Мирас • Кеше

«Господин»

40 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы Созақ және Көктөбе ауылдарының дәл ортасында Жақ деп аталатын төбешік орналасқан. Жұрт мұны Жақтөбе деп атап кеткен. Осы төбенің үстіндегі шағын ғана аумақты алып жатқан қорымның шығыс тұсында оқшаулау орналасқан үш төмпешік – үш қабір бар. Мұның екеуінде Досымет Шаяхметов пен оның немересі жерленген. Ал үшіншісі Досымет қарияның «Господин» деген жүйрігінікі.
Жүйріктігімен танылған, ел аузына іліккен, талай аламан бәйгеде алдына қара салмаған сәйгүлікті немесе сенімді серік болған жылқының сүйегін жұрт, қожайыны құрметтеп, кәдімгідей жерлеуі қазақ даласында бұрын-соңды кездескен.

«Господин»

Суретте: «Господиннің» үстінде атбегі Айтжан Нұрсейітов.

«Господин». Бұл жүйрікті 1997 жылы 13 маусымда Қарабура әулиенің есімін ұлықтау мақсатында Созақ ауданында өткен ас-жиында бірінші рет көрдім. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі талай аламан бәйгеден құр қайтпай, көбісінен бас жүлде иеленіп жүрген «Господиннің» даңқы асып тұрған кез еді бұл...

Қарабура әулиеге арналған асқа халық мол жиналды. Алыс-жақыннан келген қонақтар ығы-жығы. Қазақтың әйгілі перзенті, сол кезде Мемлекеттік хатшы қызметіндегі Әбіш Кекілбаевтың асты ұйымдастыруға арнайы атсалысқаны жиынның мәртебесін үстемелей түскен...

Астың негізгі іс-шаралары аяқталған соң, қатысушы халайық аламан бәйге өтетін жерге қарай асыққан. Атшабар ас өткен жерден соншалықты алыс емес, Созақ ауылының оңтүстік-шығыс тұсы. Біз де бәйге өтетін жерге келдік. Жұрт аузында – «Господин». «Шабысы неткен керемет», «Ана бәйгеде өйтіп шапты, мына бәйгеде бүйтіп шапты», «Түген жерде өткен бәйгеде мәреге ентікпей, ойнақтап жетті», «нағыз тұлпар осындай болса керек» деген сыңайдағы гу-гу мадақ сөзден құлақ тұнады. Бір кезде «Господинді» бәйге сөресіне алып келеді» деген хабар естілді. Жұрт жапа-тармағай «Господинді» көруге ұмтылды. Сәйгүлік бір топ адамның қаумалауында келе жатыр екен. Шылбырын ат иесі Досымет аға ұстаған. Сөре сызығына жақындай бере әлгі топ тоқтады. Жақын барып көрдік. Күрең қасқа. Үстіне жұқа ақ жабу жабылған. Сыртқы көрінісінде анау айтты ерекшелік жоқ, денесі шағын, тұрқы қысқа, бойы пәс, кәдімгі қарабайыр, Созақ топырағында туған жылқы түлігі. Атасы атан торы аталған жүйрік айғыр, енесі күрең қасқа бие екен. Негізінен жабыға ұқсаңқырайды. Басқасын айтпағанда, жүйрік ат омыраулы, төсі кең келеді деуші еді, мұныкі ондай емес. Төсі қушиған, алдыңғы аяқтарының арасы тар, сауыры да жалпаққа жатпайды. Атты айналшықтап біраз тұрдым. Бұған дейін даңқына қанып, келістіре суреттеген талайлардың сөзіне сеніп келген маған аттың сыртқы пошымы ұнай қоймады. Дегенмен атағы кеңге тараған «Господинге» жанкүйер ретінде іштей сәттілік тіледім. Кенет сәйгүліктің көзіне көзім түсіп кетті. Бойым шымырлап кетпесі бар ма? Көзі жанып тұр жарықтықтың. Аламанға түсер алдындағы ширығудан көзі жанып тұрған болар... 

* * *

Созақ өңірінде, қала берді Түркістан облысы халқының арасында, соның ішін­де жылқы баласына жаны жақын аға буын өкілдері ортасында «Господин» тура­лы аңызға бергісіз әңгіме әлі күнге жиі қозғалады. Аудандағы Раң ата ауылы­ның тұрғыны Айдар Тілеубекұлының айтуын­ша, «Господиннің» жарқырай көрінуі талай қазақ баласына ата-баба жолымен қайта ат ұстап, бәйгеге қосуына түрткі болған. «Жалпы, Созақ даласында шашасына шаң жұқтырмаған талай тарланбоз, сәйгүлік шыққан, бірақ көбісінің атағы ел жадында «Господиннің» даңқындай ұзақ сақталмаған. Бұл жүйрікке ешкім жыр арнап, фильм түсіріп, мақала жазбаса да, ел ішінде оның аты ұмытылмай келе жатқаны тегін емес. Мұның сыры «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жануардың қасиет-киесінде, дала төсін тұяғының дүбірімен оятқанында жатқан болар, бәлкім», дейді Айдар Тілеубекұлы.

Созақ өңіріне белгілі азамат, кезінде аталған сәйгүліктің талай шабысын көзі­мен көрген атбегі Айтжан Нұрсейітовтің сөзіне қарағанда, «Господиннің» бұлайша жарқырай көрінуі жергілікті халықтың рухани өміріне әжептәуір серпіліс әкелген. Өйткені кешегі қызыл саясаттың кесірінен атынан ажырап, ер-тоқымын қолына ұстап қалған, биік рухы жерленген халықтың санасы қайта жаңғыруына, намысының қайралуына бастау болды.

1989 жылғы құлын «Господинді» Досымет қария перзенті Дінмұхаммедке бәсіреге атапты. Ол бәсіресіне «Корон» деп ат қояды. Дінмұхаммед «Коронды» әуелі ауыл арасында өтетін тай жарысына қосады. Аяқ алысы жаман емес. Бас жүлде алмаса да, алғашқы үштіктің, төрттіктің ішінен табылатын «Корон» иесінің көңілінен шығады. «Ауыл арасында өтетін кішігірім тай жарысында «Корон» жүлдесіз қалмайтын. Содан тайыма кө­ңіл бөле бастадым. Күтімге алып, бөлек жа­йын қамдадым. Құнан кезінде шабысына шабыс қосты, бәйгелерден олжасыз қайтпайтын. Көбіне бас жүлде алатын. Мұны байқаған әкем Досымет «Коронға» көңіл аударып, күтімінің оңды болуын қадағалайтын болды», дейді Дінмұхаммед.

Жануар Шолаққорған ауылында 1991 жылы күзге салым аудандық деңгейде өткен құнан бәйгеге түсіп, бас жүлде иеленеді. Бұл сәйгүліктің ауылынан ұзап шығып, алғаш қатысқан үлкен додасы еді. Тай кезінен шабысымен ауыл-аймақты тамсандырып, құнанында аудан халқының аузына іліккен жануар осы кезден бастап үздіксіз он жыл, яғни 2001 жылға дейін тұғырынан таймай, шабысынан жаңылмай, созақтықтардың, қала берді облыстың үкілеген үміті болды.

Сәйгүліктің «Корон» деген есімінің қалайша «Господин» аталып кеткені де өз алдына бір әңгіме. Досымет қарияның ортаншы ұлы Расулмет бұл жөнінде былай дейді: «Ат інім Дінмұхаммедтің бәсіресі болғанымен, кейіннен оның атақ-даңқы атырапқа жайыла бастағанда жұрт Досыметтің жүйрігі деп таныды... Әкемнің жас шағында үндінің «Господи́н 420» атақты фильмі дүркіреген ғой. Әкем осы фильмнің басты рөлінде ойнаған Радж Капурге ұқсап киініп, соның жүріс-тұрысын айнытпай салады екен. Содан жеңгелері қайнысын «Господин» деп атап кетеді. Кейіннен бұл лақап ат әкеме желімдей жабысып, бүкіл ағайын-туысы, ауылдастары, дос-жарандары ол кісіні «Господин» деп атайтын болған. Бұл лақап ат жүре келе сәйгүлігіне өтті де, әкем өзінің азан шақырылып қойылған есімі Досыметпен қайта «қауышты».

Досыметтің үлкен ұлы, атасының есімін алған Шаяхметтің сөзіне сүйенсек, «Господин» тай кезінен есептегенде 100-ге жуық бәйгеден жүлде алған. «Тұлпар біздің үйдің ғана емес, бүкіл созақтықтардың, тіпті Түркістан облысының мақтанышына айналды. Қатысқан барлық бәйгесінен бас жүлде алды десек, күпірлік болар. Өйткені ет пен сүйектен тұратын жануар ғой. Жолы болмаған, бәйгеден шығып қалған кездері де кездесті. Жануар өте сезімтал еді. Бәйгеде ақылмен шабатындай көрінетін. Шабандоз балаға соншалықты қиындық туғызбайтын. Ауыздықпен алысып, жүгенді жұлқылап әурелемейтін. Бәйгенің алғашқы айналымында орта шенде келе жатады да, алдындағы аттардың шаңын жұтпау амалымен жел жақ шетке шығып алады. Содан мәреге бір-екі айналым қалған­да шабысын үдетіп, қарсыластарына «ша­буылды» күшейтеді. Бәйге алатын күні көлік қорабына өз еркімен секіріп міне­тін, ал жүлде бұйырмайтын күні көлікке мінгісі келмей, қитығатын-ды...» дейді Шаяхмет.

«Господиннің» негізгі күтімі Рысалды апаның мойнында болыпты. Бұл кісі Досымет қарияның кемпірі, Созақ ауылында тұрады, бүгінде 75 жаста. Әңгімені майын тамыза айтатын апамыз қойған сауалымызға орай былайша сөз тарқатты. «Господиннің» жем-шөбін, суын уақтылы беру, басқа да күтіміне қарау көбіне менің міндетім болды. Өйткені Досымет көкең сері, үй шаруасынан сырттап жүретін. Бала-шағаның өз тірлігі бар. Бірі жұмысым деп, бірі оқуым деп, бірі дос-жарандарын жағалап күндікке үйде бола бермейді, – деген кейуана бір ауық үнсіз қалды. Сол сәтте ол кісі өткен шақтың терезесіне көңілімен үңілгені анық еді. – «Господин» құлын кезінен құлдыраңдап қолымызда өсті. Бәйге атын бағу нәресте күткеннен қиын екен. Аттың бағымына барымды салатынмын. Жануар еркелеткеніңді, жалын, кекілін тарап, сипалап, сауырын жұмсақ алақаныңмен қаққыштағаныңды қалап тұратын. Жем-шөбін, суын бипаздап, дұрыстап бермесең, жарытып жеп-ішпей қояды. Жоңышқаны жуып, шаңнан арылтып барып астауына дымқыл күйінде салатынмын. Арпа-бидайын да бір түйір тас не басқа да бір артық зат жібермей, алдын ала әбден тазалап, қаптап қоятынбыз. Арпа-бидайын күніне 2 килодан артық бермейміз. Қой сойғанда қанын жеміне шылап беретінбіз. Белгілі бір мөлшерде жеміне қосып жұмыртқа, мейіз, жиде, жас өрік жегізетінмін. Қамау терін көп алмайтынбыз. Үш жылда бер рет қана, күз мезгілінде алатын қамау терін. Сырттан шауып келген соң, есік-тесігі жабық, ішіне тоқ пеш қосылған қораға кіргізіп, ер-тоқымын шешіп алып, таза жабу жауып екі сағат ұстаймыз. Тері сүмектеп ағады. Қамау тері толық алынғанын аққан терінің құрамында тұз қалмағанынан білеміз. Сосын төрт не бес сағат өткеннен кейін барып отқа қоямыз, жем-шөбін береміз...»

«Господин» 2004 жылдың күзінде өз ажалынан өлген. Сәйгүлік сүйегін жо­ғарыда аталған Жақтөбеге арулап жер­лепті. Дін қызметкерлерінің нұс­қауы­­мен, өлген атты алқымынан бауыздап, қа­нын шығарып, ішек-қарнын алып тастап, ­ақ сұрыппен орап, құйрығымен отырғы­зып, алдыңғы екі аяғын алдына айқасты­рып көміпті.

2022 жылы Досымет қария 80 жасында бақиға озады. Ол кісінің сүйегі өз өсиетімен сәйгүлігінің жанына қойыл­ған. «Господиннің» жанына Досымет қариядан бұрын шетінеп кеткен немересі Досыметқожа жерленіпті. Осылайша, Жақтөбенің бір бүйірінде үш қабір пайда болған. 

* * *

Сонымен. Қарабура әулие асындағы аламанға оралайық.

Бәйгенің бас жүлдесіне темір тұлпар тігілген. Оған қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен кіл жүйрік жиналған. Ұзын саны 200-ге жуықтайды. Бәйге қашықтығы 30 шақырым, әр айналым 3 шақырымнан. Сырт көрінісіне қарасаң, көзің тоймайтын небір дүлдүл жер тарпып, тізгінмен алысып, тұрған орнында тыпыршиды. Жиналған қауым «Бас бәйгені қай тұлпар алады?» деген басты сұрақты тал­қылап, өздерінше болжам жасап гу-гу
етеді...

...Жаршының жарлығымен бәйге аттары жарыстың бастау сызығына шақырылып, іле шабуға белгі берілді. Сырт облыстан келген, көрермен болжамынша бас бәйге мен қалған жүлделерді алады деген, бітімі ерекше, әбден жаратылған, аяқтары ұзын, келісті бес ат ә дегеннен негізгі топтан 300 метрдей алға шығып кетті. Екпіндері дауыл тұрғызып барады. Аяқ тастасына жүрек көзі сүйсінеді. Одан кейінгілер төрт-бес топқа бөліне жүйткіп барады. «Господин» үшінші топтың орта шенінде оң жақты алып келеді. Аяқ алысы шабыттандырар емес. Алдын ала су себіліп қойылғандықтан атшабар топырағы дымқыл. Шаң көтеріле қойған жоқ. Күн ыстық, дегенмен әлсіз желтең бар. Төртінші айналым бітті. Бесінші айналым бастала бере бәйге аттары тұяқтарының тепкісінен жұқалтаң шаң көтерілді. Аттар қатары біршама сиреді. Біраз ат «шамамның жеткені осы, енді қайтемін?» дегендей жарыс жолынан шығып қалған.

Біздің көзіміз көсіле шауып бара жатқан алдыңғы бес ат пен үшінші топтың орта шенінен шыға алмай келе жатқан «Господиннің» арасында жалтақтайды. Кенет ғаламат көрініс пайда болды. Айналаны «Уа, Жаратқан! Уа, Құдай! Ақсарбас! Әруақ, әруақ!» деген дауыс­тар жаңғыртып жіберді. Бұл дауыс­тар созақтық жанкүйерлердікі екені анық. Жергілікті көрермен дүр сілкінді. «Господин» бесінші айналымның бірін­ші бұрылысынан өткен сәтте көзді ашып-жұмғанша үшінші топтан сарт ете оза шығып барды да, жүз метрдей ілгері келе жатқан екінші топтың алдына түсті. Ғаламат! Сирек кездесетін көрініс. Одан мұндай шабуылды ешкім күткен жоқ. Жұртты дүр сілкінткен осы әрекет еді. Созақтықтардың үміті лаулап жанды. «Господин» екінші топтан елу метрдей алда. Жаңағы шалт қимылы салмақты, бір қалыпты шабысқа ұласты. Дегенмен тұрақты үдеу бар. Енді тағы бір мінез көрсетсе, алдыңғы топты басып өтері анық. Бесінші айналымның басында көрсеткен тамашасын қайталауды жұрт асыға күтетіндей. Алтыншы айналымға келгенде «Господин» жылдамдығын бірден арттырмағанымен, біртіндей үдей берді. Екінші топтан жеке жүз елу метрдей ұзап кетті. Алдыңғы топпен арақашықтық едәуір қысқара түсті... Ә дегеннен алға шығып кеткен бес аттың екеуі барлығып, кейін қалып қойды. Іле оларды иелері жарыс жолынан алып кетті. Бәйге көшінің басын енді үш ат ұстап қалды.Алдыңғы­лар мен «Господиннің» арасы қысқара түсті. Жұрт назары түгел «Господинге» ауған. Жануардың болат тұяғы қара топырақты илеп барады. Тұяғынан шаң емес, от ұшқындайды. Шабысы жүректерді шымырлатып, көңілдерді босатты. Сол мезетте кеудесін аппақ сақалы жапқан бір қарияның: «Бар екенсің ғой, нар екенсің ғой», деп кемсеңдегені, асқа келіп, аламанды тамашалауға аялдаған бір кейуананың «Господинге» мейірлене: «Құйтақандай болған құлыншағым-ау сол», деп жасаураған көзін сүрткені, бір жас өскіннің қиялына ерік беріп, жіңішке шыбықты «мініп» алып, алақанымен санын ұрғылап шапқылап бара жатқаны естен кете ме, сірә?

 «Господин» жұрт күткендей тағы бір мінез көрсетті. «Господин» жетінші айналымға дейін топ бастаған үшеу­дің жанынан ілгері қарай жұлдыздай ағып ­өте шықты. Күрең қасқа «Господин» одан ­са­йын үдей берді. Әгәрәки, еркіне салса, тағы жиырма шақырымды қиналмай ­басып өте алары сөзсіз еді.

...Сегізінші айналымда «Господин» төрт аяғын тең тастап, еркін түрде жеке шықты. Кенеттен, дәлірегі созақтық күлік осы айналымның орта тұсына жақындай бергенде әлдекімдер жарыс жолына «Господинмен» қабаттастыра тыңнан екі ат қосып жіберді. Жұрт мына әділетсіздікке шыдамай дүрлігіп кетті. Бірақ жарыс жалғаса берді. «Господин» өзіне жасалған тосын шабуылға пысқы­рып та қараған жоқ, шабысын қарқында­тып, қабаттасқан тың тасыраңбайлар­ды шаңына да ілестірмей кетті. Бұл айлаларынан түк шықпағанын білген әлдекімдер қалайда бәйгенің шырқын бұзып, бас қаһарманды бірінші жүлдеден қағудың қитұрқы амалын жасауға бекінгендей болды. Сөйтіп, ақырында аттылы жиырма шақты адам атшабардың бел ортасынан килігіп, жарыс жолына түсе шаба жөнелді. Жарыс шарты бұзылды, бәйге барысы бақылаудан шығып, атшабарда түсініксіз, әлемтапырық жағдай орнады. Аламан жарыс тоқтатылды. Бәйге басталар алдында «басты қарсыластар «Господинге» бас жүлдені бұйыртпас үшін өзара сөз байласыпты» деген мазмұндағы сөз расқа айналғандай болды.

Шын жүйріктің, дүр дүлдүлдің лайықты да әділетті бәсекелесінен тайқы маңдай, қарау ниетті, адыраңдап аңдысып қапы қалдырар қарсыласы қашан аз болып еді?.. Қарабура әулиенің асындағы аламанда «Господинге» қарсы жасалған бұл өрескелдікті, жаулықты нағыз қастандық деп те, халықтың көзін бадырайтып қойып жасалған қысастық деп пайымдадық. Бәрінен де, қазақтың жақсысы, дара тұлға Қарабура әулиенің әруағы алдында ыңғайсыз күй кештік.

Аламан шырқын бұзғандар анық­талмады, ешкім жаза тартпады. Амал не?

Бұл бәйгеден кейін де «Господин» талай бәйгеге қатысып, оза шапты. Оның өзі бір тарих.

«Господиннің» көп жүлде алғанын білеміз... Досымет көкеміз сол жүлделерді үйге шашауын шығармай алып келетін бе еді?» деген сауалымызға Рысалды апа күле отырып былай деп жауап берді: «Господин» қатысқан аламанда төрт машина, ек аяқтысы бар, үш аяқтысы бар мотоциклдің неше түрін жеңіп алды. Ал ұтып алған түйе, жылқы, сиыр, тоқты-торым, тоңазытқыш, теледидар, кілем, басқа да дүниелердің санын айта алмаймын. Әлгі төрт машинаны пайдалан­дық, ал қалғандарының көбісін Досекең кө­ңілі түскен адамына «Нағашым еді, жиенім еді, досым еді, құдам еді» деп таратып жіберетін. Табиғатынан сері Досымет көкеңнің қолы ашық еді, дүниеге қызықпайтын жарықтық», дейді Рысалды апа. 

* * *

«Господин» – Созақтың Құлагері. Аңызға айналған жануарға бір ескерткіш орнатса, қанеки, Созақ жерінде.