
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері Бөкей орда және Тасқала аудандарының полиция бөлімдерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде мал ұрлығымен айналысқан төрт адамды тұтқындады.
Бұл адамдар өткен жылғы қараша айынан биылғы маусым айына дейін Бөкейорда ауданы аумағында еркін жайылымда жүрген ірі қара малдарын ұрлаумен айналысқаны анықталып отыр. Барлығы 49 бас ірі қара малы ұрланған. Мал иелеріне келтірілген жалпы шығын шамамен 20 млн теңгені құрайды.
«Осы оқиға бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар олардың мал ұрлығы бойынша тағы үш қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта олардың өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», делінген БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Батыс Қазақстан облысы