Саясат • Бүгін, 08:55

Қазақстан-Иордания: Сенім мен ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

40 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ақордада Мемлекет басшысы елімізге ресми сапармен келген Иордания Королін қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла бен әл-Хусейн бір-біріне делегация мүшелерін таныстырған соң, Құрмет қарауылының бас­тығы рапорт беріп, екі елдің мемле­кет­тік ән­ұран­дары шырқалды. Салтанат­ты рәсімнен кейін келіссөз өтті.

Қазақстан-Иордания: Сенім мен ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Сауда-экономикалық байланысты арттыруға дайын

Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла шағын құрамда келіссөз жүргізді. Президент Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Корольге алғыс айтып, жыл басында Амманға жасаған сапарын ықыласпен еске алды.

– Ұлы Мәртебелі, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің ресми сапарыңыз – біз үшін зор мәртебе. Бұл Сіздің елімізге алғашқы келуіңіз емес. Қазақстанның қазіргі өркендеу жолына жіті назар бөліп отырасыз. Екіжақты күн тәртібінде жүзеге асырылуға тиіс бірқатар мәселе бар. Екі ел арасындағы қарым-қатынастарға, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты мазмұнды әңгіме өрбіттік. Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақ­тастық табысты дамып келеді. Деген­мен тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес, – деді Президент.

ІІ Абдалла екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін жеткізді.

– Жоғары Мәртебелі, қымбатты бауырым, жылы сөзіңізге және құрмет көрсетіп қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Бұл сапар Сіздің осыдан бірнеше ай бұрын менің еліме жасаған табысты сапарыңыздың жалғасы іспетті. Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын Сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Өзіңіз атап өткендей, екі ел арасындағы ынтымақтастықты түрлі салада дамыту бойынша пікір алмастық. Менің осы сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін, – деді Иордания Королі.

1

 

Таяу Шығысқа жүк тасымалын бірлесіп қолға алады

Бұдан соң Президент пен Иордания Королі кеңейтілген құрамда келіс­сөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды. Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қазақстан­ның Иорданиямен өзара тиімді ынты­мақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді.

– Екіжақты қарым-қатынасты дамы­туға деген шынайы ниетіңізді жоғары баға­лаймыз. Сіздің салиқалы әрі сарабдал көшбас­шы­лығыңызды, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз етудегі ерекше рөлі­ңізді атап өткім келеді. Сіздің күш-жігері­ңіздің арқасында Иордания Таяу Шығыс­тағы тұрақтылық мекеніне айналды. Диалог пен ықпалдастықты бас­ты бағдар ретінде ұстануыңыздың нәти­жесінде Корольдіктің халықаралық аре­надағы абырой-беделі артты. Биыл ақпан айында Қазақстан Президенті ретінде Иор­дания Хашимит Корольдігіне жасаған бірінші ресми сапарымды ерекше ықылас­пен еске аламын. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынты­мақ­тастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Иорданияны саяси және экономикалық тұрғыдағы ортақ мүдде ғана емес, дін, толеранттылық дәстүрі және өзара құрмет секілді ғасырлар бойғы құндылықтар біріктіреді. Екі ел әлемге сан алуан мәдениет пен конфессиядағы халықтардың тату-тәтті өмір сүріп, адамзат дамуына үлес қоса алатынын көрсетті.

Король ІІ Абдалла қос мемлекеттің достығын жоғары бағалайтынын атап өтті.

– Бұл сапар түрлі саладағы ынтымақ­тас­тықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіс­сөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморан­думға қол қойылды. Осы реттегі уағдалас­тықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деді Иордания Королі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Амман­дағы кездесу барысында тараптар тауар айналымын 500 млн долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқанын еске салды. Қазақстан Иордания нарығына жалпы құны 250 млн доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын.

Сондай-ақ Президент «Қазатомөнер­кәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компаниясының (JUMCO) атом өнеркәсібін дамыту саласындағы ынтымақтастығына қолдау білдірді.

Мемлекет басшысы Иордания делегациясына еліміздің халықаралық көлік-логистика желісін кеңейту бастамалары туралы мәлімет беріп, Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында интермодальді жүк тасымалын бірлесе өркендету мүмкіндіктерін қа­рас­тыруды ұсынды. Бұдан бөлек, ауыл ша­­руашылығы, туризм, цифрландыру са­ла­ларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор.

Ал Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжіри­бесімен бөлісуге ниетті. Сонымен қатар «Royal Jordanian» әуе компаниясы келесі жылы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қадам екі елдің азаматтары мен іскерлік ортасының байланыстарын жандандырады.

Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гумани­тар­­­­лық ынтымақтастықты кеңейтуге, со­ның ішін­де бірлескен ғылыми зерттеу жо­ба­­ла­рын жүргізіп, университеттер арасын­да се­рік­­тестік орнатуға қызығушылық танытты.

 

Президент «Әл-Нахда» жоғары орденімен марапатталды

Келіссөздерден соң Иордания Королі ІІ Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін тапсырды.

Король Мемлекет басшысының Иордания мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдіктің жоғары мемлекет­тік наградасымен марапаттағаны үшін ІІ Абдалла бен әл-Хусейнге және достас иордан халқына алғыс айтты.

хз

– Ұлы Мәртебелі, Сізді аса көрнекті мемлекет қайраткері әрі көшбасшы ретінде бағалаймын. Сондықтан бұл марапатты Өзіңізге деген шынайы құрметпен қабыл аламын. Осы айтулы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасын­дағы өзара сенімге негізделген ынты­мақ­тастықтың символы санаймын. Біз ық­палдастығымыздың жаңа көкжиегі белгіленген осы келіссөздердің қорытын­дысына баса мән береміз. Осынау маңыз­ды сапардың нәтижесі серіктестікті одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сене­мін. Елдеріміз арасындағы конструк­тивті диалог пен тығыз қарым-қатынас алда­ғы уақытта да кеңейе бермек. Бұл жаңа бағыт­тарды қамтып, екіжақты әріптес­тіктің дамуына ғана емес, өңірлік және жа­һан­дық тұрақтылыққа да ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн жүргізген келіссөздерден кейін екі ел делегацияларының мүшелері қол қойылған үкіметаралық және коммерциялық құжаттармен алмасты.

 

Astana Hub кластерімен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла бен әл-Хусейн Astana Hub халықаралық кластерін аралау барысында еліміздің ІТ және жасанды интеллект саласындағы жетістіктерімен танысты.

Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық кластер. Онда 1 700-ден аса ІТ-компания шоғырланған. Былтыр тартылған жалпы инвестиция көлемі 700 млн доллардан, ал ІТ қызметінің экспорты 650 млн доллардан асты.

Astana Hub базасында жыл сайын он мың азаматты қамтитын Tech Orda, TUMO және Tomorrow School білім беру, сондай-ақ Google for Startups серіктесімен бірге акселерация бағдарламалары іске асырылып жатыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға биыл күзде Астанада ашылуы жоспарланып отырған Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырым­дамасын көрсетті.

Сондай-ақ Президент пен Иордания Короліне әлемдік нарыққа шыққан отандық компаниялардың әзірлемелері таныстырылды. Олардың қатарында epsilon3.ai (мемлекеттік секторға АІ-шешімдер әзірлейтін зертхана), Qalan (елімізде және шет елде 1 миллионнан аса оқушы пайдаланатын математика пәнінен білім беру платформасы), inDrive (жолаушы және жүк тасымалы, жеткізу қызметін ұсынатын жаһандық платформа), KazDream (ұлттық қауіпсіздік, шекаралық бақылау және киберқорғау салаларында жұмыс істейтін еліміздегі ірі ІТ-компания) секілді жобалар бар.

 

Инвестиция, инновация салаларын дамытуға келісті

Сонымен қатар Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысты. Онда Президент Король ІІ Абдалланы Астанада қарсы алуды өзіне зор мәртебе санайтынын жеткізді.

– Ұлы Мәртебелі, Өзіңіз бен жұбайы­ңыз патшайым Ранияны бүкіл әлем дана, аса білімдар және парасатты тұлғалар ретінде мойындайды. Бүгінгі заманда Сіз бен жұбайыңыз секілді көшбасшылар кемде-кем, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Корольге Қазақстан мен Иордания арасындағы серіктестікті дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқанына алғыс айтты. Сондай-ақ іскерлік орта өкілдеріне бизнес-форум жұ­мысына қатысқандары үшін ризашы­лығын білдірді.

х

– Король ІІ Абдалланың ресми сапары аясында өтіп жатқан бұл форум біздің перспективті серіктестігіміздің жаңа кезеңіне жол ашады. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясы екіжақты қарым-қатынасты кеңейтудің маңызды институционалдық негізін қалайтыны сөзсіз. Бүгін Ұлы Мәртебелі Король Абдалламен мазмұнды келіссөз жүргіздік. Әңгімелесу барысында алдағы жылдары өзара тиімді ықпалдастықты нығайтуға шешім қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірдегі экономикасы ең ірі ел болып қала береді.

– Экономикамыз биылғы жеті айда 6,3 пайызға ұлғайып, сенімді түрде өсіп келеді. Оған өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы жоғары көрсеткіштер мүмкіндік берді. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу арқылы осы қарқынды сақтап қалуға ниеттіміз. Сондықтан серіктестігіміз көптеген сектордың өркендеуіне септігін тигізетініне сенімдіміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстан арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтетініне, яғни 5 теміржол және 7 авто­көлік жолы еліміздің Еуразиядағы стра­тегиялық логистикалық хаб ретіндегі позициясын бекіте түсетініне тоқталды.

– Біз ірі халықаралық бағыттарды, соның ішінде Орта дәліз бен Солтүстік – Оңтүстік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауда негізгі рөл атқарады. Былтыр Құрық портында астық терминалын іске қостық. Ол жылына 1 млн тоннаға дейін жүк өткізе алады. Бұдан бөлек, Ақтауда өткізу қабілеті жылына 240 мың контейнерді құрайтын хаб салдық. Осы орайда Акаба портының стратегиялық әлеуетін бірлесе пайдалануға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізде атом энергетикасы ұлттық экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тұрақты қуат көзі ретінде қарастырылатынын жеткізді.

– Қазақстан – жетекші уран өндірушілердің бірі. Елімізге әлемдік нарықтың 40 пайызға жуық үлесі тиесілі. Иорданиядағы уран жобалары бойынша «Қазатомөнеркәсіп» және JUMCO арасындағы келісім экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды оқиға саналады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иорданияның агробизнес саласындағы әлеуеті мол екенін де айтты.

– Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшелері ретінде бізді елдеріміз бен барша мұсылман әлеміне арналған ортақ мақсат біріктіреді. Бұл орнықты әрі әділ азық-түлік экожүйесін қалыптастыруды көздейді. Қазақстан әлемде егістік алқабы бойынша алтыншы орын алады, сондай-ақ дүниежүзілік ірі астық экспорттаушылардың ондығына енеді. Жыл сайын 8 млн тоннадан аса бидай мен 2 млн тоннаға жуық ұнды жаһандық нарыққа жеткіземіз. Еліміз Иорданияны жоғары сапалы, органикалық, халал және эко­логиялық тұрғыдан таза ауыл шаруа­шылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Біз Aljazeera Agricultural иор­д­а­ния­­лық компаниясының елімізде құс фаб­ри­касын салу жөніндегі бастамасын құптай­мыз. Бұл жоба екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынты­мақ­тастықты нығайтуға жасалған нақты қадам болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент медицина саласындағы ықпалдастықтың маңызын атады. Оның айтуынша, Иордания әлем­дегі жетекші медициналық орталық­тар­­дың бірі және жоғары деңгейде дамыған фармацевтикалық өнеркәсіпке ие.

– Иордания әлемнің 85 еліне фармацевтикалық өнімдерін экспорт­тайды. Сондықтан бұл – қазақ-иордан экон­омикалық серіктестігінің негізгі сек­торының бірі. Қазақстан да өзінің әлеуетін дамытып, дәрі-дәрмек өндірісі мен меди­циналық құрал-жабдық шығаруда ай­тарлықтай табысқа жетті. Осы орай­да QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен біздің өңірімізге өзара вак­цина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында цифрландыру саласына баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Еуразиядағы жетекші озық технологиялар орталығы болуға ұмтылатынын атап өтті.

– Қазақстан өңірде алғаш рет Ұлттық банктің цифрлық валютасын, яғни цифр­лық теңгені енгізді. Біз елімізді ЖИ-ге бағдарланған мемлекетке айналдыру үшін Халық­аралық жасанды интеллект орта­лығын құрдық. Инкубация мен акселерация бағдарламалары арқылы Орталықты стартаптармен интеграциялаудың нақты жоспары жасалды. Бұдан бөлек, таяу­да Үкіметтің, ғылым мен бизнестің стратегия­лық қажеттіліктеріне арналған қуатты Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Сонымен қатар біз цифрлық егемендігімізді қамтамасыз ету үшін Үлкен тілдік модельді (LLM) белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл бастамалар әлемдік жасанды интеллект кеңістігіндегі Қазақстанның технологиялық өркендеуін жеделдетіп, позициясын нығайтады. Осы ретте Astana Hub пен King Hussein Business Park арасында серіктестік орнату ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, стартаптар, техникалық білім мен басқа да көптеген салада ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев иорданиялық кәсіпкерлерді «Астана» халықаралық қаржы орталығымен серіктестіктің тың мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды. Мемлекет басшысы АХҚО Нью-Йорк, Лондон, Дубай және Сингапурдың озық тәжірибесіне негізделген инвестиция мен инновация тартудың бірегей орталығына айналғанын айтты.

– Біздің Орталық салықтық, визалық және еңбек саясатындағы жеңілдіктер арқылы инвестиция тартуға қажетті барлық жағдайды жасайды. АХҚО әр инвесторға жекелей қолдау көрсетіп, британ құқығына негізделген сот жүйесін, сондай-ақ ислам қаржы өнімдерінің кең спектрін ұсынады. Бүгінде Орталықта әлемнің 85 елінен 4 200-ден аса компания тіркелген. Иордания компанияларын да АХҚО-ның белсенді қатысушысы болуға шақырамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, форумда қол жеткізілген байланыстар өзара инвестиция, инновация және орнықты даму салаларын ілгерілетуге мүмкіндік береді.

– Ұлы Мәртебелі Корольдің елімізге жасаған сапарына тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – біз үшін зор құрмет. Аталған сапар – тығыз серіктестігіміз бен риясыз достығымыздың көрінісі. Өзіңізді досым, тіпті, бауырым деп атауға келісім бердіңіз. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі артықшылық. Қымбатты бауырым, Сіздің арқаңызда Иордания бізге етене жақын елге айналды. Халықтарымыз мәңгіге дос, бауырлас әрі сенімді серіктес болып қалатынына нық сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Иордания Королі ІІ Абдалла да бизнес-форум жұмысына қатысушыларға ризашылығын жеткізді. Ол осы пікір алмасулар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретінін айтты.

– Бұл форум Сіздердің компаниялары­ңыз бен мекемелеріңіз үшін бірлескен кәсіпорындар құруға және экономиканың орнықты өсуіне инвестиция тартуға арналған бағыттарды зерделеуге жол ашады деп ойлаймын. Біздің Үкімет пен Сауда-өнеркәсіп палатасы осы диалогті нақты жүзеге асыру үшін жұмыс істейді. Орайлы сәтті пайдалана отырып, қазақстандық серік­тестерімізді Иорданияға шақырамын. Сол арқылы біздің ұсыныстарымызбен таныса аласыздар. Өз кезегінде иорданиялық ком­паниялар қарқынды дамып келе жат­қан Қазақстан нарығына инвестиция салу­ға ниетті. Осы форумда айтылған баста­ма­лардың нақты жобаларға айналып, ұзақ­мерзімді серіктестікке ұласуына бірлесе атсалысайық, – деді Король ІІ Абдалла.

 

«Астана» халықаралық қаржы орталығын аралады

Бұдан соң Президент пен Иордания Королі «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды.

Мәртебелі меймандарды Басқарушы Ренат Бектұров Орталық қызметінің нәти­желерімен, АХҚО сотының, Халық­ара­лық төрелік орталығының, Қаржы қыз­метін реттеу комитетінің және АХҚО бир­жасының ерекшеліктерімен, сон­дай-ақ бірегей корпоративтік «Сенім музейінің» жұмысымен таныстырды.

АХҚО негізі қаланған сәттен бері 17 млрд доллардан аса инвестиция тартқан. Орталыққа 85 елдің 4 200-ден аса компаниясы резидент ретінде тіркелді.

Осылайша, мәртебелі мейманның ресми сапары аяқталып, Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдалланы елорда әуежайынан шығарып салды.