Аймақтар • Кеше

Түркістан облысында 1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы үш жылдың ішінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы шамамен 1 миллион гектар жер мемлекет меншігіне өткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында 1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Қала әкімдігінің хабарлауынша, 2022 жылы – 520 мың гектардан астам, 2023 жылы – 330 мың гектардан астам, ал 2024 жылдың өзінде 70 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған.

«Биыл жыл соңына дейін қосымша 110 мың гектар жер учаскесін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге оның 60,1 мың гектары қайтарылды. Бұл жерлер кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында жеке тұлғаларға берілгенімен, жылдар бойы пайдаланылмағаны анықталған», делінген хабарламада.

Сонымен қатар облыста ортақ жайылымдарды мемлекетке қайтару ісі де жүйелі жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде қаралған. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатыр. Президент пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке алып, оларды тиімді пайдаланатын азаматтарға беруді міндеттеген болатын. Осыған орай аймақтағы жауапты органдар жерлерді қайтарып, әділ бөлуді жалғастырып келеді. 

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, өңірдің жалпы жер қоры – 11 млн 610,3 мың гектар. Қазіргі кезде пайдаланылмай жатқан немесе заңға қайшы қолданылып отырған ауыл шаруашылығы алқаптарын мемлекет меншігіне қайтару үшін облыс әкімінің өкімімен арнайы ведомствоаралық топ құрылған.

Жұмыс екі бағытта жүзеге асырылып жатыр: біріншісі – Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспар шеңберінде, екіншісі – жұмыс тобы анықтаған ортақ жайылымдарды қайтару жоспары бойынша.

Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жайылым жерлерді қайтару жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ол жауапты органдарға жүйелі мониторинг жүргізіп, жылдық жоспардың толық орындалуын қадағалауды міндеттеді.

«Мемлекет басшысы ортақ жайылымдарды ел игілігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берді. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқармалар мен департаменттер осы бағыттағы жұмысты күшейтсін. Мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерлерді қайтару ісі жүйелі жүргізілуі керек. Космомониторинг нәтижелерін ескеріп, терең талдау жасаған жөн. Мониторинг, зерделеу жұмыстары тоқтамау керек және жылдық жоспардың толық орындалуы тиіс», деді Нұралхан Көшеров.

Қазіргі таңда Жер ресурстарын басқару департаменті 403 жер пайдаланушыға тиесілі 124,3 мың гектар жайылымға қатысты құжаттарды қарап, нұсқамалар жіберіп жатыр. Сонымен бірге аудан және қала әкімдіктері әзірлеген жоспарлар ауылдық округ деңгейінде бекітіліп, қайтарылған жайылым жерлердің карта-сызбалары дайындалған.