Саясат • Бүгін, 09:08

Конфуций еліндегі қазақ белесі

50 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемді ынтымаққа ықпалдастыратын да, жасампаздыққа ұйыстыратын да – мәдениет. Біздің ұлт әлімсақтан айналамыздағы ниеті түзу жұртшылық өкілін «тамыр» дейді. Мұнысы жаһанның тұтастығын, адамзаттың бір негізден шыққанын меңзегені. Ата дәстүрде «Көрші ақысы – құдай ақысы» екені бала жастан миымызға сіңірілген. Бұл мәтелдің де мағынасы терең.

Конфуций еліндегі қазақ белесі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Биік деңгейде Қазақстан – Қытай қарым-қатынасы қайта жаңғырған кезеңде Қазақ елінің басшысы – Бейжіңге, Қытай Халық Республикасының төраға­сы Си Цзиньпин – Астанаға бірнеше мәрте мемлекеттік сапармен ат басын бұрғанда осы тату-тәтті көршіліктің мазмұны байып, тұғырлана түсті. Бұл әлем мен өңірдегі соғыс, қақтығыс, басқа да саяси текетірес тұсында аса өзекті еді.

2023 жылдың мамыр айында Қытай астанасында өткен келіссөзде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз­дің ынтымақтастығымыз мызғы­мас достыққа және өзара қолдау­ға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жо­лындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықара­лық қауіпсіздікті, өзара ықпалдас­тықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды», дегені есімізде. Осы жиында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин: «Бұл келіссөз екіжақты ынтымақтас­тығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және тығыз байланысымызды тағы да растайды. Біз қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам бастық. Елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет», деді.

Әлем буырқанып-бұрсанып жат­қан кезеңде еларалық сенім мен жауапкершіліктің мәні ерекше.

Ал 2022 жылы қыркүйекте Қытай басшысы Қазақстанға келген ресми мемлекеттік сапарында: «Біз қандай жағдай болса да, Қазақстанның тәуелсіздігін, мемлекеттілігін, территориялық тұтастығын сақтауына қолдау білдіреміз», деп мәлімдеген еді. Мұны тату көршіліктің жауапкершілігі әрі саяси мәдениеттің беделді сөзі дер едік.

Екі жыл бұрын Бейжіңде өткен келіссөз қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин серіктес екі елдің сауда-эко­номика, мұнай-газ, энерге­тика, мәдениет, білім-ғылым, қар­жы, көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастығын жан-жақты дамытуға қатысты 23 маңызды құжатқа қол қойды. Соның ішінде Қазақстан Респуб­ликасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министр­лігі арасындағы мәдени орталықтар құру жөніндегі ниеті туралы меморандум бар-тын.

Жоспар-жоба, бекітілген құжат орындалуымен құнды. Алдыңғы күні Қытайдың Тяньзин қаласында Шанхай ынты­мақтастығы ұйымының саммиті өтті. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин халықаралық «ШЫҰ +» жиыны мінберінен жаһандық егемен елдер теңдігі қағидатын мәлім етті. Адамдар мүддесіне бағытталған халықаралық заңдылықтар орнығуын қуаттады.

Саммите Қазақстан Пре­зи­денті Қ.К.Тоқаев әлем­дік қауіпсіздік пен тұрақты­лық мұратын, ШЫҰ аясын­дағы жауап­кершілікті, дипломатия­дағы даналықты атап өтті. Айтқан­дайын, ШЫҰ елдерінің басшылары 3 қыркүйекте Бейжіңде Дүниежүзілік антифашистік соғыс Жеңісінің 80 жылдығына арналған шерудің құрметті қонағы болады. Бұл күндері Конфуций еліндегі жүздеген мәдени-танымдық шара ХХ ғасырда халық жадында қалған айбынды оқиғаға арналмақ.

Кеше Қытай астанасының Чаоян ауданындағы «ХХІ ғасыр» бизнес аумағында (Лянмацяо, 40) Қазақстан мәдениет орталығы ашылды. Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР басшылығы атынан Мәдениет министрі Сунь Ели, екі мемлекеттің саясат пен мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, қаламгерлер, өнер тұлғалары, жастар қатысты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлы Дала мен Ұлы Қытай байланысы үзілген емес. Біз соны жал­ғас­тыруға міндеттіміз. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ықы­лас-құрметіне рахмет,  Бейжіңде бүгін ашылған Қазақстан мәдениет орталығы, Астанада былтыр тұсауы кесілген Қытай тілі және мәдениеті институты – мәңгілік достығымыздың алтын көпірі бола береді», деп тұжырымдаса, ҚХР Үкіметі мүшесі Сунь Ели: «Мемлекет басшымыз осы іс-шараның ШЫҰ саммиті мен біздің Ұлы Жеңісіміздің аясында өткеніне риза көңілін жеткізеді. Мың жылғы достығымызды екі елдің бүгінгі басшылары саяси, мәдени, қауіпсіздік бастамаларымен дәлелдеп жүр», деп түйіндеді.

Қазақстан мәдениет орта­лығы Үкіметіміздің 2025 жылы 22 мамырдағы №357 қау­­лысы не­гізінде құрылып отыр. Ол – шетелде ашылған алғаш­қы мемлекеттік мәртебеге ие мәдениет ошағы.

Мәдени-рухани, ақпараттық-ағартушылық бағыттағы біре­гей орталық көрме залынан (кітапхана және экспозициялық кеңістік), конференц-залдан (кинозал, коворкинг аймағы бар), қазақ тілі кабинетінен, музыка және шығармашылық бөлмесінен, «Сандық» музей-мейрамханасынан (VIP бөлмесі бар) тұрады. Жалпы аумағы – 744 шаршы метр. 22 миллион тұрғыны бар шаһарда Қазақстан мәдениетін танымалдандыру мақсатында осындай көлемдегі аумақты иемдену еліміздің абыройы деп санаймыз. Ресми қонақтар және жиналған қауым Орталықтың салалық көрмесі мен арнаулы бөлмелерімен танысып, қазақ тілі мен өнерін үйреніп жүрген қытайлық мектеп оқушыларының жетістіктерін тамашалады.

Әйгілі қытай данышпаны Конфуций: «Кімде-кім бақыт пен даналық әрдайым жанымда болсын десе, жиі жақсылыққа қарай өзгеріп отыруы керек» деген екен. Көкейкесті ақыл! Әр адам, ұжым, қауым, ұлт, ел тұтас әлем жаңаруын ойласа, жасампаздыққа мүдделі болары сөзсіз. Біздіңше, көрші екі ел басшылығының мәдениет орталығын ашудағы ойы да осында болса керек. Қазақтың ойшыл ақыны Абай: «Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз» дейді. Осы пайымның астарында дұрыс мағынадағы бүгінгі сенім мен ықпалдастық, адамшылық пен түсіністік тұр. Біз Бейжіңде ашылған Қазақстан мәдениет орталығы мен Астанада ашылатын Қытай мәдениет орталығының жұмысы тұжырымдамасынан шынайы серіктестік арқауын аңғарамыз.

Конфуций: «Кәміл адам­шы­лық бес қасиеттен тұрады. Олар: байыптылық, жан жомартты­ғы, шынайылық, зейінділік, рақымдылық» десе, Абай адамзат пен ұлтқа зәру бес асыл істі: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой» деп таратады. Кемелдікке қатысты даналар пікірінің үндестігі анық көрінеді.

Міне, бұл да – жаңашыл мәдениет орталығы бастамалары­ның өзегі. Әрине, ірі жоба қайнаған өмірдің өзіндей үзіліссіз үдерісте болғаны жөн. Сонау бағзы дәуірдегі Конфуцийдің мына сыны жаһанға ортақ: «Бұрын мен адамдарды тыңдай отырып, ісіне сенуші едім. Қазір адамдарды тыңдай отырып, ісіне қарауға мәжбүрмін». Бұл – Абай сынындағы «Саудасы – ар мен иманы, Қайрат жоқ бо­йын тыйғалы» деген ойдың түпкі түсінігі.

Мәдениет орталықтарында айтылар даналық пен көрсетілер рухани қазынаның пәлсапасы – «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ». Ханзу халқы: «Білім – даналық шамы. Білімің асса, әлемде жол ашық», дейді екен. Әлбетте, еларалық мәдениет саласындағы іс, бастама жүйелі, тиянақты жүрсе, халықтан да, көршіден де сын емес, алғыс аларымыз анық.

Еларалық жиынның ең есте қаларлық сәті – мәдени басқосуға дипломат Қ.К.Тоқаевқа кезінде Бейжің Тіл және мәдениет институтында сабақ берген ұстазы Лю Шицинь мен Қазақстанда қызмет еткен экс-елшілердің қатысуы еді. Жасы егде тартса да әлі тың профессор Лю: «Біздің тарихта «Таң әулетінің Батыс өлкелер туралы жазбалары» деген мұра бар. Арғы бабаларымыздың сенімі мен сыйластығы туралы. Мен бүгін соның жаңғырығын, жалғасқан дәстүрін көріп отырмын. Елдеріміз өзара тең ынтымақ негізінде жаңа заманға сай дами береді деп есептеймін. Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның ел басқару тәжірибесінен, жаңалықтарынан хабардармын. Мәдениеті, жауапкершілігі көпке үлгі», деді.

Әлемдік аядағы мәдениет орталықтары – тіл мен тарихтың, әдебиет пен өнердің үйлесімі һәм алтын көпірі. Бейжіңдегі Қазақстан мәдениеті орталығы – еліміздің рухани айнасы. Кітапханадан көрме залына дейін, қазақ тілі кабинетінен музей көріністеріне дейін, жиналыс алаңынан коворкинг аймағына дейін, кинозалдан музыка бөлмесіне дейін, ұлттық сәннен елдік дәмге дейін халық қазынасына, Ұлы дала даналығына суарылған. Жоғары деңгейде қабылданған мемлекетаралық құжаттағы тапсырманы дер кезінде жүйелі, сапалы орындаған – Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдағы Қазақстан елшілігі екенін айта кеткен орынды. Министр А.Ғ.Балаева жауапты әр сәтті жеке қадағалап, сенім үдесінен шықты.

 Бейжіңнің халық қаумалаған Чаоян ауданында еліміздің төл­құжа­тын­дай қазақ орталығы бой көтер­ді. Аты да, заты да, арманы да асқақ. Енді оны баянды, мазмұн­ды ету – ел көріп, жер та­ныған зия­лының, білім іздеген та­лап­ты жастың, атажұртын әз тұт­қ­ан қиыр­дағы қандастың борышы.

 

Бейжің