
Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, Жайсандағы балбал тас VIII–IX ғасырларға тиесілі. Түркі дәуірінің шеберлері қашап жасаған бұл мүсіннің әрбір сызығы өткен заманның айнасы іспеттес. Балбалдың қатпарлы бетінде тарихтың талай парағы сайрап жатыр.
Бұл жай ғана тастан қашалған мүсін емес. Бұл – бір дәуірдің шежіресі. Түркі батырларының рухын ұлықтаған, олардың ерлігін мәңгі есте қалдыру үшін орнатылған қасиетті белгі. Бетіндегі қатаң жүз, беліндегі белбеу, қолындағы ыдыс – көне заманның дүниетанымынан сыр шертеді. Қарап тұрып-ақ сол замандардың қайсар рухы мен жауынгерлік дәстүрін сезінесіз.
Археологтер жүргізген зерттеу жұмыстары Жайсан даласында көптеген қорым мен ғұрыптық орынның бар екенін айқындап отыр. Солардың ішінде балбал тас – айрықша құнды жәдігер. Бұл Шу даласының ежелгі өркениеттер бесігі болғанын дәлелдейді.
Балбал тас – бабаларымыздың рухани дүниесін, дүниетанымын танытатын ерекше ескерткіш. Түркі дәуірінде батыр дүниеден өткенде, оның рухына тағзым етіп, осындай тастарды тіктеу салты болған. Яғни әр балбал – бір тағдырдың, бір тарихтың белгісі. Жайсан даласында асқақтап тұрған тас та – бабалардың ерлігін, өрлігін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп тұрған асыл аманат. Мұндай жәдігерлер ата-бабамыздың тек жауынгер емес, терең ойлы, рухани бай халық болғанын көрсететіні сөзсіз.
Қазіргі таңда Жайсандағы балбал тас мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіш ретінде тіркелген. Балбал – тек тас емес, ұрпаққа жеткен үнсіз аманат. Оны қорғау – тарихқа тағзым, бабалар рухына құрмет. Бұл –
біздің болашағымызға жол ашатын рухани сабақтастықтың кепілі.
Әлина ТҰРСЫН,
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері
Жамбыл облысы