Аймақтар • Кеше

Алтынды өлкедегі ауқымды істер

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Майқайың кентінің әлеуметтік саласында алдағы жылдары оң өзгеріс жос­парланып отыр. Жақында мұнда өңір басшылығы мен «Алтыналмас» АҚ арасында стратегиялық меморандум жасалды.

Алтынды өлкедегі ауқымды істер

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев

«Алтыналмас» АҚ компания­сы «Майқайың-алтын» АҚ-ның 100 пайыз жарғылық капиталын сатып алу бо­йынша келісімді сәтті аяқтағаны мәлім. Бүгінде алтын комбинаты мен кеніш толықтай соған қарайды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен «Алты­налмас» АҚ бас­қарма мүшесі, қаржы жөніндегі бас атқарушы директоры Рүстем Қара­ке­сов 4,6 млрд теңгенің әлеуметтік және инфрақұрылымдық бас­тамаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойды.

– Бұл жай ғана заңды құжат емес, бұл апаттық жағдайдағы тұрғын үй­лерді бұзу мен кентті жылумен жаб­дықтау жүйе­сін жаңартудан бастап жаңа әлеу­меттік нысандар салуға, жолдар­ды жөндеуге дейінгі кенттің өзекті мәсе­лелерін шешуге бағытталған билік пен бизнестің күш-жігерін біріктіретін нақты іс-қимыл жоспары, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Жасалған меморандумға сәйкес кәсіпорын шахталарына жақын орналасқан «Шанхай» шағын ауда­нын­дағы  апатты жағдайда тұрған 76 тұрғын үйді көшіру жоспарланған. Сондай-ақ алдағы үш жыл ішінде қолданыстағы екі қазан­дықты қайта жаңарту және бір жаңа қазандық орнату, орталықтандырылған жылу желілеріне қосылмаған шағын аудандарда орамішілік жылу желілерін салу көзделген. Бұл жұмыстар кенттің жылумен жабдықтау желілеріне жүргізілген технологиялық аудит­тің қорытындысына сәйкес жүзеге асырылады.

Жолдарды күрделі жөн­деу мен жаңасын салу, бірқатар әлеу­мет­тік нысандар – музыка мектебі мен заманауи спорт кешенін тұрғызу, Май­қайың көшелері мен аулаларын кешен­ді абаттандыру да жоспарланып отыр.

май

Атап өтерлігі, кейінгі үш жылда Майқайың кентін және оған іргелес жатқан Сұлужон, Майкөбе, Шөптікөл, Үшқұлын ауылдарын дамытуға об­лыстық бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл ақша ­33 км
кірме жол салуға, көшелердің ­17 км асфальтті жабынын жөндеуге, жылумен жабдықтау және су құбырлары желілерін жаңартуға, мектептер мен ауруханаларды күрделі жөндеуге, мектеп автобусын, санитарлық көлік сатып алуға, медициналық жабдықтарды жаңартуға, балалар ойын алаңдарын орнатуға бағытталған.

Жаңа меморандум инфра­құры­лымды жаңғырту, жаңа нысандар салу және одан әрі абаттандыру үшін қо­сымша мүмкіндіктер беріп, кенттің даму қар­қынын бірнеше есе арттырады.

Майқайың – ерекшелігі көп елді мекен. Ерекше дейтіні сол, 10 мыңнан аса халықтың берекесіне айналған әлемге әйгілі алтын кеніші осында орын тепкен. Оның экономикасы жерасты байлығына тәуелді. Алтын кеніші жергілікті халықты асырап отыр. «Майқайыңалтын» акционер­лік қоғамы Ертістің Павлодар өңірін­дегі ең алғаш құрылған тау-кен өнді­рісі екенін де атап өткен абзал. Он­дағы кенішке тұңғыш экскаватор 1940 жылы түсірілген екен. Ол бумен жұмыс істейтін еді. Кәсіпорын­ға қазірде бірнеше кен-байыту фаб­ри­касы қарайды. Жергілікті халық­тың дені бүгінде алтын өндірісінде еңбек етеді.

 

Павлодар облысы,

Майқайың кенті