
Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрге жуықтайтын мектеп-гимназияның ашылу салтанатына өңір басшысы Құмар Ақсақалов, ERG директорлары кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов, Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Бұлбұл Ораққызы, оқушылар, ұстаздар, ата-аналар қатысты.
Аталған компания «ERG Mektep» бағдарламасы аясында осымен үшінші мектепті ел игілігіне тапсырып отыр.
«Соңғы бірнеше жылда біз «ERG mektep» бағдарламасы аясында мектептердегі білім беруді дамыту ісіне 15 млрд теңгеден астам қаражат бағыттадық. Бүгін, міне, өздеріңізге есігін айқара ашып отырған жаңа білім ордасын халықаралық білім беру жүйесіндегі ең озық талаптарға сай салып шықтық. Біз мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан «Келешек мектебі» жобасына қосқан үлесіміз деп білеміз», деді ERG-дің Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөзінде биыл өңірде бұдан өзге тағы 5 мектептің ашылатынын, оның біреуі «Келешек мектебі» жобасы аясында Рудный қаласында пайдалануға берілетінінін тілге тиек ете келіп, «ERG» компаниясының бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимовке облыс тұрғындары атынан алғыс хат табыс етті.
«Бүгін өздеріңіз табалдырығын алғаш аттағалы отырған жаңа мектептің құрылысына облыс әкімдігі мен Еуразиялық Топ арасында жасалған меморандум аясында осы мектепті салып берді. Мемлекет басшысы әрдайым мектеп – білім мен тәрбиенің киелі шаңырағы екенін баса айтады. Ал білім сапасын арттыру – әлеуметтік саясаттың басым бағыты. Бүгін біз Рудныйда ашып жатқан 1 200 орындық заманауи мектеп – бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысының жемісі. Жаңа білім беру мекемесі заманауи талаптарға сай. Сапалы білім мен тәрбие беріп, оқушылардың спорт пен шығармашылықта дамуына барлық жағдай жасалған. Бұл мектеп адалдық, еңбексүйгіштік пен жауапты буын тәрбиелейтін мығым іргетас боларына нық сенімдімін. Өнеркәсіп саласының өркендеуі жаңа мамандарды қажет етеді. Сондықтан біз ең алдымен білім саласын дамытып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп отырмыз. Рудныйда таяуда ғана 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Биыл 1500 орындық жаңа стадион пайдалануға беріледі», деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Білім ордасында, қазірше, 950 оқушы білім алып жатыр. 80 мұғалім жұмыс істейді. Мектеп директоры Вячеслав Журавлевтің айтуынша, жаңа мектеп-гимназияға өзге мектептерден ауысып келіп жатқан бала көп. Сондықтан таяу күндері оқушы саны 1200-ге дейін жетуі мүмкін.
Мектепте мамандандырылған физика, химия кабинеттері жұмыс істейді. Жаңа технологиямен жабдықталған гидропоника кабинеті бар. Мұнда балалар өз қолымен түрлі өсімдіктерді егіп, оларды күтіп-баптап, бағбаншылыққа машықтанатын болады. Мұның сыртында, STEМ зертхана, робототехника кабинеті, 5 бірдей компьютер сыныбы, 380 орындық мәжіліс залы, 240 орындық асхана, кең спорт залы жұмыс істеп тұр.
Жаңа гимназияның тағы бір ерекшелігі, мектеп ғимараты күннен қуат алатын панельдермен жабдықталған. Бұл электр қуатының едәуір мөлшерде үнемделуіне мүмкіндік береді. Мектептің айналасы, іші-сырты түгелдей заманауи қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген. Мұндағы бейнебақылау камералары жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейді.
Бір мезетте мың екі жүз бала бірдей білім алатын үлкен мектепті қысқа уақыт ішінде түгел аралап шығуға мүмкіндік болмады. Алайда жаңашылдық көп. Мәселен, «ERG» мектебі білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларға барынша бейімделген. Мамандандырылған сыныптар ашылып, лифт және арнайы көтеру механизмдері орнатылған. Осылайша, оқушының бәріне бірдей жайлы да қауіпсіз жағдай жасалған.
Тағы бір айта кететін жайт, гимназия мұғалімдерінің цифрлық көмекшілері болады. Ұстаздар оның көмегімен оқушының осал, мықты тұсын анықтап, талдап, арнайы тапсырма беріп отырады.
Қостанай облысы