
Бүгінгі күні жалпы сыйымдылығы 2300 орын болатын екі мектеп пайдалануға берілді. Оның бірі – жобалық қуаттылығы 300 орындық Ақжар-2 тұрғын алабындағы №79 мектеп, екіншісі – 1868 оқушы оқитын, 2000 орынға арналған «Есет батыр» тұрғын алабының №3 шағын ауданындағы мектеп.
«Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты – оқушы орындарының тапшылығын, апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесін жою, сондай-ақ сапалы білім алуға заманауи, қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау. Барлық жаңа мектептер жаңартылған форматта салынып, толықтай қазіргі талаптарға сәйкес жабдықталады: оқу кабинеттері интерактивті құралдармен, зертханалармен, кітапханалармен, STEM-зоналарымен және жаңа үлгідегі пән кабинеттерімен қамтылады. Ерекше назар инклюзияға аударылып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалады. Сонымен бірге бейнебақылау, күзет, кіруді бақылау жүйелері және өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.
Бүгін Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы мектепте ашық есік күні өтті. Бұл – Ақжар-2 тұрғын алабында орналасқан, 300 орынға арналған №79 орта мектеп. Болашақ бірінші сынып оқушылары оқу кабинеттерін, спорт және акт залдарын, кітапхана мен асхананы аралап, өздерінің болашақ ұстаздарымен кездесті. Балаларға арналған ойын бағдарламасы ұйымдастырылып, олардың жаңа мектеп ортасына бейімделуіне және алдағы оқу жылына алғашқы әсер алуына мүмкіндік жасалды.
Жаңа оқу жылының басына дейін өңірде тағы бес мектепті ашу жоспарланып отыр, олардың үшеуі Ақтөбе қаласында орналасқан. Төрт мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде. Олар: 2000 орындық «Алтын Орда-2» шағын ауданындағы мектеп (№63 және №64 мектептердің жүктемесін азайтады), 600 орындық «Бауырластар-3» тұрғын алабындағы мектеп, 300 орындық «Саяжай-1» тұрғын алабындағы мектеп (Заречный елді мекеніндегі үш мектептің жүктемесін жеңілдетеді) және Мәртөк ауданының Сарыжар ауылындағы 300 орындық мектеп.
Қазіргі уақытта тағы сегіз мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында Ақтөбе қаласының «Есет батыр» №7 шағын ауданындағы 2000 орындық, «Алтын Орда-2» тұрғын алабындағы, «Батыс-2» тұрғын алабындағы 900 орындық, «Сазды» тұрғын алабындағы 300 орындық, «Жанақоныс-2» тұрғын алабындағы 600 орындық және «Оңтүстік-Батыс-2» тұрғын алабындағы 300 орындық мектептер бар. Сондай-ақ Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында 600 орындық, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында 600 орындық және Кенкияк ауылында 600 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде.
Жобаның жүзеге асырылуы үш ауысымды оқытуды айтарлықтай қысқартуға, апатты мектептерді жоюға және өңірдегі оқушыларға сапалы білім алуға заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.