
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Іс-шара аясында алғашқы сөзді алған «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет жиынға қатысушыларға бұл іс-шараның маңызын түсіндіріп, еліміздегі бірнеше іргелі басылымның басын қосып отырған ұжым мен Конституциялық сот арасында меморандумға қол қойылғанын, мұндай әріптестік байланыс Бас редакторлар клубының президенті, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбайдың бастамасымен жүзеге асқанын, бүгінгі жиын Конституциялық соттың қызметі жөнінде кеңірек ақпарат алуға мүмкіндік туғызатынын жеткізді.
Бас редакторлар клубының атқарушы директоры Бибігүл Құламан Конституциялық сот пен Бас редакторлар клубы арасындағы байланыстың нәтижесінде журналистерге қажетті тренингтерді әр ұжымға барып өткізуге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
«Бұған дейін көп жағдайда журналистер тренингке өздері барып жататын. Десе де, жұмыс барысы қарбалас болғандықтан, тілшілеріміздің барлығын бірден тренингке жібере алмайтынбыз. Әрине, тілшілердің білімін жетілдіру – бәрімізге ортақ міндет. Сондықтан да біз өз аяғымызбен келіп, журналистермен жиын өткізуді қолға алып жатырмыз», деді Б.Құламан.
Ал Конституциялық сот аппараты Өтініштерді бастапқы қарау бөлімінің басшысы Салтанат Нұрымбетова 2022 жылы елімізде конституциялық реформа жасалып, Конституциялық сот құрылғанын, 2023 жылдың қаңтар айынан бері конституциялық бақылау органы Конституцияға сәйкес емес қандай нормаларды анықтағанын, қазір Конституциялық сотқа билік өкілдері ғана емес, қарапайым азаматтар да өтінішпен қайырыла алатынын, тілшілердің Конституциялық сот туралы жазарда қандай мәселелерге мән беру керектігін түсіндірді.
«Біздің басты мақсатымыз – Ата заңымыздың, яғни Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету. Яғни еліміздегі бүкіл заңдар, өзге де нормативтік актілер Конституцияға сәйкес келуі және оған қайшы болмауға тиіс. Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстарды бұқараға насихаттау – бәрімізге ортақ іс», деді Салтанат Мұсабекқызы.
Конституциялық сот талдаушысы Назгүл Тұяқбай Конституциялық сотқа түскен өтінімдердің қалай қаралатынын, бұл органға қарапайым азаматтар қандай негізде жүгіне алатынын журналистерге әңгімелеп берді.