200 орындық жатақхана кешені салынғанын, т.б. жеткізді. Ал Мағжанның ұлы істері қатарында «Педагогика» оқулығын айрықша бағалайтынын атап өтті.
«Қаһармандар» қорының төрағасы Сабыр Қасымов Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия ақынның ғажап шығармашылық қана емес, қоғамдық-саяси ерлігіне де көз жеткізгенін айтты. «Ол – ұлтын сүйген, Отанын сатпаған нағыз патриоттықтың асқақ үлгісі, бұлжымас эталоны. «Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер, Істей берсін қолдарынан келгенін» деген сияқты сөздер оның сағының сынбай, ұлты үшін қандай қиындыққа да қыңбай шыдаған, қайтпас қайсар ер екенін көрсетеді. Ол халықтың санасын ояту жолында мәңгі өшпес өсиет қалдырды. Өмірі қатаң бақылауда болған жылдардың өзінде халқын оятудың жолдарын іздеп, ертегі айтқан болып ерлік пен өрліктің отын жақты. Қазақтың көптеген белсенділері маркизм-ленинизмнің қызыл тіліне малданып жатқанда ол елге идеологиялық, шығармашылық және мәдени тұрғыда қалай қызмет етуді өзінің «Табалдырық» бағдарламасында көрсетіп берді. Тәуелсіз ел болудың қандай құндылықтары болу керектігін де нақты атады. Ал осындай ерімізді біз саяси тұрғыдан әлі күнге ақтай алмай жүрміз. Жазықсыз қайраткерлеріміздің бәрін бізде прокуратура «ісінде қылмыстық құрам жоқ» деген шешіммен ақтаған болды. Іс жүзінде оларды айыптаушы орган емес, сот ақтауы керек еді, бірақ соттар сүйенетін заң бізде әлі күнге жоқ. Халықаралық тәжірибеге сүйеніп, осындай ардақтыларымызды саяси тұрғыдан ақтау жөніндегі заң жобасы дайындалған, бірақ оны Парламентіміз әлі күнге дейін қабылдаған жоқ. Бәлкім, осының кесірінен шығар, Мағжанға ел Тәуелсіздігінің бесігі – Алматыда да, елордамыз Астанада да әлі күнге ескерткіш қойылмаған. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов сияқты ерлерімізді ұлықтай білсек қана жастарымыз олардың үлгісін алар еді. Туған халқының жарқын болашағы үшін күрескен осындай ерлерді саяси тұрғыдан ақтайтын арнайы заң немесе Президент Жарлықтары тәуелсіздігін алған көптеген демократиялық елдерде қабылданды. Содан кейін ғана бұл елдерде кеңес заңымен қудаланған жазықсыз саясаткерлер, елдің нағыз патриоттары тегіс ақталды. Сондықтан бізде де сондай мемлекеттік актілер қабылдануы керек. Ал ғылыми еңбектер, конференциялар, мақалалар, басшылардың сөздері бұл міндетті орындай алмайды. Өйткені құқықтық және саяси реабилитацияны тек мемлекет қана жүзеге асыра алады», деді ол. Бұл сөздерді тыңдаған халық қол соғып қабылдаса да біраз адамды таңырқатып қалғаны белгілі, өйткені халық Мағжанды толық ақталған екен деп ойлайды.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов Семейдегі Абай тойынан кейін «Мағжан орталығының» ашылуына қуанышпен жеткенін айтты. «Шын мәнінде Абайдан кейінгі қазақтың кең құлашты, құз жартасты, терең ақыны Мағжанға мынадай сый жасалып жатқаны табиғаттың үйлесімі деп айтуға болады. Осы шара басталғанша жылап, аспаннан нұрын құйып тұрған күннің де қазір жарқырап ашылуы – сол үйлесімдіктің көрінісі емес пе? Ендеше, Абай, Мағжан сияқты ақындар мәңгі өлмейді, халқымен бірге жасай береді», деді ол.
Жиында Мағжанның туыстары атынан сөйлеген Марат Мүсілімов (ақынның ағасы Әбәмүслімнің немересі) Алаш арысын ұлықтаған Президентке, жергілікті билікке өзінің алғысын жеткізді. Кәдесый ретінде ол немере ағасы Ғаділша Қаһармановтың немересімен бірге «Мағжан орталығына» өз үйлерінде сақталған жазбаларды тапсырды. Соның ішінде ақын Хамза Абдуллиннің Мағжан ақталмай тұрған әнебір жылдарда әкелері Ғаділша Қаһармановқа қолдан жазып берген «Батыр Баян» поэмасын да берді.
Шара барысында «Біздің Мағжан» жинағының тұсаукесері болды. «Мағжан орталығының» басшылығына белгілі журналист, жазушы Жарасбай Сүлейменов тағайындалды. «Мағжан энциклопедиясы» сияқты сүйекті кітапты құрастырған қаламгердің «Мағжан орталығына» басшы болуын жұрт ризашылықпен қабылдады.
Солтүстік Қазақстан облысы