Фото: Аманат
Депутат коммуналдық жағажай мен бірқатар туристік нысанды аралап, инфрақұрылым мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, санитарлық тазалық, кәріз жүйесі, көлік бақылау және инженерлік инфрақұрылымның жайы қозғалды. Б.Керімбек инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын әрі қарай жалғастыра беру керектігін атап өтті.
– Алакөл – тек Жетісу облысының емес, тұтас еліміздің туристік бренді. Кейінгі жылдары мұнда көп жұмыс атқарылды. Электр жарығы мен интернет мәселесі шешілді. Кәріз жүйесі тартылып жатыр. Бірақ әлі де жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер бар. Біз үшін басты мақсат – табиғат байлығын сақтай отырып, халыққа жайлы жағдай жасау. Бұл бағытта мемлекет пен кәсіпкерлердің күш біріктіруі аса маңызды, – деді депутат.
Айта кетейік, кейінгі жылдары Алакөл жағалауында инфрақұрылым едәуір жақсарды. Туристік нысандар саны бір жылда 270-тен асты. Ұзындығы 56,7 шақырым электр желісі мен қосалқы станса салынып, үздіксіз жарық беріліп отыр. Жағалау интернетпен қамтылып, 16 базалық станса орнатылды.
Ал Мәжілістегі ЖСДП фракциясының мүшесі Асхат Рақымжанов Шығыс Қазақстан облысындағы Белоусовка ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың инфрақұрылымға қатысты көтерген мәселелерін тыңдады.
Ауылда инфрақұрылым, су тапшылығы, медициналық қызметтердің қолжетімсіздігі мен дәрі-дәрмек мәселелері өткір тұр. Әсіресе тұрғындар қыс кезінде қарды ерітіп пайдалануға мәжбүр. Бұл жайтқа қатысты ауыл әкімі Анатолий Ташниченко 1 қарашаға дейін су қысымын қалпына келтіретіндері жөнінде уәде берді.
Қарттарға арналған күндізгі стационардың жоқтығы, ауруханада қажетті төсектік орындардың жетіспеушілігі де ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Жаңа медициналық ғимараттың құрылысы тек 2027 жылы басталады. Бұған қоса кездесуде дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі де егжей-тегжей көтерілді.
Асхат Рақымжанов бұл мәселелерді шешу үшін уақытша стационарды ұйымдастыруды, ауруханаларда медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды және дәрі-дәрмек сатып алу тәртібін қайта қарастыруды ұсынды.
Кездесу соңында Мәжіліс депутаты тұрғындардың маңызды талап-тілегін орындауда жергілікті биліктің жедел әрекет етуі қажет екенін баса айтты.
– Тұрғындар ауызсумен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді және тіршілікке қажетті инфрақұрылымды дұрыс талап етіп отыр. Әкімдік халықтың нақты сұраныстарына жауап беруге тиіс, – деді А.Рақымжанов.
Сонымен қатар депутат Белоусовка тұрғындарының сұрақтары мен ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтынын, ал олардың орындалу барысы депутаттың қадағалауда болатынын айтты.
Алматыға жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты, «Respublica» фракциясының мүшесі Айтуар Қошмамбетов тұрғын үйлердің маңайында орналасқан шағын дүкендердің иелерімен кездесіп, кәсіпкерлік саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Алматыда мұндай шағын сауда орындарының саны 3,5 мыңнан асады. Кәсіп иелері жүктеменің артып, ережелердің үнемі өзгеріп жатқанына алаңдаулы. Кәсіпкерлер екі негізгі проблемаға тоқталды. Біріншісі – 4 пайыз көлеміндегі бөлшек салық. Шағын дүкен иелері рентабельділікті сақтап қалу үшін оны 2 пайызға дейін төмендетуді талап етіп келеді. Сондай-ақ оларды цифрландыру және мобильді аударымдар мәселесі толғандырады. Аударымдарды бақылауға бағытталған жаңа ережелер де алаңдатарлық. Яғни бұл ереже банктік комиссия мөлшері 5 пайызға дейін жетіп, кәсіпкерлердің табысын азайтады. Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, дәл осындай мәселелер барынша талқылануы керек. Ол шағын бизнес түсінікті әрі әділ ережелермен жұмыс істеуі керектігін, ал қазіргі жағдайда олар тек қысымға шыдап, күн көріп отырғанын айтты.