Мектеп • Кеше

Заманауи мектеп – өркениет нышаны

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылында Шығыс Қазақстан облысында білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер пайдалануға берілді. Биылғы оқу жылында облыстың 347 мектебінде 99 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде алғаш рет мектеп табалдырығын 9 729 балдырған аттаған.

Заманауи мектеп –  өркениет нышаны

2 қыркүйек күні Өскемен қала­сын­да №31, №40, №41 мектептер алғаш рет есігін айқара ашты. Соны­мен қатар Глубокое ауданы­ның Белоусовка ауылындағы №2 орта мектебі мен «Опытное поле» мектебі, Зайсан қаласындағы «Сауыр» орта мектебі оқушыларды қабыл­­дай бастады.

Аталған жобалар Білім беру инфра­құрылымын  дамыту қоры­ның қолдауымен жүзеге асырылды. Одан бөлек, Риддер қаласында 600 орын­дық №12 мектептің лентасы сал­танатты түрде қиылды. Ашылу рә­сіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақ­тағанов қатысты. Өңір басшысы сы­­ныптарды аралап, ұстаздар мен оқу­­шыларды Білім күнімен құттық­та­ды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына назар аударып отыр. Ел ертеңі үшін ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Бүгінгі ұрпақтың білімді азамат болып қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалуда, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Қазір Риддерде «Казцинк» ком­паниясының қаржы­лан­ды­руы­мен тағы 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 200 орындық жыл бойы жұмыс істейтін балаларға арналған демалыс орталығының жобасы әзірленуде. Риддерде қосымша 6 білім нысанына жөндеу жүргізіліп жатыр. Биыл робо­ттехника, биология және физика бағытындағы 3 жаңа кабинет сатып алынады.

– Білім күні қарсаңында облысы­мыз­дың жер-жерінде жаңа мектептер ашылды. Ертеңгі болашақ үшін ең әуелі осы білім саласын жолға қоюымыз керек. Ол бағытта айтулы жұмыс жүргізіліп жатыр. Қуаныштымыз, – дейді №41 мектептің ата-анасы Айнұр Әділбекқызы.

Айта кетерлігі, жаңа оқу жылы қарсаңында облыстағы 319 мектеп асханасы толықтай жөнделіп, бар­лық қала мен аудандарда оқу­шы­­­лардың тамақтану сапасын бақы­лау топтары жұмысын бастады.

Білім саласындағы ауыз толтырып айтар жаңалықтың тағы бірі, Ұлан ауданындағы Бозанбай орта мектебін ерекше атап өтуге болады. Ол еліміздегі үздік 100 мек­тептің қатарына енді. Мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, ма­териал­дық-техникалық база жаңар­тылды. Жаңа оқу кабинеттері, кітап­­хана, телестудия, STEM-зерт­хана және заманауи спорт залы ашылды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы – балалардың кең сыныптарда сапалы білім алуына, зама­науи спорт залдарында шынығуына, IT-кабинеттер мен зертханаларда жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік жасайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы