Қоғам • Бүгін, 08:17

«Ең бастысы, нақты іс»

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ана тіліміздің жай-жапсары туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың әр отырысында айтып келеді. «Ана тіліміздің тағдыры жайлы сонау жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бері кешегі Алаш қайраткерлерінен бастап айтты» деген Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда бұл жайында бүгінгі ұлт зиялылары да, тіл жанашырлары да айтып жатқанын, айтылмаған сөз жоғын, біз ендігі арада қазақ тілінің тағдыры үшін құр байбалам сала берудің еш нәтижесі болмайтынын ұғынсақ етті деген ой тастады. Және «тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным» деп қадап айтты.

«Ең бастысы, нақты іс»

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Айтып-айтпай не керек, қазақ қоғамы әлі де болса, мемлекеттік тіл тағдырына кейде орынды, кейде орынсыз алаңдаған көңіл күймен күн кешуде. Мәселесін айтып, «тіл жанашыры» ретінде көрінгісі келіп, арзан абырой мен құнсыз бедел жинап жүрген айғайшыл топтар да жоқ емес.

Жаңа жаһандық дүние игі­лігінің тізгінін өзгелермен бірге біз де ұстаймыз, сол дүниенің игілігін өзгелермен бірге тең көреміз десек, білімді болмағымыз керек. Өйткені дүниенің ендігі ортақ «тілі» – білім.

Алайда өзіңнің ана тіліңді білмей де білімді болуға ұмтылу, болмаса соған талпыну қазақ деген ұлттың қасіреті болмақ. Біз мұны бесікте жатқан баламыздан бас­тап барша қазақтың ұл-қыздарының санасына сіңір­геніміз абзал.

Міне, қазақ тілінің мәселесіне осы тұрғыдан келе отырып, Президент Ұлттық құрылтайда Қазақстан экономикасын дамыту үшін «креативті индустрияның» мемлекеттік тіл болашағы үшін де мән-маңызы зор екенін ерекше атап көрсетті. «Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс», деп айтқанын ендігі арада асқан жауапкершілікпен қолға алмасақ, мемлекеттік тіліміздің жай-күйі сол бос әңгіме мен босқа даурығушылықтан аса қоймайды.

Осы орайда, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ақмола облыстық әкімдігі бірлесіп Көкшетауда 2024 жылдың 28 маусымында «Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу мәселелері» тақырыбында өткізген респуб­ликалық семинар-кеңесте қазақ тілін дамытудың қазіргі заманғы біраз әдіс-тәсілдерінің көңілден шыққаны және ол «ана тіліміз дамымай қалады-ау» деген күді­гімізді сейілткені де бар еді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне (3 қаңтар 2025 жыл) берген сұхбатында қазіргі қалыптасып отырған геосаяси жағдайға орай: «Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары тура­лы айтып отырмын. Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек», деп мемлекеттік тілді нығайту үшін жылдам әрекет жасаудың тағы бір маңызды жолын ұсынып отыр.

Бұл жағдай ендігі арада мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оны қолдану аясын, әсіресе, ғылым мен білім саласында одан әрі кеңейту және ақпарат алуға арналған ІТ өнімдерді жұртшылық арасында кеңінен насихаттау, соларды тарату және қолжетімділігін қамтамасыз етуге барынша мән берілу қажеттілігін маңызды ете түседі.

Әсіресе отандық жасанды интел­лектінің түрлі салалардағы қолданысын арттырып, қазақ музыка өнімдерін жас­тар арасында кеңінен насихаттаудың маңызын да мықтап ескеру керек.

Біз ендігі арада қазақ тілінің ғылым тіліндегі үлесін арттыруға қатысты шаралар қабылдаумен бірге, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған контенттің үлесін арттыру және тілдерді ІТ өнімдері арқылы оқытуды жолға қойғанымыз да аса маңызды.

«Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп­тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық», деп Қазақстан халқы Ассамблеясының 2024 жылы өткен ХХХІІІ сессиясында Президентіміз осы бір тоқтамды сөзін айтқан-ды.

Мемлекеттік тіл саясатында бізге қазіргі ғылым мен технология, жаңа қоғамдық қатынастар, әлем дүниесінің даму бағдары мен басымдықтарын және қазақ­стандық жастардың әлемдік өрке­ниетке зор ынтасы мен осы күнгі ұмтылысын ескермей тағы болмайды.

Қазір әр ата-ана өз баласының әрі кеткенде бір шет тілін білгенін қалап отыр және бұл біздің ендігі ұрпағымыздың көптілді болуы­на ешкімнің де кедергі жасай алмайтынын ұғындырады. Бұған қолдау білдіру, қуану ғана қалды.

Ақын Қадыр Мырза Әлінің «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенін санамыздан бір елі шығармай, еліміздегі ендігі тіл саясаты Президентіміз ұсынып отырған «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген ұстаныммен жүргізілгені абзал. Бұдан былай саланы осы бір па­йыммен байыптап жүргізе білсек, көздеген мақсатымызға жетеріміз де анық.

«Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Осы тұста, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Мен қоғам­ның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қол­дадым», деген Мемлекет басшысы Атырау құрыл­тайында ешкімді мәжбүрлемей, қазақ тіліне деген күнделікті өмірдегі қажет­­­тілік­ті арттыру арқылы тілі­міз­дің тұғырын ны­ғайта беру­ді алға тартты.

«Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден еш­теңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек!»

Президентіміз осыны шегелеп айтты.

 

Жабал Ерғалиев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Көкшетау