Қоғам • Кеше

Прокурорлар дабыл қақты

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарлық прокурорлар интернет-алаяқтықтың 43 пайызға көбейіп кеткеніне алаңдаулы. Алғашқы жеті айда облыста алаяқтыққа қатысты 1 208 дерек тіркелген. Ал интернет-алаяқтық сипатындағы қылмыстарды ашу үлесі небәрі – 17,5 пайыз.

Прокурорлар дабыл қақты

Сурет: Генпрокуратура РК

Бас прокуратура Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті Ертіс-Баян өңірі еліміздегі интернет-алаяқтық деңгейі жоғары бес аймақтың қатарына кіретінін мәлім етті.

«Алматы мен Астана қалалары, сондай-ақ Қарағанды мен Алматы облыстарынан кейінгі орында біздің өңір тұр. Алғашқы жеті айда облыста алаяқтыққа қатысты 1 208 дерек тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 842 болған, яғни өсім 43 пайыздан асады. Алаяқтардың әрекетінен келген жалпы материалдық шығын 164 млн теңгені құрады, оның тек 12 млн теңгесі өтелген», деп хабарлады департаменттен.

Алаяқтық оқиғаларының ең көп өсуі Павлодар қаласында және Тереңкөл, Успен аудандарында байқалған. Ал Аққулы, Ақтоғай және Шарбақты сияқты аудандарда керісінше төмендеген.

Құқықтық статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, тіркелген алаяқтық­тардың басым бөлігі (86,3 пайыз) интернет арқылы жасалған. Алаяқтық қылмыстардың ашылу көрсеткіші небәрі – 28,1 пайыз, ал интернет-алаяқтықтар бойынша – 17,5 па­йыз деңгейінде. Алаяқтардың құрбандары көбіне 60 жастан асқан азаматтарды құрайды (жәбірленушілердің 25,9 пайызы).

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, алаяқтықтардың өсуінің бірнеше негізгі себебі бар. Бұл – қызмет көрсету, сауда және қаржы салаларындағы цифрландырудың жаппай өсуі, егде жастағы азаматтар арасындағы цифрлық сауаттылықтың жеткіліксіздігі, сондай-ақ бұл саладағы қылмыстарды тергеудің күрделілігі.

Аталған мәселемен күресу үшін прокурорлар онлайн-платформаларда пайдаланушыларды міндетті түрде идентификациялауды, күмәнді операцияларды бақылау тетіктерін енгізуді, несиелер беруге бақылауды күшейтуді, сондай-ақ азаматтардың өздерінің сақ болуын ұсынады. Онлайн-платформалардың өз клиенттерінің қауіпсіздігі үшін жауап­кершілігін арттыру және азаматтарды киберқауіпсіздік негіздеріне белсенді оқыту – алаяқтықпен күресті айтарлықтай жеңілдете алады.

 

Павлодар облысы