Энергетика • Бүгін, 08:50

Электр тарифінің өсуіне не әсер етті?

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар қаласында электр қуатының тарифі қымбаттады. Жеке тұтынушылар енді әр киловатт/сағат үшін 21,63 теңге төлейтін болады. Бұған дейінгі тариф – 19,66 теңге еді. Тариф­тің өсуі – шамамен 10 пайыз. Бағаның ең көп өзге­руі бюджеттік мекемелерге қатысты болып отыр – 1 киловатт/сағат үшін бұрынғы 67,53 теңгенің орнына бұдан былай 80,45 теңге болып бекітілді (19,1 пайызға өсті).

Электр тарифінің өсуіне не әсер етті?

– Электр қуатын босату та­рифі бұрынғы 29,04 теңгеден 32,58 теңгеге өсті. Яғни өсім 12,2 пайызды құрап отыр. Әу бас­та монополист компания бұл бағаны бірден 40 пайызға өсіру туралы ұсыныспен шыққан. Бірақ біз барлығын қайта есептеп, факторларды ескере отырып дәлелді түрде 12,2 пайызға түсірдік. Тарифтің өзгеруіне компанияның өзіндік шығындарының 29 пайызға артып кетуі себеп болып отыр. Атап айтқанда, бірыңғай сатып алушы мен сатушы бағаны 24 теңгеден 32 теңгеге дейін көтерген. Екіншіден, кәсіпорында биыл орташа еңбекақы мөлшері 360 мыңнан 496 мың теңгеге дейін жоғарылады. Ол да тарифтің өзгеруіне себеп болды. Бұған қоса, Павлодар электр тарату тораптарының шығыны 30 пайызға артқан. Сондай-ақ монополист электр қуатын тасымалдау кезінде көптеген жеке компаниялардың желілерін пайдаланатынын ескеру керек. Мәселен биыл «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның желі пайдалану тарифтері 48 пайызға, «ҚазСуШар» РМК-да ол 112 пайызға көтерілген. Салдарынан әлгі компаниялардың желілері арқылы өтіп, тұтынушыларға жете­­тін электр энергиясы­ның өзіндік құны қым­бат­таған, – деп түсіндірді тарифтің өзгеруі­не әсер еткен факторлар­ды Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу депар­таментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов.

Анықтап білгеніміздей, тарифке қуат нарығындағы бағалардың өзгеруі де ықпал еткен. 1 мегаватт  бұрын 1 млн 196 мың теңге тұрса, қазір ол 1 млн 400 мың теңге болып бекі­тілген.

«Павлодарэнерго» тарифтік ұсыныстарында қосымша пайда болған шығындар 12 млрд теңге деп көрсетіп, орташа тарифті 37 теңгеге дейін көтеруге әре­кеттенген. Бірақ біз өз тарапымыздан талдаулар жүргізе келіп, қосымша шығындарды 5 млн теңгеге дейін төмендеттік, негізсіз шығындарды алып тас­тадық. Нәтижесінде, тариф тұ­­тынушыларға аса ауыр­лық түсір­мейтін деңгейде бекі­тілді. Мұның барлығы еліміз­дің Табиғи монополиялар туралы заңнамасы аясында жү­зе­ге асты», деді Нұрлан Нұр­мұратов.

Атап өтерлігі, тарифтердің өсуі биыл қаладағы гидравли­калық сынақ­­тар уақытымен тұспа-тұс келіп отыр. Көпте­ген үй ыстық судан уақытша ажырауына байланысты тұр­ғындар пәтерлеріндегі су ысыт­қыштарды қосуға мәжбүр. Бұл сайып келгенде тұрғындардың электр қуатын әдеттегіден көбірек тұтынуына себеп. Жаңа тариф тұтынушылардың қалта­сына қаншалықты салмақ салатыны қыркүйек айында келетін түбіртектен байқайтын боламыз.

Соңғы рет облыс орта­лығында электр қуатының тарифі 2024 жыл­дың тамыз айын­­да көтерілген.

 

ПАВЛОДАР