Қоғам • Кеше

Рухты әндер шырқалды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Р.Бағланова атындағы «Қазақкон­церт» мемлекет­тік академиялық концерт залында Ата заңымыздың 30 жыл­дығына арналған ақын-сазгер, Мәдениет сала­сының үздігі Ерқожа Тілепбердиевтің «Рух қана­тында» атты шығармашылық кеші өтті.

Рухты әндер шырқалды

Кеш иесінің есімі жұрт­шы­лыққа ел сүйіп тың­дайтын әндерге жазған өлең­дерімен белгілі. Бүгінге дейін ақын 300-ден аса дәстүрлі, эстрадалық, клас­сикалық шығармалардың мәтіні мен 50-ге жуық әннің сөзін жазған. Бірнеше жыр жинағы жарық көрген. Осы туындылардың бірқатары кеш барысында орындалды. Әсіресе автор­дың «Әскери керней», «Жұмақ мекен», «Жалғыз сәт», «Райымбек батыр», «Қазақстаным – Отаным менің», «Офицер мырзалар», «Елдің қорғаны», «Абылай хан», тағы басқа да патриоттық әндері тыңдарман рухын көтерді. Бұл концерттің бір ерек­ше­лігі – алғаш рет «Қазақконцерт» әртіс­тері мен Қазақстан Қарулы күштері құра­мындағы өнерпаздар бірлесіп өнер көрсетті.

Сондай-ақ концерт «көрігін» Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткерлері Құрмаш Махан, Клара Төленбаева, Нұр­болат Арзамас, «Дарын» Мем­лекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Алмадиев, республикалық және халықаралық байқаулардың лау­реаттары Айбек Әбдіашимов, Бір­жан Айтахмет, Айдос Саниязбек, Ибра­һим Әмин секілді белгілі әншілер қыз­дыра түсті. Олар Е.Тілепбердиевтің сөзіне жазылған әндерді нақышына кел­тіріп шырқады. «Astana Musical» мем­лекеттік мюзикл театрының жас өнер­паздары ақын өлеңдерін оқы­ды. «Астана сазы» мемлекеттік фоль­к­лорлық ансамблі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдері, «Халық қазы­насы» ұлттық өнер орталығы әртіс­тері­нің өнері де көпшілік көңілінен шықты.

Сонымен қатар кешке Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерінің Ұлт­тық әскери-патриоттық орталығы, Ұлт­тық ұланның ән-би ансамблінің со­листері, «Ерлер» хоры және әскери ор­кестрі, Мемлекеттік күзет қызметі ор­кестрі, ҰҚК Шекарашылар қызметі ән-би ансамблінің және Ұлттық дель­фий ойындарының жеңімпаздары қатысты.

 

Азат ЕСЕН