Қоғам • Кеше

Сенатор Геннадий Шиповских: Әлеуметтік желідегі алаяқтыққа заң аясында нақты шара қажет

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Геннадий Шиповских Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында әлеуметтік желілердегі заңсыз ойындар, лотереялар және онлайн жарнамалар жасап жүргендерге қатысты пікірін білдірді. Депутат бұл мәселені алдағы жалпы отырыста арнайы көтеретінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Сенатор Геннадий Шиповских: Әлеуметтік желідегі алаяқтыққа заң аясында нақты шара қажет

«Біз жаз бойы еліміздің әр өңірін аралап, халықпен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажына, көкейдегі мәселелеріне құлақ түрдік. Бұл сапар тек кездесу мақсатында емес, нақты проблемаларды зерттеп, шешу жолдарын қарастыру үшін ұйымдастырылды. Өзім Астана қаласы мен Ақмола облысын аралау барысында қоғамда шешімін табуды қажет ететін бірқатар өзекті мәселені назарға алдым.Соның бірі – әлеуметтік желілердегі заңсыз ұтыс ойындары мен лотереялар. Сонымен қатар «оңай табысқа жету» идеологиясын насихаттайтын курстар мен тренингтердің көбейіп, олардың қоғамға кері әсер ете бастағанын анық байқадым. Бұл – қазіргі таңда жалпы халықтың алаңдаушылығын тудырып отырған үлкен проблема», деді Г.Шиповских.

Сенатордың сөзінше, бүгінде кей блогерлер мен инфлюенсерлер заңды белден басып, ашық түрде түрлі GIF, ұтыс ойындары, марафондар мен жалған курстар ұйымдастырып, жұртшылықты «тез әрі оңай байытамын» деген желеумен жұртшылықты алдап, материалдық пайда табуға көшкен.

«Мұндай құбылыстың салдары тек қаржылық шығынмен шектелмейді. Ең қауіптісі – жастардың санасы біртіндеп уланып жатыр. Адал еңбекке деген құрмет төмендеп, оның орнына жалған жылтыр өмірге сену, шынайы құндылықтардан алшақтау тенденциясы белең алып барады. Бұрын «еңбекпен тапқан нан – тәтті» деген ұстаным ұрпақ тәрбиесінің өзегінде тұрса, қазір әлеуметтік желідегі «ауа сатып, ақша табу» идеологиясы орнын басқан. Бұл – өте қауіпті бағыт. Ал біз, керісінше, нақты еңбекке, жұмысшы мамандықтарға деген құрметті арттыру үшін нақты қадамдар жасап әлекпіз. Мәселен, биыл жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды», деді Сенат депутаты.

Депутат өз сөзінде қазіргі күмәнді курстар мен тренингтердің еш ғылыми негізсіз, манипуляцияға құрылғанын баса айтты. Оның пікірінше, мұндай қызмет түрлерін заң жүзінде шектеу – уақыт талабы.

«Жақында әлеуметтік желіде бір отбасы көлік ойнатып, оған қатысу үшін адамдарды арнайы курсқа жазылуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарады. Бұл – классикалық манипуляция. Мұндай тәсілдер қоғамның құқықтық қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіреді. Тағы бір мысал, әлеуметтік желі белсендісі заңсыз жарнама жасап, бес мәрте әкімшілік айыппұл арқалағанына қарамастан, сол әрекетін жалғастырып отыр. Бұл нені білдіреді? Демек, кейбір азаматтар үшін әкімшілік жаза тоқтау емес, жай ғана «формалдылық» болып қалған», деді Г.Шиповских.

Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп арнайы депутаттық сауал әзірленген. Онда әлеуметтік желідегі заңсыз ұтыс ойындары мен жарнамаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы нақты ұсыныстар қамтылған.

«Халық арасында «Аюға намаз үйреткен – таяқ» деген сөз бар. Біз де қоғамның санасына теріс әсер ететін мұндай заң бұзушыларға нақты әрі тиімді құқықтық тетік қолдануымыз қажет. Әкімшілік айыппұл бұл заңбұзушыларды тоқтата алмай отыр. Керісінше, олар айыппұлын төлеп, заңсыз әрекетін жалғастыра береді. Сондықтан қайталанатын құқықбұзушылық үшін қылмыстық жаза қолдану қажет. Бұл – уақыт күттірмейтін мәселе», деді сенатор.

Оның айтуынша, бұл бастама алдағы жалпы отырыста талқыланып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады. Сонымен қатар, бұл түйткілді мәселе сарапшылардың пікірі негізінде де қаралады.

«Жаңа Қазақстан – әділетті заңдармен ғана емес, адал еңбекке негізделген мәдениетпен, шынайы құндылықтарды дәріптейтін азаматтармен қалыптасуға тиіс. Біз осыған сенеміз және сол бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуді жалғастырамыз», деп сөзін түйіндеді Геннадий Шиповских.