Энергетика • Бүгін, 11:37

Ақтауда газ құю станцияларындағы кезектің себебі түсіндірілді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтауда автогаз құю станцияларында ұзын-сонар кезектер пайда болды. Жағдайға байланысты қала әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда газ құю станцияларындағы кезектің себебі түсіндірілді

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі таңда қалада 32 автогаз құю станциясы жұмыс істеп тұр. Кезектер негізінен таңертеңгі және кешкі уақыттарда байқалады.

«Қаладағы сұйытылған газға сұраныстың артуы ішкі туризмнің өсуімен, сондай-ақ өзге облыстардан келетін автокөлік санының көбеюімен байланысты. Бұдан бөлек, демалыс күндері аудан тұрғындарының мектепке қажетті құрал-жабдықтарды алу үшін қалаға ағылуы да көліктер санын арттырады», – деп түсіндірді әкімдіктегілер.

Сонымен қатар, газ тапшылығы жоқ екені атап өтілді. Қала әкімдігі жағдай бақылауда екенін хабарлады.

«Күніне екі рет автогаз құю станцияларының жұмысына мониторинг жүргізіледі. Қала маңында және трассаларда кезек байқалмайды», – деді әкімдікте.

Мәліметке сәйкес, Ақтауға күн сайын «ҚазГПЗ» ЖШС тарапынан орта есеппен 170–180 тонна сұйытылған газ жеткізіледі. Ал 22–23 тамыз күндері «АНПЗ» ЖШС 160 тонна көлемінде отын жөнелтті. Шілдемен салыстырғанда жеткізілім көлемі өскен: өткен айда «АНПЗ» 217,6 тонна газ жіберсе, тамызда бұл көрсеткіш 320 тоннаға жетті.

Әкімдіктің айтуынша, жазғы маусымда туристерден бөлек, қала тұрғындарының да белсенділігі артып, олардың жиі сапарға шығуы жалпы отын тұтыну көлеміне әсер етеді.

Соңғы жаңалықтар