
Фото: jibek joly арнасы, скриншот
«Заң қабылданды, бірақ оның іске асуына қажетті қағидалар әлі күнге дейін анықталмай отыр. Кәсіпкерлерге түсінікті ережелерсіз жаңа реестрге көшу мүмкін емес», деді депутат.
Депутаттың сөзінше, биылғы мамырда Мемлекет басшысы отандық өнім өндірушілерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарауды көздейтін заңға қол қойған. Бұл заң бойынша бұрынғы СТ-KZ және индустриалдық сертификаттардың орнына біртұтас реестр енгізіліп, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуда артықшылық берілмек. Алайда аталған реестрдің ережелері толық пысықталмай, белгісіз күйде қалып отыр.
Айтуар Қошмамбетов реестрдің әзірленуі бизнес өкілдерімен талқыланғанын, екі мыңнан астам кәсіпкерден ұсыныс түскенін, бірақ кейіннен құжаттың тағдыры айқын болмай қалғанын айтты. Оның айтуынша, қаңқасы дайын реестрді енгізудің техникалық мүмкіндігі де жоқ.
«Уақыт аз, жаңа жүйе 2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс, бірақ дайындық жеткіліксіз. Мұндай жағдайда кәсіпорындар реестрге тіркеле алмай, мемлекеттік тапсырыстан тыс қалуы мүмкін», деді ол.
Сонымен бірге депутат цифрлық верификация жүйесінің де толық жұмыс істемегенін алға тартты. Оның сөзінше, жасанды интеллект негізінде автоматтандырылған тексеріс болуы керек еді, бірақ көктемде көрсетілген үлгіде бұл іске аспаған. Ол бұл мәселе шешілмесе, мемлекеттік сатып алу жүйесі мен өндірістің тоқтау қаупі бар екенін ескертті.
Қошмамбетовтің айтуынша, қосымша талаптар да бизнеске салмақ түсіруі ықтимал. Мәселен, кәсіпорындарға бейнебақылау орнату міндеті жүктелгенімен, оның шығынын кім көтеретіні белгісіз. Сондай-ақ шалғай ауылдардағы интернет мәселесі шешілмей тұр.
Осыған байланысты ол Үкіметке реестрдің нақты ережелерін қайта талқылауды, техникалық операциялардың толық тізімін бекітуді, бейнекамера орнату мен интернетке қолжетімділік жайын айқындауды ұсынды. Сондай-ақ жаңа жүйені пилоттық режимде сынап көру қажет екенін айтты.
Айтуар Қошмамбетов бұл заңның қабылдануы әрбір өндірушіге әсер ететінін айтып, асығыстыққа жол берілмеуі керектігін ескертті.