
– Қали аға, халқымыз хакім Абайды рухани құбыланамамыз деп жүрміз. Ал сіз үшін Абай кім?
– Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос!» деген сөзін «Қазақ әдебиеті» газеті маңдайшасына бекер жазған жоқ. Ақыл-ойдың алыбы тек адамның ғана емес, адамзаттың да досы. Егер адам ойы бір сатыға төмендесе, Абай соны толықтырушы. Қазақта дана көп, бірақ Абайдың жөні басқа. «Өз мінімді санасам, тау тасынан аз емес» дейді данышпан. Демек Абай өз бойындағы кемшілікті қазақтың да кемшілігі санап, «өз сөзім өзімдікі» деп жаза берген. Сөйткен Абайды қазір біз қалай түсініп жүрміз? Бірдеңеге назалы болсақ, күйіп-піссек «әй, біз оңбаймыз, әй осы біз ел болмаймыз», «Абай атамыз айтқан ғой» деп отырамыз. Бәрін Абай бүлдіріп кеткен тәрізді, Абайдан жақсы сөз қалмаған сыңайлы. Әр жерге орынсыз тықпалайтын болдық. Орыстың мінін басқасын былай қойғанда, Чаадаевтан артық айтқан бар ма? Солай екен деп, оның жер-жебіріне жетіп жатқан орысты табасыз ба? Біздің атағынан ат үркетін кейбір академиктеріміздің өзі Абайды айтқанда тіксініп, жер тепсініп сөйлейтінін де көрдік. От басы, ошақ қасында, бала-шаға алдында да айтатынымыз Абайдың сыни сөздері. Абайды өз ыңғайымызға бұрып алғанбыз. Ата сақалы аузына түскен ақсақалдың немересінің алдында да айтатын сөзі осы. Ол немеңіз ертең «е, Абай жаман кісі болған екен ғой, атамыз осылай деген», деп өспесіне кім кепіл? Сондықтан әр қазақ Абайды дос көретін сана биігіне жетпей, оны түсіндім деу бекер. Әуезов «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» дегенде дананың тілін ғана айтып отырған жоқ қой. Абай академия ғой. Сондықтан ең алдымен Абайды оқу, оқыту мәдениетін қолға алу керек.
– Ақын Бақыт Беделханның сіз туралы «Аманат арқалаған аға» атты жырын білеміз. Жалпы, қоғамдағы қайбір мәселеге де енжар қарай алмайсыз. Бұл қанға сіңген әдет пе, әлде ұлт алдындағы жауапкершілік пе?
–Қайсыбір жылы «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Руға емес – рухқа, ағаға емес, Алашқа қызмет ететін кездерің. Мейрамбек Беспаевқа хат немесе Ақаңның аманаты, алаңдауы туралы» деген тақырыптағы хат үлгісіндегі мақалам ғой. Хат қоғамда үлкен дүмпу туғызды. Белгілі телеарналар хабарын осы хаттан бастады. Көптеген басылымдарда қолдау материалдар берілді. Көшіріп басқандар да болды. Өзің айтқандай Бақыт Беделхан ғажап толғау жазып, «Жас қазақта» жариялады. Енді әдет пе, жауапкершілік пе деуің осы оймен үндеседі.
Өз тәжірибемде көзім жеткені — әркім өз ісімен айналысса, сол ұлтқа, қоғамға пайда әкеледі. Кеңес заманында Жазушылар одағында еңбек тақырыбына арналған пленум өтеді. Оған атақты еңбек ардагерлері Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев та қатысады. Сонда Ыбырай ақсақалға сөз берілгенде «шопан, таяғыңа ие бол, диқан, кетпеніңе ие бол, жазушы, қаламыңа ие бол» деп үш-ақ ауыз сөз айтады да, мінбеден түсіп жүре береді. Осы сөз күнібойғы көп сөзге нүкте қояды. Бұл не деген сөз? Қоғамда популизм, берекесіздік қайдан туады? Әркім өз ісімен айналыспағаннан. Даңқты диқан соның диагнозын дәл қойып берген жоқ па?
Мәселен, мен журналиспін. Қоғам, яғни оқырман менен өткір, сын мақала немесе бір әдемі есілген эссе күтеді. Солай ғой. Жауапкершілік деген осы. Шерағаң «Алдымен елге тигізер пайданы ойла, өз пайдаң соның ішінде» деуші еді. Өзің де жерде қалмайсың дегені ғой. Сонсоң бізге бір жетіспейтіні – мінез. Білім мен мінез біріккен жерде алынбайтын қамал жоқ. Мінез білімді алға апарушы қозғаушы күш, генератор. Көбімізге мәлім Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген атақты сөзі бар. Ал енді осы сөзді тарқатып айтсақ, көп мағынасының бірі былай: Сенің көп оқығаныңнан, білгеніңнен не пайда, елге қызмет етпесең? Білімі ұшан-теңіз бола тұра, бәрін дәлелдей тұра, мәселені тиісті жеріне жеткізе алмай жігерсіздік, жалтақтық танытып пұшайман болғандарды да көргенбіз. Жұрттың бәрі Салық Зиманов, Шерхан Мұртаза емес қой. Ал енді хан да, хакім де, қара да қандай тиран болса да мұндай тұлғалардың алдында дәрменсіз. Кешегі халыққа 20 жыл бойына ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, алдымен көкірек көзін ашқан алашордашылардың қаруы осы білім мен мінез болды. Сол тұста Орта Азия, Кавказ аймағында мұндай білімді, мінезді қайраткерлер шоғыры болған емес.
Мақтанға сеніп қалу оңай, ал одан шығу қиын
– «Шал мен шындық» атты кітабыңызда «мақтау таудан құлаған тасқын секілді» дейсіз де, елдік, қоғамдық мәселелерге тереңдейсіз. Жалпы атаққа ұмтылған, мақтан сөзден пайда көрген кезіңіз бар ма?
– Бұл сауалға өмірдің өзінен дәлел іздесек, өзіміз өнері мен өресіне сүйініп өскен талай таланттарды той-томалақ, көңілжықпастық, мақтау-мадақ жұтып жіберген кездің куәсі болғанбыз. Тағдырын той шешкен таланттар да болды. Той деген не? Ішу, асыра сөйлеу, өтірік мақтан есту, т.т. Мақтан – бұл біртіндеп буынға қалай түскенін білдірмейтін дерт. Ақан сері айтқандай, жаманды аса мақтап, адам қылып, өзіміз осы күнді тіледік қой деген әңгіменің бір гәбі. Біреулер одан өмірбақи арылмай, ес жимай кетуі мүмкін. Мақтанға сеніп қалу оңай, ал одан шығу қиын. Сөйтіп, тәңірдің берген көл-көсір сиынан мақтанның кесірінен айырылып қалғандар да бар. «Мақтау қиратады, боқтау ширатады» деген сөз бар Қадырда. Демек мақтанды көтеріп тұру үшін де талантқа талант керек. Адам пенде ғой. Мақтаса екен деп те тұрады. Әсіресе ақылың әлі толыспаған жас күніңде мақтаса екен, ертерек танымал болсам екен деген ой басым болады. Бұл ең қауіпті кезең. Міне осы кезеңнен аман өткен адам әрі қарай қандай мақтауға да бас бермей, оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды.
Мақтан бұл әсіресе дарынды адамдарды құлату үшін ойлап табылған құдіретті инструмент. Кеңес жүйесі бұның адам ойы жетпес түрлі тәсілін ойлап тапқан. Атақ беру де осы тәсілдің ең жетілген түрі.
Атақтың жақсы жағы да, жаман жағы да болды. Жаманы әрине әділетсіз берілуі, белгілі адамдардың арасында алауыздық тудыруы. Сіз әрине АҚШ-тың халық әртісі, Францияның халық әртісі т.т атақты естіген жоқсыз. Ал КСРО Халық әртісі деген атақ болды. Бұл атақ СОКП орталық комитетінің саяси бюросында бекітіліп, оған әр бюро мүшесі жеке дауыс беретін болған. Сол шіркіндер Ахмет Жұбановқа «бұл өзі тек ұлттық музыканы зерттеген адам екен ғой», деп осы атақты бергізбеген. Оған Қазақстанның идеологтері бастап жазған арыз да себеп болған. Енді бір қызық дерек еріксіз назар аудартады. Ағайынды Ришат, Мүсілім Абдулиндер қазақ әнін көп насихаттаған, Тұрар Рысқұловтың алдында ән салған. Ришат Мүсілімнен он минут кейін туған егіздер. Ришатқа КСРО Халық әртісі, Мүсілімге Қазақ КСР Халық әртісі атағы берілген. Алла айырмаған екеуін адам айырған. Тіпті ағайынды қоңыр қаздың арасы да осы алалаудың кесірінен ажырап кете жаздаған деген де әңгіме бар. Күні кеше ғана 85 жасқа келіп өмірден өткен Исраил Сапарбайдың өлеңдерін былай қойғанда, әндерін кім айтпайды? Ал сол кісі де Мемлекеттік сыйлық алған жоқ. Сондықтан бұл атақ дегенің шартты нәрсе. Атақсыз да атақты болуға болады ғой. Шәмшіге атақ бергеннен кейін атақты болып кеткен жоқ қой. Мәселен, Шераға, Гераға, Қалаға... Осы кісілердің атағын кім айтып отырады. Айрықша таланты, елге еткен ерен қызметінің арқасында үлкенге де, кішіге де аға болып қалды. «Аға» деген мәртебелі атақты халықтың өзі берді. Бұдан артық атақ болуы мүмкін бе? Бұл кез келген ресми атақтан жоғары, халықтың сүйіспеншілігімен сәулеленген ардақты атақ, титул. Алдымыздағы осындай арыстан жалды ағаларымыздың да ықпалы болған шығар, біз тек жұмысты білген жанкешті болып өстік. Атақ, қызмет, пәтер сұрап, ешкімнің алдына барған жоқпыз. Ұлы ұстаздарымыздың, жақсы адамдардың еңбегіңді ескеріп, бағаңды білгенінің арқасы болар.
Бірде Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Менің мақтау мен мадаққа қарсы иммунитетім бар», — деп еді. Қысқасы, қоғамның әр мүшесінің бойында осы қарсы иммунитет күшеймесе, біз жұмыс істемейміз.
– Бір сұхбатыңызда «журналистика деген ұлттың өзін өзі жоғалтпауы жолында күресетін мамандық» дейсіз. Шерағаңның шекпенінен шыққан сіз бүгінгі қазақ баспасөзіне қандай баға берер едіңіз?
– Осыдан көп жыл бұрын, бізде қазіргі жаңашылдықтардың исі де жоқ кезде, Жапонияда іскер топтардың ортасына түстім. «Жаңа жапондықтардың» есіл-дерті — бұрынғы Жапонияның кісілігін, бекзаттығын сақтап қалу, самурайлық сананың үздік үрдістерін қорғап қалу, ғасырлар бойы қалыптасқан ата-баба өнегесінен ажырап қалмау үшін, алдағы ісіне соны алтын арқау, желі етіп тарту. Аталарының адастырмайтынын жүрегімен сезеді. Қысқасы, жапондардың жүрегінде жарық көп. Біздің жаңа Қазақстанның жаңа журналистикасында осындай жастар көбейсе, ұлтымыздың өзін өзі жоғалтпайтынына ешқандай негіз қалмайды.
Ана заманда жоғарыдан көбірек сөз еститін басылымның бірі «Лениншіл жас» еді. Сондайда Сейдағаң, Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жас» бір үйдің кенже баласы тәрізді ғой. Оған жараса береді» деуші еді. Айтпағымыз сол мінез ғой. Баспасөздегі мінез Шерағаң, Сейдағаңдармен, журналистикадағы жасампаздық, жанкештілік Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанболат Аупбаев ағалармен қалып қалмаса екен деген тілеу ғой біздікі. Әр басылымнан әркімнің өз қолтаңбасы, деңгейі көзге ұрып тұрады. Егер бейнелі тілмен бедерлеуге болса, кейде маған газеттің бас редакторы бас режиссер сияқты көрінеді. Бір нөмірі бір спектакльдің жүгін көтеріп тұрған тәрізді. Өзінің мағынасы, мазмұны болады. Оған шығармашылық ұжым түгел қатысады. Сонда ғана ол тартымды, тартысты болады. Осы тұрғыдан қарағанда басқа басылымдарды былай қойғанда, өзім үзбей оқитын «Egemen Qazaqstan», «Ana tili»-нде көп өзгеріс бар. Тек ахметшіл, әлиханшыл, темірбекшіл, өзбекәлішілдер...көбеюі керек.
Шераға мен Ораға...
– Тұтас өміріңізге ерекше ықпал еткен оқиға туралы айтып берсеңіз?
– Бір заманда Алматыда «Өркен» – «Горизонт» деген студент-жастар апталығы жарық көрді. Мақсат Тәж-Мұрат екеуміз соның алғашқы он екі нөмірін шығардық. Бұл басылымда ұлыорыстық шовинизм өрті өршіп тұр екен. Сонымен күрестің соңы жұмыстан кетуімізбен аяқталды. Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жауапты хатшының орынбасары болып орналастым. Бір күні «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, Орағаң, Оралхан Бөкеев жұмысқа шақырды. Келісіп, редакторымыз Баймолда Мусиннің атына қатынас-хат алып келдім. Содан дүйсенбіде «Қазақ әдебиетіне» баруым керек. «Егемен Қазақстаннан» хатшы Әсем апай телефондап: «Сені Шерхан аға шақырып жатыр», — деді. Әуелде сенбедім. Себебі Шерағаңды сырттай білетінім болмаса, қолын алған адамым емес. Сыртқы сұсы сұмдық еді ғой. Қазір ғой, әкіммен де, министрмен де талтайып тұрып суретке түсіп, әлеужеліде жариялайды да жатады. Ол тұста министр түгілі бас редактордың кабинетіне кіре алмайтынсың, сонадайдан қашып жүретін едік қой. Сәлден соң апай қайта телефондап: «Аға күтіп отыр ғой», — деді. Содан құстай ұштым. Сөздің қысқасы, «бізге жұмысқа кел, үш ай секретариатта істейсің, содан соң өнер бөліміне барасың» — деді. «Қазақ әдебиетін» айта бастап едім, «жеті жүз жазушыдан біреу табылар», — деді. Содан, амал жоқ, Орағаңа: «Егемен» үй береді екен», — деп өтірікті соғып жібердім. Оның үстіне келіншегім Таңсұлу да сонда жұмыста. Екеумізге тезірек үй бере ме деген ой ғой. Сонда қайран Орағаң: «Бар. «Қазақ әдебиеті» қайда қашар дейсің. Үйіңді алып ал», — деді. Қазір ойлаймын ғой. Басқа біреу болса ренжір ме еді, ал мына кісінің қазақтың бір баласы болса да үй алсын деп ойлауы тұлабойымды елжіретіп жіберді. Құдай аузыма салды ма, содан көп ұзамай үйлі болдық. Айтқандай, Шерағаң мені ұжымға таныстырып жатқанда бір кісі: «Бізде келіншегі де істейді ғой», — деді. Сонда Шерағаң: «Немене келіншегі бухгалтерияда істей ме екен, екеуі бірігіп ақша жейтін», — деп гүр ете қалды. Тәптіштеп айтып жатқаным, сонда деймін-ау, өмірі бетбе-бет көрмеген адамның пәтерден пәтерге қаңғып жүрген мені жұмысқа шақырып, әлгіндей қорғаштауы неткен қамқорлық!
Айтпағым, сол алағай-бұлағай кезде сол кісі қызметке шақырмағанда, менің тағдырым қалай болар еді деп ойлаудың өзі қазір қандай қорқынышты. Содан журналистикада жолым ашылды десе де болады. Өміріңді тұтастай өзгертіп, басқа арнаға бұрып жіберген мұндай оқиғаны ұмытуға бола ма?
Олар...
– Шығармашылығыңыздан байқалған бір ерекшелік, танымал тұлғалардың қиын, қызық тағдыры туралы тамаша эсселер, портреттер, танымдық мақалаларды көп жазасыз. Бұл өзі қашаннан бері қалыптасқан үрдіс. «Тұлғатану» сериясымен «Абыз-аңыз», «Шер-шындық», «Ана туралы жыр», «Қазақтың Қадыры», «Дүлдүл», «Имаш», «Корифей» және таяуда ғана «Қарғаш» атты Аманкелді Сембин туралы кітабыңыз жарық көрді. Жалпы, алдыңғы толқын ағалар туралы ойлағанда кімді көбірек сағынасыз?
– Осыдан көп жыл бұрын «Алматы ақшамында» «Тұлғатану» деген айдар аштым. Одан бұрын да бастап жүрген тақырып қой. Бұл жолы оған дендеп кірістік. Тарихта небір тұлғалар өткен. Солардың ішінде атаусыз, ұмыт қалғандар да бар. Алдымен солардың тізімін жасадық та, жігіттерге бөліп бердік. Бірде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Көпжасар Нәрібаев ағамыз хабарласты. Бұл кезде ол кісі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетте кафедра басқаратын. «Қали қарағым, мен «Тұлғатану» айдары бойынша жарияланып жатқан мақалаларды үзбей оқимын. Тіпті студенттерге оқып отыруға да кеңес бердім. Бір ақылдасатын жағдай, менің кафедрамның негізгі бағыты — ұлттық құндылықтарды ұлттық тұлғалар тағылымымен ұштастыра отырып, жұмыс істеу. Осы айдарды біз де кафедра атауына қолай көріп отырмыз. Соған қарсы болмасаң», — деді. Содан бастап ол кісімен тығыз байланыста жұмыс істедік. Бірнеше кітаптың тұсаукесеріне қатыстым. Айтпағым, кейіннен, әлі күнге бұл айдар басқа басылымдарда, түрлі порталда, сайттарда қолданылып келеді. Бұл қуанышты жағдай, әрине.
Менің өмірімді өзгеше рухта нұрландыратын, үздіксіз сәулелендіретін сәттер бар. Егер бүгінгі күн рухани қажетіңді, сұранысыңды өтемей жатса, өткенмен-ақ өмір сүруге болады. Енді қайтып тууы екіталай тұлғалармен тағдыр табыстырған көркем, кемел күндердің лебі, бүгінгі күннен кезіктіре бермейтін рухани ләззат енді қалған ғұмырда еркін тыныстауға жетіп жатыр. Мен солармен тыныстап, солармен өмір сүремін. Демек қазіргінің көркем ойына аса зәру емеспін. Олар сені мағынасыз, мазмұнсыз өмірден құтқарады. Олар туралы айтсаң, өзіңді адам сезіну, бар сезіну процесін армансыз, алаңсыз бастан кешесің. «Тұлға — өз ұлтыңмен мәңгі бірге болу» депті ғой әйгілі «Көгілдір Дунайды» жазған Штраус.Тұлғаның ойлау кеңістігіндегі буырқаныстар, сұрапыл серпілістер, сұңғыла сөздер, ұлылық нышандары сені қай кезде де, қандай жағдайдан да құтқарып, арашалап алады. Ойың да, сезімің де ешқашан тығырыққа тірелмейді. Демек кешегі, бүгінгі бірлі-жарым тұлғалармен тілдесу, олар туралы толғанып, бұрын-соңды бола бермейтін жоғары экстазды көңіл күйді бастан кешіп қалам тербеу – менің шығармашылығымның шабыт тұғырын биіктете түседі. Олар туралы жазбаларым кейбір кембағал әріптестердің рухани бейшаралығына, кемістігіне түсіністікпен қарап, кісілік ойдың биігінде қалуыңа зор себепші, көмекші. Сондықтан да оларсыз өмір сүру мүмкін емес. Кімді сағынасыз дегенде оларды бөліп жару да мүмкін емес. Оларға біз оралып отыруымыз керек. Бұл ойымды Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпы ұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді» деген сөзімен қорытуға болатын шығар. «Тұлғатану» сериясы да осы бағытта жалғаса береді.
Тарихы терең елмен кім-кім де санасады
– Борхес Еуропаның діңгегінде грек мәдениеті мен Інжілдің жатқанын айтады? Ал қазақ өркениетінің діңгегінде қай дүниелер жатыр?
– Қай заманнан бері тарих толқынында Шығыс пен Батыс жөніндегі түсініктер, түрлі қайшылықтар, кереғар көзқарастар бірлі-жарым тарихшылардың еңбегінде сипай қамшылап айтылатыны болмаса, негізінен итжығыс түсіп отырған. Турасын айтқанда, тұтас тарих еуроцентристік, бертіндегі империялық Ресейдің көзқарасы арқылы жазылып, Батыстың олақ ойлау деңгейіне басым сипат берілгені жасырын емес. Сол көзқарастың ел санасына әбден сіңгені сонша , күні кешеге дейін арғысын айтпағанда соңғы үш мың жылдықтар аясындағы сонау Қытай қорғанынан Жерорта теңізіне дейінгі аралықтағы түркі тілдес халықтардың, көшпелілердің ұлы мәдениетінің ғылыми аяда тұжырымдалып, айналысқа түспеуіне таңғалуға бола ма? Бұл тарихты сақ, ғұндарды айтпағанда Ұлы Түркі қағанатынан (Vl-Vlll) бермен таратсақ та жетіп жатыр. Оның бір бұлтартпас дәлелі – түпкілікті топонимдерде, этимологияда. Мәселен, жаңаша жыл санауға дейін Еуразияның батысындағы Кипр аралын неге «Алаш», ал шығысындағы Тибет алабы неге «Түбіт» деп аталған. Оны айтасыз, Кавказдағы үш бірдей өзен «Қазақ» делінеді? Болмаса Тываның өлке тану мұражайындағы тастағы «Қазақ қызы» деген рун жазуын қайда қоясың? Фирдоусидің жазбаларындағы, Шыңғыс ханның «Құпия шежіресіндегі» (Xlll) «қазақ», «қазахия», «қазақы арба», «косог» деген этнонимдер ше? Сондықтан топонимдер, этимологияларды үңгіп зерттеу арқылы да көп жайға көз жеткізуге болады. О.Сүлейменовтің «Мың бір сөзі», кейінгі уақытта «Авестаны» індетіп зерттеп жүрген Р.Алшановтың еңбектері осы ойдың нәтижесі.
Осы күнге дейін қазақ жерінен он бір «Алтын адам» табылды. Бұл әлемде аналогі жоқ жағдай. «Таңбалы таста» бес мыңға жуық сурет болған, қазір үш мыңы қалған. Осының бәрі кездейсоқтық дейсіз бе? Бұл түркі қанындағы генетикалық кодтың сақталуы. Міне, сол тарих кешегі Алтын Орда заманынан, қазақтың хаңдық дәуіріне дейін шашылып жетсе де қазақ өркениетінің алтын бастауы, діңгегі ретінде қайта жаңғырып, ұлттың рухани тек тамыры ұлы рухпен қайта қауышып, қалыптасқан тарихты берік орнықтыра түсті. Бес мыңнан астам ән, күйі, эпостық мұралары бар қазақтай халық әлемде өте сирек. Мұндай аса бай мұра тарихы терең елде ғана болады. Қазақтың жаны да, жады да оның өнерінде қалған. Тарихы терең елді ешқандай жау ала алмайды, онымен кім-кім де санасады. Өнері бар елдің өресі биіктей береді.
– Қазір не жазып, немен шұғылданып жүрсіз?
– Ой мен өнер адамы жай өмір сүрмейді. Оның жан дүниесі, табиғаты қарама-қарсылықтарға, қайшылықтарға толы болады. Алдағы кітап сірә, соның бір кемел көрінісі, өмірімнің бар мазмұны мен мағынасы.
Архивімдегі (оншақты дәптер) қыруар материалдың, баға жетпес құндылықтардың мұртын бұза бастадым. Бір бақытым — қазақтың қайта тумас тұлғаларының көбісімен аралас-құралас болдым. Соның арқасында рухани күйзеліс, дағдарыс дегенді еш сезінбеппін. Қай кезде де мемуарлық әдебиет жақсы оқылады ғой. Бұл да сол бағыттағы басталған, тасталған күнделіктер мен жарияланбаған жазбалардың, тұлғалардың бұрын-соңды айтылмаған қиын да қызық тағдырының әбден сүзгіден өткен нәзира нұсқасы. Диалог, баяндау, монологі аралас қысқа жазбалар, сөз симфониетталары, яғни музыкалық миниатюралар іспеттес.
– Жаратушыдан қандай тілегіңіз бар?
– Дүние тыныш болсын. Қазақты Құдай сақтасын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»