
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Серік Қуандықұлы, нейрохирургия саласы инновациялық құралдармен толыққанды жабдықталған ба? Бүгінгі әлеуеті қалай?
– Бірден орталықтың қазіргі тынысынан бастайын. Жыл сайын жүйке жүйесінің ең күрделі патологияларымен науқастарға шамамен 5000 операция жасалады. Елімізде алғаш рет нейрохирургияның түбегейлі жаңа бағыттары – микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия салаларымен де сырқаттарды емдеп, операция жасай аламыз. Орталықта 80 жаңа медициналық технология енгізіліп, соның арқасында жоғары технологиялық ем елімізде қолжетімді болды. Орталық ашылғанға дейін жоғары технологиялық медициналық көмекті қажет ететін науқастардың 80%-ы ел ішінде мұндай ем-домға қолы жете алған жоқ. Әсіресе эндоваскулярлық және хирургиялық әдістер арқылы ми тамырлары ауруларын емдеу басталып, аневризмалар, артериовеноздық мальформациялар және басқа да күрделі патологияларды емдеу ісі де оң нәтиже берді. Бұл бағытта жасалған операция саны – 8000-нан астам. Клиникада эндоскопиялық әдіспен емдеу тәсілі де кеңінен қолданылып келеді. Оның ішінде эндоскопиялық трансназальды транскраниальды бас сүйек негізіне қолжетімділік, нейронавигациялық жүйені, интраоперациялық мониторингті қолдана отырып микрохирургиялық операциялар бар. Осы әдіспен жалпы 11 000-нан астам операция жасалды.
Ұлттық орталықтың тағы бір ірі бағыты – омыртқа мен жұлын ауруларын хирургиялық емдеу. Арнайы бөлімшеде заманауи реконструктивтік операциялар жасалып, үмітсіз деп саналатын науқастардың өздері аяқтан тұруға мүмкіндік алды. Барлығы – 13 000-нан астам науқасқа операция жасалған.
– Омыртқа арасына титан салып бекіту тәсілі қаншалықты тиімді? Адам ағзасы металды жатырқамай ма?
– 2018 жылдан бастап орталықта омыртқа ауруларына қолданылатын заманауи технологияны дамытуға басымдық беріп келеміз. Жалпы, қатерлі ісік деген кесел асқынғанда метастазаға айналады. Обыр ауруы ағзаларға тез жайылып, науқастың жағдайын бірден нашарлатып жібереді. Омыртқаны емдеу кезінде яғни рекоструктивті емдеу шарасын жүргізуге көп уақыт кетеді. Ал араны ашылған ауру күтіп тұрмайтыны белгілі, сәт сайын асқына түседі. Ойласа келе, біз омыртқаға ем жүргізіп уақыт жоғалтқанша, дәл сол омыртқа пішіндес жасанды сүйек формасын титаннан жасап орнату тиімді екеніне көз жеткіздік. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен әріптестік байланыс орнатып, бірнеше жылдан бері тізе қосып жұмыс істейміз. Осы орталықтың мамандары 3D аппаратпен титаннан омыртқа пішінін жасайды, біз инновациялық металл-омыртқаны науқастарға саламыз. Тереңдей ұғындырғанда сырқат кеміріп, әбден мүжілген омыртқаны ұзақ уақыт емдеп, операция жасағаннан гөрі оны жігінен ажыратып алып тастап, орнына титаннан жасанды омыртқа орнатқан, яғни имплант әлдеқайда тиімді. Клиникалық экспериментальды жұмысты бірден тәжірибеге енгізуге рұқсат етілмейді. Оның нәтижесін шетелдің алдыңғы қатарлы медициналық орталығында тексерту талабы бар.
3D басып шығару технологиясымен омыртқа сүйегін жеке имплантпен алмастыруға бағытталған клинико-эксперименттік жұмыстарымыз нәтижелі аяқталды. 4 науқасқа операция жасалып, имплант сәтті қолданылды. Жоба «Ghalam» компаниясымен және Германияның Ульм қаласындағы травматология және биомеханика институтымен бірлесіп іске асырылды. Бұл ілкімді жобаның нәтижесі Астанада өткен Конгресте айтылды. Қазіргі таңда әдісті коммерциялық бағытта тәжірибеге енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Омыртқаға имплант салудың арқасында аяғынан сал болып жүріп-тұруы мұңға айналған сырқат жандардың табанына жан бітіп, қимыл-қозғалысы жақсарды, тіпті өздігінен нық басып адымдайтын деңгейге жеткендері де бар.
– Төрт жыл бұрын осы орталықта іске қосылған гамма-пышақтың артықшылығы қандай?
– 2021 жылы маусым айында орталықта стереотаксистік радиохирургияға арналған заманауи гамма-пышақ кешені іске қосылды. Ол – Орталық Азиядағы жалғыз аппарат. Сонымен қатар ми ісіктерін, тамырлық әрі функционалдық ауруларды радиохирургиялық емдеудің «алтын стандарты» саналады. 2000-нан астам жерлесіміз бен шетелдік науқастардың да гамма-пышақпен жасалған емнен кейін денсаулығы жақсарды. Көршілес елдерден келетін науқастардың саны артып келеді. Мұның артықшылығы – ісік көлемі шағын болса, қан тамырлары қысылса, ешқандай операция жасап науқасты кеспей гамма-пышақ арқылы емдейміз. Орталық Азиядағы бес мемлекеттің ішінде тек бізде ғана гамма-пышақ бар дедік қой. Соның нәтижесінде медициналық туризмнің де тамырына қан жүгіріп, түсетін табысқа да едәуір септігін тигізіп отыр.
– Халықаралық қауымдастықтармен байланыс та нығайып келеді екен. Оған жуырда елордада өткен Дүниежүзілік конгресс кезінде тағы да көз жеткізе түстік.
– 2010 жылы құрылған Қазақ нейрохирургтер қауымдастығы бүгінде Дүниежүзілік нейрохирургиялық қоғамдар федерациясының, Еуропалық және Азия нейрохирургтер қауымдастығына мүше.
Астанада әлемдік деңгейдегі ғылыми іс-шаралар үнемі ұйымдастырылады. Мұның барлығы да біздің медицина өрісін, оның ішінде нейрохирургиядағы жетістіктерімізді әйгілеп, тәжірибемізді шыңдай түседі. Азия нейрохирургтерінің Х конгресін Астанада өткіздік. Оған 56 мемлекеттен 700-ден аса нейрохирург дәрігер келді. Осы жиын кезінде Астанадағы ұлттық нейрохирургия орталығы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның жас нейрохиругтерін даярлайтын ұжым деп танылды.
Жақында өткен Walter E.Dandy атындағы дүниежүзілік конгрестің мерейтойлық Х жиыны елордада ұйымдастырылуы айрықша маңызға ие. 20 елден 400-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында АҚШ, Еуропа мен Азия елдерінің білікті нейрохирургтері бар. Walter E.Dandy атындағы нейрохирургиялық қауымдастық 2011 жылы АҚШ-та құрылған. АҚШ-тан Walter E.Dandy нейрохирургиялық қауымдастығының президенті Saleem Abdulrauf келді. Мұндай конгресте әлемнің жетекші нейрохирургтері заманауи жетістіктер мен инновациялар жайын талқылап, өзара пікір алмасады, тәжірибесін бөліседі. Астанада өткен конгресте 30-дан астам әлемге танымал ғалымдар баяндама жасады. Олардың ішінде академик Александр Коновалов (Ресей), профессор Леонид Лихтерман (Ресей), профессор Memet Ozek (Түркия), әйгілі дәрігер Noor ul Owase Jeelani (Ұлыбритания), Piero Picozzi (Италия), Esper Cavalheiro (Бразилия), Luan Guoming (Қытай) сынды әлемге әйгілі нейрохирургтер бар. Осы конгресте біздің нейрохирургтеріміздің ғылыми-клиникалық жетістіктері таныстырылды. Екі күндік бағдарламада 40-тан астам ғылыми баяндама мен пікірталас өтті. Инновациялық әдістер, радиохирургия, күрделі тамырлық және онкологиялық патологияларды емдеу, функционалдық және балалар нейрохирургиясының қадау-қадау мәселесі көтеріліп, шешу жолдары айтылды. Конгреске қатысқан мәртебелі меймандарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдап, салиқалы кездесу болды. Президент форумда: «Қазақстан нейрохирургиясының жоғары жетістіктерінің дәлелі» деп атап өтті.
Walter E.Dandy қауымдастығының дүниежүзілік конгресін Астанада өткізу – Қазақстан нейрохирургиясының халықаралық деңгейде мойындалуының айғағы. Бұл – білім беру, тәжірибе алмасу, сондай-ақ технологияларды енгізу мен күрделі нейрохирургиялық ауруларды емдеуде маңызды қадам. Елімізде нейрохирургия саласы әрқашан мемлекеттің қамқорлығында екеніне шетелдік мамандар тағы да көз жеткізді. Мемлекет басшысының ұсынысымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының қаржылай демеуімен біздің орталықта енді гибридтік операция жасау кешені салынады. Медицина өрісінде де технологияның дамығаны сондай, бір мезетте науқасқа екі операцияны қатар жасауға болады. Мәселен, науқастың басында ісік бар делік. Оны сылып алып тастау кезінде көп қан жоғалтады. Ал пациенттің қайта қалпына келуі үшін аз уақыт кетпейді. Гибридті операция жасалса, екі бірдей топ қатар кіріседі. Бірінші топ қан тамырын бекітіп, қанның ақпауын тоқтатып береді, іле екінші бригада бірден ісікті алып тастауға кіріседі. Бұрын қалай еді? Бұрын қан тамырды бекіту үшін бір операция өтетін, араға уақыт салып екінші рет науқас тағы да әуреленетін. Көрдіңіз бе, гибридтік операция жасау өте тиімді. Халықтың тегін медициналық ем-дом алуына яғни операция жасауға мемлекеттен бөлінетін қаражат та үнемделеді, пациент те екі рет пышаққа түспейді. Осы арада айта кетер жайт, мемлекет өз халқының ем алуына барлық жағдай жасап отыр. Біздің орталықта да ел азаматтарына жасалатын операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы жүзеге асырылады.
– Ғылым саласындағы өрісіміз қаншалықты кеңейіп келеді?
– Ұлттық нейрохирургия орталығында 10 ғылыми жоба жүзеге асырылды, 10 патент алынды, 20 монография, 21 әдістемелік нұсқаулық шығарылды, 700-ден астам мақала жарияланды. Оның ішінде 76 мақала Web of Science, Scopus базаларына енгізілді. Сондай-ақ орталық жүйке жүйесі ісіктерінің биобанкі құрылды. Бұл халықаралық ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа клиникалық жаңалықтар ашуға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті депутаттарының бастамасымен Денсаулық кодексіне өзгеріс енгізілді. Соның нәтижесінде ұлттық ғылыми медициналық орталықтарда профильді докторантура мамандарды қабылдап, даярлауға мүмкіндік берілді. Ұлттық нейрохирургия орталығында неврология және нейрохирургия кафедрасы ашылып, медициналық жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандардың біліктілігін жетілдіріп, ғылыми бағытта ізденісін арттыруға мүмкіндік туғызып отыр. Кафедрада резиденттер, жас нейрохирургтерге білім беріледі.
– Елімізде нейрохирургия саласында мамандар жеткілікті ме?
– Еліміздегі нейрохирургия қызметін Ұлттық орталық пен 39 облыстық және қалалық аурухана жанындағы 51 бөлімше атқарады. Орталық омыртқа және жұлын хирургиясы, нейроонкологиядағы микронейрохирургия, геморрагиялық инсультті аз инвазивті емдеу, ми мен омыртқаға эндоскопиялық операциялар бойынша 69 технологияны өңірлерге енгізді. Мыңдаған науқас өңірлерде осы емді алды. Сонымен қатар санитарлық авиация арқылы шұғыл көмек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, аймақтарға консультациялық көмек пен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып келеді. Жылдар бойы 100-ден астам өңірлік іссапар, 100-ден астам операция жасалды.
Осыдан 17 жыл бұрын Астана қаласынан Ұлттық нейрохирургия орталығын ашқандағы басты мақсаттың бірі – бәсекеге қабілетті жас мамандарды даярлау еді. Бүгінге дейін резидентура бағдарламасымен 92 түлек – 65 нейрохирург пен 27 невролог даярланды. Қазір тағы 42 резидент білім алып жатыр. 2 400-ден астам маман біліктілігін арттырды, 80-нен астамы қайта даярлаудан өтті. 50-ден астам шеберлік сабағы өткізіліп, оған 1 100-ден астам тыңдаушы қатысты. Осындай жұмыстың нәтижесінде жауапкершілігі жоғары, өте күрделі операцияларды жасайтын жас нейрохирургтер шоғыры қалыптасты. Ұлттық нейрохирургиялық орталықта күрделі деген кейбір операцияны маған қаратпай-ақ білікті де білімді жас мамандар өздері жасай береді. Өңірлерде де кадр тапшылығы жоқ, аймақтарда білікті нейрохирургтер, жұмылған жұдырықтай бірлігі бекем ұжым бар. Егер осы ынтымақты ұжым болмаса, бір нейрохирург бір жылда 5 мың операция жасай ала ма? Әрине, жоқ! Ұлттық нейрохирургия орталығында алты бөлімше бар. Бұлардың әрқайсында білікті мамандар жұмыс істейді. Мидағы ісікті сылып тастауды шебер меңгергендердің бөлімшесінде, жұлын, омыртқа ауруларына ем жасайтын нейрохирургтер бөлімшесінде, қан тамырлары мен функционалдық ауруларды емдейтін топ шоғырланған бөлімшенің де мамандары жоғары санатты дәрігерлер. Кейінгі жылдары біздің орталықта паркинсон ауруын хирургиялық емдеу тәсілі бір ізге түсіп, 600-ден астам операция жасалды. Эпилепсияға шалдыққандарды да дәл осындай жолмен сырқатынан айықтыру қарқын алып келеді. Бүгінде мұндай науқастарға 500-ден астам операция жасалды. Балалар нейрохирургиясы бөлімінде жаңа туған нәрестелерге ми патологияларын емдеу жасалып, эндоскопиялық операцияларға басымдық беріледі. Сонымен қатар минималды инвазивті әдістер арқылы ем-шара бөлімшесі ашылды. Кейбір операциялар жеңіл өтіп, науқасты орталықта ұзақ ұстамай бірер күнде үйіне қайтаруға болады. Міне, сондай аса күрделі деп саналмайтын операциялар осы шағын инвазивті бөлімшеде жасалады. Оңалту бөлімшесі де бар. Бізге көбінесе аймақтардан келетін науқастардың үлесі басым. Әрине, оларға күрделі операция жасаған соң бірден үйіне жібере алмаймыз. Тағы бірнеше уақыт бақылауда, дәрігерлердің қадағалауында болуы үшін осы оңалту бөлімшесіне ауыстырылады. Мұның барлығы да мемлекеттің ел азаматтарына деген орасан қамқорлығының белгісі.
Орталық тек жерлестерімізге ғана емес, шетелдік науқастарға да көмек көрсетеді. 17 жыл ішінде 500-ден астам шетел азаматы ем алды. Олардың қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Украина, Грузия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Нигерия, Канада, Беларусь және басқа елдердің азаматтары бар.
Гамма-пышақ аппараты іске қосылғаннан бері көрші елдерден келетін науқастар көбейді. Осыған байланысты аймақ елдеріне медициналық көмек көрсету үшін үкіметаралық келісімдер де жасалып жатыр. Мұның барлығы медициналық туризмнен келетін табысты еселей түседі.
– Ілгерідегі бір сұхбатыңызда 5 мыңнан астам операция жасағаныңызды айтып едіңіз. Сұрағым келгені, есте қаларлық, таңғажайып оқиғаға толы операцияны бастан өткердіңіз бе?
– Біздің орталықта ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып жүкті әйелдерге – ана мен баланы аман алып қалу мақсатында ерекше операция жасалды. 2008 жылы жүктілігінің 9 айы кезінде аневризмасы жарылған әйелге бір мезгілде операция мен босандыру қатар жүргізілді. Бүгінде ана мен бала дені сау. Пациенттің құрсағына біткені тұла бойы тұңғыш баласы екен. Айы-күні жақын қалғанда инсульт алып, басындағы ісік жарылып кетеді. Перзентханадағы дәрігерлер не бала аман қалады болмаса анасының жанын алып қалу үшін іштегі сәбидің өміріне қатер төнетінін біліп қатты алаңдайды. Біздің орталыққа хабарласып, пациентті жеткізді. Сын сәтінде бізге зор жауапкершілік жүктелді. Екі бірдей ғұмырдың тағдыры дәрігерлердің қолында. Іргелес қоныстанған «Ана мен бала орталығының» білікті мамандарын шақырып кеңес өткізіп, тәуекелге бардық. Елімізде тұңғыш рет науқасқа екі бірдей операция бір мезетте жасалды. Акушер дәрігерлер жатырдағы нәрестені аман-есен жарық дүниеге әкелген сәтте біздің бригада бас мидағы тамырдың жарылған бөлігін алып тастады. Кейін науқас жансақтау бөлімінен палатаға ауысқанда «Мен сізді танымадым, бірақ маған екі бірдей өмір сыйладыңыз» деп қолымды қысып алғысын айтты. «Мен де сізді танымаймын, алайда біздің ар алдындағы парызымыз – науқастың сырқатынан айықтыру» деп жауап қаттым. Қазір сол нәресте түбіт мұрты тебіндеп жігіт болды, анасы екеуі орталыққа келіп тұрады.
Әртүрлі мерзімдегі жүктілік кезінде әйелдерге ми мен жұлын патологияларына операция жасалып, пациенттің де құрсағындағы шарананың да өміріне қатер төндірмей жүзеге асырған мұндай операцияларды ойласам, жүрегімді қозғап жібереді. Дәрігерлер де жұмыр басты пенде. Кейде таңнан кешке дейін табаныңнан тік тұрып операция төсегінде жатқан науқасқа жасаған операция сәтсіз болғанын көргеннен асқан ауыртпалық жоқ. Жаныңды жегідей жейді. Бірақ боркеміктеніп отыра беруге мүлде болмайды, ертеңіне тағы да жауапкершілігі зор операция күтіп тұрады. Өмірдің ағысы осындай.
Әңгімелескен –
Қуат ӘУЕСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»