
Банктен алған несие бойынша 30 күннен астам, ал микроқаржылық қарызды 1 күннен артық кешіктіргендерге несие берілмейді. Кейінгі үш жылда қарызы толық кешірілген азаматтарға да жаңа несие алу қиындайды. Ал кепілсіз тұтынушылық несие мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс.
Қайта құрылымдауға қатысты да талаптар күшейеді. Егер қарыз алушы кейінгі бір жылда қарызын қайта құрылымдаса, бірақ 6 ай ішінде төлемі 5%-ға азаймаса немесе жыл ішінде екі реттен артық қайта құрылымдау жасаса,несие рәсімдеу мүмкін болмайды. Сонымен қатар егер сыйақы сомасы негізгі қарыздың 20%-ынан асып кетсе немесе бұрынғы қарызды жаңа несие арқылы жабу көзделсе, мұндай жағдайда да несие берілмейді.
Ең қатаң талап соңғы бір жылда қарызын 90 күннен астам кешіктіргендерге қойылады. Қарызға қызмет көрсету коэффициенті екі есе қысқарады, яғни айлық табысының тек 25%-ына дейін ғана қарыз төлеуге рұқсат беріледі. Бұл азаматтардың ай сайынғы табысының төрттен бірінен артық бөлігі несие төлеміне жұмсалмауы тиіс дегенді білдіреді.
ҚНРДА дерегінше, қазіргі таңда микроқаржы ұйымдарының портфелінің төрттен бір бөлігі мерзімі өткен қарыздарға тиесілі. Ал халықтың мойнындағы жалпы кредит көлемі 24 трлн теңгеден асып кеткен. Жаңа талаптар тәуекелі жоғары қарыз алушыларды шектеуге бағытталған.