
Бұл тарихи құжат Түркістан мен Баян-Ғолдың арасындағы көпжақты серіктестіктің жаңа кезеңін бастап қана қоймай, екі ел арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісіне айналды. Баян-Ғол – Қытайдағы ірі мақталы өлкелердің бірі. Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Баян-Ғол делегациясын құттықтай отырып, өңіраралық қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. «Бүгінгі серіктестігіміз – өткен жылы Қытай Халық Республикасына жасаған іссапарымыз барысында Сіздермен өткізілген кездесудің нақты нәтижесі. Сол сапар аясында бірқатар өзекті жобалар талқыланып, өзара ынтымақтастықтың берік негізі қаланған болатын. Осы бастама өз жалғасын тауып, екі жаққа да тиімді нақты нәтижелерге жеткізетін берекелі серіктестікке айналады деп сенеміз», деді Нұралхан Көшеров.
Ал Чжу Дайюн мырза өңіраралық қатынастарды дамытудың маңыздылығына тоқталып, бауырлас өңірлер арасындағы өзара сенімге негізделген әріптестік байланыстарды кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп кешенінде бірлескен кәсіпорындар құру, технологиялар мен ғылыми зерттеулер алмасу, тұрақты экспорт-импорт жүйесін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Түркістан облысы мен Баян-Ғол кәсіпкерлерінің 40-тан астам компаниясы арасында B2B кездесулер өтті. Қытайлық делегация түрлі салада жұмыс істейтін өңірлік кәсіпорындармен ауыл шаруашылығы, өңдеу, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, логистика және фармацевтика салаларында әріптестік орнату мүмкіндіктерін талқылады. Шара аясында екі өңірдің өнеркәсіп өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Делегация мүшелері Түркістан облысының «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен «Шағын өнеркәсіптік парктер» қызметімен танысты.
Түркістан облысы