Айтыс • Бүгін, 08:23

Үмітті үкілеген «Ұлытау үні»

70 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тамыз айының тамылжыған күндерінде Ұлытау облысында республикалық Халық шығармашылығының XXXIII дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі өтті. Екі күн бойы Ұлытау даласы, Кеңгір жағасы дарынды өнерпаздар мен үміттерін үкілеген өнер ұжымдарының ән мен күйіне бөленді. Талғампаз көрермен талантты ұл-қыздардың өнеріне тәнті болды.

Үмітті үкілеген «Ұлытау үні»

Фестивальдың ашылу сал­та­натында Мем­ле­кеттік сый­лықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай, «Да­рын» мемлекеттік жастар сый­лы­ғының лауреаты Асқар Мұ­қият, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Бе­реке Көшенов, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Фестивальда қазақтың төл мәдениеті мен ұлттық өнерін насихаттаған төрт ірі байқау – Шәмші Қалдаяқовтың 95 жыл­дығына арналған әншілер бай­қауы, Кетбұқа жыраудың 840 жылдығына арналған күйшілер байқауы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мультиаспапшылар байқауы және ақын­дар айтысы өтті.

Кетбұқа бабамыздың туға­нына – биыл 840 жыл. Осы айтулы оқиғаға орай фестиваль ая­сында күйшілер са­йысы өтті. Дом­бырашылар еліміздің тоғыз өңірінен қатысты. Күй сайысының бірінші, екінші кезеңінде әрбір қатысушы үш шығармадан орындады.

Байқаудың қазылар алқа­сының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай болды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүл­дені Айшолпан Қасымова (Ас­тана қаласы) олжалады. І орынды Ернар Сәтім (Түркістан облысы), ІІ орынды Сырым Шомбаев (Жамбыл облысы), ІІІ орынды Ал­тынай Махмут (Қарағанды облы­сы), Нұриден Оспанов (Ұлытау облысы) иеленді.

Кеңгір суқоймасы жағалауын­дағы Амфитеатр сахнасында Шәм­ші Қал­даяқовтың туғанына 95 жылдығына ар­налған вокалдық байқауға он бір облыстан 14 әнші қатысты. Әр әнші екі ән орындады. Фарида Сауытханның дом­бырамен орындаған «Тамды аруы», Бэджа Калмыковтың «Бақыт құшағында» әндері көрермен көңілінен шықты. Кенжеғали Мыржықбай бастаған қа­зылар алқасының мүшелері әр әншінің өнеріне ден қойып тыңдап, әділ бағасын берді. Бас жүлде Қарағанды облысынан келген Фарида Сауытханға бұйырды. I орынды Ұлытау облысынан Әділет Әбілбай, II орынды Ақмола облысынан Ермек Қасым, III орынды Ақтөбе облысынан Бэджа Калмыков пен Жамбыл облысынан келген Қымбат Жамбылбек иеленді.

Жезқазған қаласындағы Бала­лар өнер мектебінде аңыз­ға айналған тұлға Нұрғиса Тілен­диевтің 100 жылдығына ар­нал­ған «Мультиаспапшылар» респуб­ликалық байқауы өтті. Оған еліміздің сегіз облысынан 11 дарынды жас қатысты. Қа­тысушылар байқаудың бірінші және екінші кезеңінде екі шығармадан орындады.

Этномузыкант Еділ Құсайы­нов төраға болған қазылар алқа­сының шешімі бойынша бас жүлдені Санд­жай Әлмішев (Ұлытау облысы) қан­жығасына байлады. І орынды Айжан Құрақ (Астана қаласы), ІІ орынды Ма­дина Османова (Астана қаласы), ІІІ орын­ды Назира Омар (Павлодар облысы), ІІІ орынды Айхат Қазихан (Ақмола облысы) иеленді. Біраз дарынды жастар дипломант атанды.

«Ұлт ұясы – Ұлытау» атты ақын­дар айтысын тамашалауға келген халық С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыка-драма театрының залына лық толды.

Ұлытау өңірінің халқы Қа­зақ­стан айтыс ақындары мен жыршы-терме­шілердің халық­аралық одағының басқар­ма төрағасы Жүрсін Ерман бастаған ақындарды қошеметтеп қарсы алды.

Жүргізуші аламан айтысқа ат арытып келген Тілеубек Жанарыс (Қарағанды), Батыржан Кәдірбай (Атырау), Дархан Әбдіманатұлы (Тараз қаласы), Ұларбек Минат­хан (Жетісу), Нұрмахан Жақып­бек (Түркістан), Нұрлан Есен­құл (Шымкент қаласы), Сырым Нығызбай (Ұлытау), Рүстем Қайыр­тай (Абай), Фариза Жетпіс­бай (Астана), Нұрмат Мансұров (Қызылорда), Мейірбек Сұл­танхан (Астана), Жібек Шахмар­данқызы (Арқалық) сынды ақындарды сахна төріне шақырып, таныс­тырды.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөз айтып, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманның иығына Ұлытау жұртшылығы атынан шапан жапты. Айтысты ғалым-филолог, суырыпсалма ақын Аманжол Әлтаев жүргізді.

Осы жолы ақындардың қата­ры жас­тармен толығыпты. Айтыс­тағы бір ерекшелік ақындарға осы өңірге қатысы бар «Ұлытау және Жошы ұлысы», «Ұлытаудың ұлары – Жақсыгелді», «Шынболат пен Дүйсенбай – айтыстың қос қанаты», «Төрлет еңбек адамы», «Қаныш – қазақ ғылымының атасы», «Кәкімбек – жез дала­ның жезкиігі» деп аталған арнайы тақырыптар берілді. Ақын­дардың кейбіреуі берілген тақы­рыпты терең қозғады. Енді бірі Ұлытау облысындағы жол, экология, денсаулық сияқты шетін мәселелерді тілге тиек етті. Ақындардың арасында түрлі салада қызмет істейтіндер бар. Астаналық Мейірхан Сұлтан­ханмен айтысқан Қытай Халық Республикасынан атамекенге көшіп келген жетісулық Ұларбек Минатханның асау өзендей тасыған өлең ұйқас­тарынан туған топыраққа деген шексіз сүйіспеншілікті сезіндік. Ақындар ұрымтал сөзге ұтқыр жауап беріп, жұртшылықты риза қылды.

Бас жүлдені Рүстем Қайыртай (Абай облысы) жеңіп алды. I орын­ды Нұрлан Есенқұлов (Шым­­кент қаласы), II орынды Сы­рым Нығызбай (Ұлытау облы­сы), III орынды Нұрмат Мансұ­ров (Қызылорда облысы) қанжы­ғасына байлады.

Айтыста қазылар алқасының мүшесі болған, ел ішінде «Дәри­дәй» ақын аталып кеткен Мұ­қаш Сейтқазинов: «Ұлытау облы­сының Жезқазған қаласында үлкен өнер мерекесі – «Ұлытау үні» өтуде. Бастауын өткен ғасыр­дың 90-жылдарында алған бұл өнер додасының мен тұңғыш жүлдегерімін. Оны бүгін барша ақындар тілге тиек етіп жатыр. Ол кезде Алғысхат қана алатынбыз», дейді.

«Ұлытау үні» республикалық фес­тивалінің гала-концертінде фестиваль­да бәйгеден озып, бағы мен бабы жан­ған жас­тар өнер көр­сетті. Сонымен қа­тар ұлы­тау­лықтар эстрада жұл­дыз­да­ры Тамара Асар, Мөлдір Әуел­бекова, Ұш­қын Жамалбектің орындауындағы ән­дерді сүйсіне тыңдады.

Әуелде облыстық, кейін ай­мақ­тық, қазір республикалық мәртебеге ие болған «Ұлытау үні» фестивалі – талай дарынды жастың талабын ұштап, үмітін үкілеп, қалауына қанат байлады.

 

Ұлытау облысы