Қоғам • Бүгін, 15:20

Елімізде жыл басынан бері 176 бала жол апатынан көз жұмды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда жыл басынан бері 176 бала жол-көлік оқиғаларынан қаза тапты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде жыл басынан бері 176 бала жол апатынан көз жұмды

Қайсар Сұлтанбаевтың мәлімдеуінше, жол апаттарынан көз жұмған балалардың көпшілігі көлік ішінде жолаушы ретінде болған. Қалған бөлігі — жаяу жүргіншілер, самокат, велосипед және мопед жүргізушілері.

«Көптеген жағдайларда апатқа ересектердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы себеп болған. Кейбір балалар көлікте қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сонымен қатар, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту, тіпті кейде бағдаршамның қызыл шамына қарамастан өтудің салдарынан да қайғылы жағдайлар орын алған. Сондықтан балаларға жолда мұқият болудың маңызын үнемі түсіндіріп отыру қажет. Әсіресе, жолға шығар алдында көліктің толық тоқтағанына көз жеткізуі тиіс», деді ол.

Балалар қауіпсіздігін арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігі мектеп бағдарламасына жол қозғалысы ережелерін жеке пән ретінде қосуды ұсынып отыр.

«Мектептерде балалардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау үшін ЖҚЕ пәнін міндетті сабақ ретінде енгізу ұсынылуда», деп нақтылады Сұлтанбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда көлік қозғалысының жылдамдығын төмендету мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын.