Оқиға • Бүгін, 13:56

Астанада әскери музыкант қайғылы оқиғаның алдын алды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Орталық ансамблі эстрадалық-симфониялық оркестрінің концертмейстері аға сержант Аббас Аппазов қайсарлық танытып, 19 жастағы қыздың өмірін сақтап қалды, деп жазады Egemen.kz.

Астанада әскери музыкант қайғылы оқиғаның алдын алды

Оқиға 20 тамыз күні кешкі уақытта болған. Аббасқа алаңдаған көршісі қоңырау шалып, жағдайды баяндаған. Оның пәтер жалдаушысы 18-қабаттан секірмек болған бейтаныс қызды тоқтатып, пәтеріне кіргізген. Дегенмен, әйел адам қыздың қайта әрекет етуі мүмкін деп алаңдаулы еді.

Аббас үйдегі тұрғындар кеңесінің мүшесі болғандықтан, бейнебақылау камераларының жазбасына қол жеткізе алған. Жазбаларды қарап отырып, қыздың тағы да 8-қабатқа көтеріліп, балконда қоштасу хат жазып жатқанын байқаған. Ақырында оны 12-қабаттан тауып алғанда қыз балконның шетінде отырған еді.

Аббас оған байқатпай жақындап, жылы сөйлесе бастаған. Сәті келгенде, қызды құшақтап, қауіпсіз жерге алып шыққан. Кейін учаскелік инспекторды шақырған. Аббас өзінің бұл әрекетін ерлік деп есептемейді.

«Әрбір адам өмірі – баға жетпес құндылық. Ол бір-ақ рет беріледі, сондықтан қадірлей білу керек. Үлкен қайғының алдын алғаныма қуаныштымын», деді ол.

Аббас – «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің «саксофон» мамандығы бойынша бітірген. 36 жастағы Шымкент қаласының тумасы 2014 жылдан бері ҚР Қарулы күштерінде қызмет етеді.