
Мемлекет басшысы екі елдің инвестициялық ықпалдастығы ұдайы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
«Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз барлығына ерекше көңіл аударып жатырмыз. Қытай Халық Республикасының Төрағасы, қадірлі досым Си Цзиньпин мырзамен бірге көп салалы қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту үдерісін үнемі бақылап отырмыз. Осы жолы Қытай тарапы мен бастаған қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласымен қонақжайлық көрсетті. Ресми сапарым тиімді, ойдағыдай өтті деп санаймын. Төраға Си Цзиньпин мырзамен өткен келіссөздер нәтижесін өте жоғары бағалаймын. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын боларына сенемін. Осыған орай, құрметті Си Цзиньпин Төрағаға қазақ-қытай байланыстарын нығайтуға қосып жатқан үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдірдім», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға зор мүмкіндік бермек.
«Қазіргі таңда Қазақстан тұрақты түрде дамып келеді. Біздің экономикамыз – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Жалпы, жыл сайынғы өсім қарқынды деп айтуға болады. Осы жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнім 300 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Бұл – экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және т.б. үшін қабылданған кешенді шаралардың нәтижесі. Сондай-ақ бұл – Қытаймен табысты қарым-қатынастың айқын көрінісі. Қазақстанда инвесторлардың құқықтары мен мүддесін қорғау үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы мақсатпен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енгізіліп жатыр. Сонымен қатар Инвестициялық штаб жұмыс істеуде. Бұл құрылым шұғыл шешімдер қабылдап, инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеді. Биылғы маусым айында Төраға Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға сапары барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы визасыз режим де іскерлік байланыстарды кеңейтуге тиімді ықпал етуде. Шын мәнінде, біздің стратегиялық серіктестігіміздің әлеуеті зор. Қолда бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану қажет», деді Президент.