
Бұрынғылар дүниенің қызыл-жасылымен алысып, соңында білімге ұмтылып, осы жолды ең тәуіріне балапты. Майлықожа ақын «ілімге толса көкірек, ашылар көзі сананың» десе, дүр Әмір Темір бір өсиетінде: «Кітап – барлық жаратылыстың, ақыл-ойдың, данышпандықтың негізі, өмір заңын үйрететін тәрбиеші», деген.
Хакім Абай бір шумағында «би болған, болыс болған өнер емес» деп нағыз жол басқа екенін жырлайды.
«Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған».
Иә, «білім – жетекші, әрекет – шабандоз, жан дүние – жылқы» деген ғұламалар. Ал ақыл-ойдың кені аталған Әзіреті Әли білімнің көп артықшылығын тізеді. «Байлық деген Харун, Перғауын, Хамандардың мұрасы болса, білім пайғамбарлардың мұрасы» дейді. Сонымен қатар «хакім өлсе де тірі, надан тірі жүрсе де өлі», «тіпті өлімге апарар қауіпті болса да, ақиқат жолын іздеуден танба» деп зор білім жолын мұра етіпті.
«Түк қалмады әмір мен бек, қазыңнан,
Бірге кетті қазынаға жиғаны.
Неше ғасыр бізден бұрын жазылған,
Сол күйінде Әлішердің жинағы».
Жұматай Жақыпбаевтың шумағы су кетіп тас қалатынын, шынайы еңбек пен асқақ шығарма тозбай сақталарын меңзейді.
«Ілім – өлген жүректерді тірілтеді» дейді Шығыста. Расында, білімнің қадірі мен ләззатын таныса, Ғазали айтқандай, «патша тағынан бас тартар еді».