
Депутаттың айтуынша, биыл шілде айында Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай және Мақтаарал аудандары тұрғындарымен кездесулерде бірқатар өткір мәселелер көтерілген. Соның ішінде ең күрделі мәселе – Сарыағаш ауданындағы Көктерек кентінің кәріз жүйесінің апатты жағдайы.
«1984 жылы салынған кәріз жүйесі бүгінде толық тозған. Нәтижесінде 60 шипажай мен мыңнан астам үйдің кәрізі істен шыққан. Бұл көршілес ел мен жергілікті халыққа экологиялық қауіп төндіріп тұр. Сасық сулар Келес өзеніне жетуі мүмкін, ал ол өзеннің суын 600 мыңнан астам адам пайдаланып отыр», деді Қырықбаев.
Әкімдік әзірлеген жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Жобаның құны – 1,9 млрд теңге. 2025 жылға облыстық бюджеттен 191,6 млн теңге бөлінгенімен, жұмысты толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен қосымша 1,3 млрд теңге қажет.
Сонымен қатар, Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарында ауыз су жүйелері құрылысының алты нысаны басталған. Оларды аяқтау үшін 2025 жылы республикалық бюджеттен 7,4 млрд теңгеден астам қаржы қарастыру қажет. Оның ішінде Қазығұрт ауданының Алтынтөбе ауылдық округі, Сарыағаш ауданындағы Құркелес ауылдық округі мен Самал-3 шағынауданы, сондай-ақ Ақжар ауылдық округіндегі жобалар бар.
Депутат Мақтаарал ауданындағы жағдайды да ерекше атап өтті. Ақжол, Арайлы, Игілік және Мырзакент ауылдарындағы ауыз су жүйелерін қайта құру үшін шамамен 2,8 млрд теңге қажет.
«Ауыз су тапшылығы халықтың наразылығын тудырумен қатар, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген инфрақұрылымдық міндеттердің уақытылы орындалуына кедергі келтіруі мүмкін», деді Темір Қырықбаев.