Жасанды интеллект • Кеше

Жасанды интеллект медицинаға не береді?

50 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Мем­лекет басшысы қазір дүние жүзінде ЖИ қарқынды дамуына байла­нысты сипаты мүлде жаңа тех­но­логиялық өзгерістер болып жат­қанын атап өтті. Сонымен қатар Президент денсаулық сақ­тау са­ласында ЖИ технологи­я­сын пай­даланудың маңызына назар аудард­ы. Оның айтуынша, медицина са­ласында ауқымды ақпа­рат жи­нақталған. ЖИ көмегі­мен олардың негізінде дұрыс диагноз қою­ға, ем-шара тағайындауға және нау­­қастарға мониторинг жүргізуге ар­нал­ған құралдар дайындауға болады.

Жасанды интеллект медицинаға не береді?

– Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабыл­дауына мүмкіндік беретін технология­лар белсенді қолданылады. Елімізде де перспективті медици­налық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан, еліміздегі медициналық ақпарат жүйе­лерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқай­сысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллектінің медицина саласына енгізі­луін тежейді. Денсаулық сақтау сала­сын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түр­лі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мы­салы, былтыр әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын бол­ғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер меди­цина саласының ашық және тиімді қыз­мет етуіне ықпал етеді,– деді Мемлекет басшысы.

Жасанды интеллектінің қазіргі медицина саласына қосып отырған үлесі аз емес. Бүгінде технология бұрын-соңды болмаған жоғары қарқынмен дамып келеді. Соның арқасында медицина саласы ғажайып жетістіктерге қол жеткізіп, қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Шетелдің медицина саласында жасанды интеллекті арқылы адам өмірін сақтап қалуға болатыны дәлелденген. Яғни дұрыс диагноз қою – жасанды интеллектінің қолынан келетін іс. Алайда кейбір технологияны игеру дәрігерлерге де, науқастарға да қиынға соғады. Сондықтан оларды денсаулық сақтау саласына сәтті енгізу қиындық тудыра бастады.

«Соның бір мысалы – электрондық медици­налық карталар. Ол талай дәрігер­дің зығырданын қайнатты. Бұл карта­лар науқас туралы мәліметті сақтау­ға, бақылап отыруға арналған. Алайда дәрігер науқасты қабылдау кезіндегі уақыты­ның біраз бөлігін осы картаны толты­руға жұмсайды. Өйткені негізгі мәліметтерді енгізудің өзі ұзаққа созылып кетуі мүмкін», дейді «Northwell Health» желісінің президенті Майкл Доулинг. Бұл сөздер оның «Денсаулық сақтау саласындағы қайта жүктеу» атты кітабында айтылған.

Дәрігерлердің айтуынша, жұмыс күнінің бақандай 6 сағаты дәл осы электрондық медициналық карталарға клиникалық деректерді енгізуге кетеді. Соның салдарынан олар науқастарға бөлетін алтын уақытын жоғалтады. Негізі дәрігердің қабылдауы шамамен 18 минутқа созылады. Соның көп бөлігі мәліметті тіркеуге кетеді.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, элект­рондық медициналық карталардың кеңі­нен қолданылуына кедергі болып отыр­ған тағы бір мәселе бар. Бұл – деректердің құпиялығы, яғни қауіпсіздік мәселесі.

Жақында Қытайдың Хэньян қаласын­да науқастарға нақты диагноз қоя алатын жасанды интеллекті жұртшылыққа таныстырылды. Әлгі бағдарламалық жүйе 4-8 секундтың ішінде 100 клиникалық жағдайды сараптап, әрқайсысына жеке диагноз қойып шыққан. Сонда ақылды технология екеуінде ғана қателік жіберіпті. Қалғанында дәрігердің қойған диагнозымен бірдей қорытынды шығарған.

Жапон дәрігерлері онкологиялық сыр­қат­­қа шалдыққан бір науқасты екі жыл қата­ры­нан емдеп жаза алмаған. Қолданған ем­дері шипа болмай, амалдары құрыған ма­ман­дар әлгі пациент туралы мәліметті Син­гапур арқылы жасанды интеллектінің «ба­қы­­лауына» жібереді. Бағдарламаның «ақы­­лымен» әлгі науқасты емдеудің тәсі­лін өз­гер­­тіп көр­ген екен, шынымен де оның жағ­­дайы жақ­сарып, беті бері қарай бастаған.

Енді медицинадағы жасанды интел­лек­тіні қолданудың артықшылығына тоқтал­айық. Бірінші, ЖИ медициналық дерек­терге, бейнелеуге және талдауларға негіз­делген ауруларды жылдам және дәл диаг­ностикалауға көмектесе алады. Екінші, ЖИ жүйелері үлкен көлемдегі дерек­тердегі үлгілер мен байланыстарды анықтай алады, бұл ауруларды диаг­но­стикалау мен болжаудың дәлді­гін жақсартады. Үшінші, ЖИ ең тиім­ді емдеу әдістерін таңдауға және жеке емделуші үшін рецепттерді оңтайлан­дыруға көмектеседі. Төртінші, медици­на­лық оқытуды жетілдіру үшін ЖИ жүйе­лерін медициналық студенттер мен ма­ман­­дарды оқыту, симуляциялар мен оқу бағдарламаларын жасау үшін пай­далануға болады. Бесінші, жасан­ды интелл­ектіні қолдану арқылы жаңа заң­дылықтар мен тенденциялар­ды анықтау үшін денсаулық сақтау саласындағы көптеген деректі талдауға болады. Алтыншы, әкімшілік тапсырмаларды автоматтандыру және медициналық персоналдың жұмыс үдерісін оңтайландыру. Жетінші, ЖИ көмегімен медициналық көмектің тиімділігі мен сапасын жақсартуға болады. Сегізінші, ЖИ жүйелері өзгерістерді анықтау және ықтимал мәселелер туралы ескерту арқылы пациенттердің жағдайын нақты уақытта бақылай алады.

Әлбетте, сараптамалық бағдарлама сырқатты емдеудің жолын 100 пайыз сенімділікпен көрсетіп береді десек, ағат айтқан болар едік. Жалпы медицинаның өзі – нақты ғылым емес. Сол сияқты ЖИ-де болжамды ұсыныс қана береді.

Бүгінде елімізде жасанды интеллектіні медицинада қолдану қолға алына бас-тады. Денсаулық сақтау министрлігі «IBМ» компаниясымен бірлесе отырып, ЖИ-ді алдымен онкология саласында сынап көрмекші. Мұндай жоба Америка, Англия, Германия секілді әлемнің 15 елінде енгізіліп жатыр. Бұл жүйенің тиімділігі – науқастың ауру тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде сараптап айтып береді. Бірақ онымен келісу, келіспеу – дәрігердің еркінде. Интеллектуалдық компьютерлік бағдарлама науқас туралы мәліметтерді бірнеше секундта өңдеп береді. Әрі ғаламтордағы сол ауруды ем­деу тәсілдері жөніндегі соңғы зерттеу­лерді, ғылыми дәлелденген мақалаларды автоматты түрде талдап, соның негізінде ауруды емдеудің жолын нұсқайды.

Сол секілді, «InHeart» платформасы да ЖИ көмегімен жүрек ырғағының бұзы­лысына байланысты жасалатын қанта­мыр арқылы хирургиялық тәсілмен емдеуде науқастың жүрегіндегі анатомиялық нысаналарды детальды түрде анықтауда қолданылады. Ол жүректің 3D моделдегі суретін алып өңдеп, жүрек ырғағымен шұғылданатын аритмолог дәрігердің катетерлік аблация арқылы жүрек ырғағы бұзылысын хирургиялық жолмен емдеу барысында аблациялық катетердің жүректің қай ай­мағында тұрғанын дәлдікпен көрсе­тіп, дәрігер жұмысын жеңілдетеді және оған тиісті нәтижеге қол жеткізуге жақсы көмекші бола алады. КТ, МРТ-мен салыс­тырғанда қолжетімді және клиника үшін экономикалық тұрғыда арзанға түседі.

ЖИ медицинаның ауыр, күрделі салалары нейрохирургия, хирургия, травматология, урология, басқа салаларына енгізіліп отыр. Мысалы, Астанадағы Ұлт­тық нейрохирургия орталығында  200-ден астам пациенттің бас миына «гамма-пы­шақ» көмегімен ота жасалып, жақсы нәтижеге қол жет­кізілді. Таяуда Онкология және радио­ло­гия институтында  жасанды интеллек­тінің көмегімен Қытай, Франция және Қазақстан онкоурологтар тобы бүйрекке күрделі ота жасады. Сондай-ақ «Робот-хирург» көмегімен оталар жасалды.

Денсаулық сақтау министрлігі біраз жылдан бері медициналық қызметке жү-гінген ел азаматтарының сырқат тарихын, қандай науқаспен жиі қарала­тыны, нендей дәрі-дәрмектер қолдан­ғаны туралы мәліметті жинақтап отыр. Осы ақпараттарды бір жүйеге келті­ріп, мемлекеттік және жекеменшік медици­налық ұйымдардың пациенттер тура­лы жеке дерек қорын біріктіріп, бірың­ғай деректер базасын құру қолға алынды. Бұл жұмыс сәтті жүзеге асса, «200 Элек­тронды үкімет» порталында «элек­тронды денсаулық паспорты» деген бөлек тармақ пайда болып, ол барлық аза­матқа қолжетімді болмақ. Элект­рон­ды қолтаңбасы бар азаматтар жеке каби­­нетіне кіріп, өздерінің денсаулық төлқұ­жа­тын ашып көре алады. Ал мамандар осы құжаттағы мәліметтерді ЖИ бағ­дар­ламасына енгізіп, пациенттердің денсау­лығы туралы мағлұматтарды сұрыптамақ.

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау мекемелеріндегі ең көп таралған ЖИ функциялары клиникалық шешімдерді қолдау және кескінді талдау саналады. Клиникалық шешімдерді қолдау құрал­дары провайдерлерге емделушіге қатыс­ты ақпаратқа немесе зерттеулерге жыл­дам қол жеткізу арқылы емдеу, дәрі-дәр­мек, психикалық денсаулық және па­циенттің басқа қажеттіліктері туралы шешім қабылдауға көмектеседі. Медици­налық бейнелеуде жасанды интеллект құ­ралдары компьютерлік томография (КТ), рентген сәулелері, магнитты-резонанс­тық томография (МРТ) және басқа да радиолог мамандар жіберіп алуы мүмкін басқа да мәліметтерді талдау үшін қолданылады. Өйткені мамандар кескіндердің зақымдалуы секілді кейбір ұсақ нәрселерді аңғармай жіберіп алуы мүмкін. Мәселен, жүрек мониторлары сияқты мед­ициналық құрылғылар өмірлік маңыз­ды белгілерді бақылай алады, ал ЖИ осы құрылғылардан дерек­терді жинап, сеп­сис сияқты күрделі жағ­­дайларды анық­тайды. Мысалы, бір зерт­теуші ғалым IBM бағд­ар­ламасы көме­гі­мен шала туылған нәрес­те­лерді бол­жау үшін ЖИ үлгісін әзірледі, ол ауыр сепсисті анықтауда 75% дәлдік танытты.

Әрине, медицинаны ЖИ «қолына» толықтай  беруді дұрыс көрмейміз. «Ауруға шалдыққан науқас үшін ең бас­тысы – адам көңілі. Оларға жаны ашитын, қалай қиналып жүргенін түсінетін дәрігер қажет. Дүниеде сырқаттан жаман нәрсе жоқ, мұндай сәтте адам өзін жалғыз сезінеді. Ал оны уайымдайтын дәрігер болмаса, жағдай тіпті нашар. Сол себепті денсаулық сақтау саласында ең алдымен адамгершілікке көңіл бөлуіміз қажет», дейді Эрик Тополь «Big Think» сайтына берген сұхбатында.

Дегенмен қандай  істе болсын адам­ның рөлін төмендетуге, жоққа шығаруға  болмайды. Адам әрқашан адам болып қала бермек. ЖИ адамдарды алмастырмайды, бірақ ЖИ қолданатын адамдар мұны білмейтін, жасай алмайтын адамдарды алмастырады. Жасанды интеллекті технологиясын күнделікті өмірге енгізу адамдардың өмір сүру деңгейіне үлкен өзгеріс әкеледі. Енді ЖИ медицина саласына жыл өткен сайын  батыл ене бере­ті­ні анық. Сондықтан қазіргі заман сұраны­сы­на сай әр маман сауатты, білімді болып, қабілетін жетілдіріп, жаңа нанотехнологияны меңгергені жөн. Бұл – уақыт талабы.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

Тараз