
Кеншілер қаласындағы оқу орнының 1130 студенті, 58 оқытушысы бар. Оқу мерзімі – 4 жыл. Студенттерінің 70%-ы Хромтау ауданының балалары. 95 орындық жатақханасы бар. Биыл 1-курсқа 205 студент қабылданған. Студент 47 мың теңге шәкіртақы алады, ыстық аспен қамтамасыз етілген. Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Қарағандыдан келіп оқып жатқан балалар бар. «Біздің колледжде кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, дәнекерлеуші, электр механигі, электр монтері мамандықтарына оқытылады. Бір ерекшелігіміз, студенттеріміз негізгі мамандығымен бірге басқа мамандық алып шығады. Мәселен, болашақ кенші не байытушы өз таңдауына орай жерасты электровоз, кен қопаратын көлік жүргізушісі, тау-кен жұмысшысы мамандығын қоса меңгереді. Екіншіден, оқу орны жұмыс берушімен үнемі байланыста. Жұмыс берушілер оқу үдерісіне тікелей қатысып, сұраныстағы мамандарды даярлауға алдын ала тапсырыс береді. Мәселен, төрт жылдан кейін компанияға қанша шахтер, кен байытушы, электрик, слесарь қажет болатындығын есептеп, сонша маман даярлауды тапсырады. Айта кету керек, біздің басты әлеуметтік серіктесіміз – «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалына қарасты Дөң кен байыту комбинаты. Біздің түлектеріміз осы комбинаттың шахталарында еңбек етеді», дейді Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжін 22 жылдан бері басқарып келе жатқан Бағдаш Молдашева. Ол биыл көктемде Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алды.
Оқу ғимаратын аралауды шахтаның көшірмесі түрінде жасалған оқу полигонынан бастадық. Мұнда жер астына түскендей әсерде боласың. Ортада шағын вагонеткалар қозғалатын рельс тұр. Студенттер осы жерде кен қабатын тіреп қойған қондырғылардағы бекіткіштерді ашып-жабуға машықтанады. Оқу полигоны 2006 жылы салынған. Келесі бөлме жерасты жұмыстарын виртуалды түрде жүргізетін қондырғылармен жабдықталған. Компания шахталарының сұлбасы ретінде жасалған оқу бөлмесін «ERG» компаниясы сыйлаған. Дөң кен байыту комбинатының шахталарында хром ашық әдіспен де, жер астынан да өндіріледі. Шахталар тереңдеп барады. Виртуалды зертханадан студент кенді бұрғылауды, жер астындағы тереңдікте жүруді үйренеді. Студент 3-курстан бастап өндірістік тәжірибеден өткенде, оған жер астында жұмыс істеу қиынға түспейді.
Келесі жабдықталған бөлме – тау-кен көліктері мен кешендері зертханасы. Мұнда жерасты бұрғылау қондырғысында жұмыс істеуге және жерасты басқаруға үйретін «Boomer – 282» кешені орнатылған. Дәрісті оқытушы Қанат Қошанбаев жүргізеді. Өзі тереңдікте бұрғылаушы көлігін жүргізген бұрынғы кенші екен. «Заң бойынша 18 жасқа толмағандарға жер астына түсуге рұқсат жоқ. 3-курста оқитын студенттеріміз 3-3,6 ай, 4-курс студенттері 6-8 ай мерзімде Дөң кен байыту комбинатында өндірістік тәжірибеден өтеді. Олар өз мамандықтарына қарай шахтада, не кен байытатын орындарда жұмыс істейді. Өндірістік тәжірибе кезінде оларға кәсіпорын басшылығы жұмыс көлеміне байланысты 90–280 мың теңге аралығында жалақы төлейді. Үш-төрт ай жұмыс істеген балаға бұл жақсы көмек», дейді Бағдаш Қайыржанқызы.
Колледж оқытушылары балалардың білімге деген қызығушылығын қалай оятады? Мұның жолы біреу-ақ: оқушы күнделікті сабағынан қалмай, оқып-үйренуге деген қызығушылығын жоғалтып алмаса болғаны. Және де білімді теориядан гөрі тәжірибемен ұштастырғанда, көзбен көріп, қолымен ұстағанда тиімділігі жоғары болады. Бұл жерде білім ұйымының оқу-материалдық базасын күшейтуге мән беру керек. Егер бала жабдықтармен жұмыс істей алмаса, ертең қалай өндіріске барады? Сол үшін 1-курстан бастап студент түске дейін сабақ оқып, түстен кейін осы жердегі техникалық үйірмелерге жазылып, қондырғылармен жұмыс істейді. Кенші мамандығына деген құрметті арттыру үшін колледжде озат кеншілер әулетімен кездесулер, өндіріс орнына экскурсиялар тұрақты ұйымдастырылады.
2019 жылы Дөң кен байыту комбинаты қызметкерлері мен осы оқу орны студенттері тау-кен саласында жойылатын және болашақта пайда болатын мамандықтар тізімін құрастырған. Көпшілігі кен игеруде тереңдікте ұшатын дроньдарды пайдалану мүмкіндігі жоғары болатынын айтқан. Көп кешікпей колледж қабырғасында жерасты дроньдарын құрастыратын зертхана ашылды. Колледждің информатика пәні мұғалімі Айдос Оспанның айтуынша, оқу орнында кен қабаттарына ұшырылатын дроньдарды басқаратын операторлар даярланады. Зертханада студенттер өздері құрастырған жеті түрлі 15 дронь бар. Шахтаның терең қабаттарында кен опырылып, метан газы жиналғанда, кеншілерге төнетін қауіпті азайту үшін ұшқышсыз басқарылатын жабдықтар жіберіледі. Зертханада колледждің биылғы түлегі, электромеханикалық жабдықтарды пайдалану маманы, дроньдарды ұшырумен айналысатын Данилл Дрешякпен пікірлестік. Ол республикалық «World skills», корпоративтік «ERG skills» байқауларының жеңімпазы. Жақында Пекинде өтетін байқауға бармақшы.
Колледждің механика, пневматика және гидравликалық зертханасында шахтаға қызмет көрсететін желілерді бір көзден басқаратын жабдықтар орнатылған. Мұнда студенттер шахтаның желдету, электрмен қамтамасыз ету жүйелерін компьютерлік технология арқылы басқаруға үйренеді дейді оқытушы Асылбек Исмағұлов. Қазіргі жұмысшы мамандықтарының «World skilles» байқауларында механика мен электрониканы байланыстырған мехатроникаға ерекше мән беріліп жүр. Осы оқу орнының студенттері де «World skilles» қозғалысы бойынша Ақтөбе облысында өткен жарыстарда 2019 жылдан бері 1-орыннан түспей келсе, республикалық байқаулардан да екінші, үшінші орын алды. Оқытушылар кен орындарына қызмет көрсетуші салаға маман дайындап беруге әзір.
Колледж зертханаларындағы оқып-үйренуге арналған заманауи жабдықтар грант және әлеуметтік серіктестердің қаржысына жасақталған. Қосымша қаржы көздері жаңа оқулықтар, электронды оқулықтар сатып алуға мұғалімдерді ынталандыруға жұмсалады. Осы оқу орнының түлегі, өндірістік оқу шебері Арлан Талғат та «World skills», «ERG skills» жобаларының қатысушысы. Қыркүйекте Маңғыстауда жұмысшы мамандықтары арасында өтетін байқауға электромонтаж құзыреттілігі бойынша сайысқа түседі. Электромеханик мамандығын бітірген ол 1-курстан мехатроника, өндірістік автоматтандыруды қызығушылықпен оқығанын айтады. «World skills»-ке электромонтаж мамандығы бойынша бірнеше студент дайындалып жатыр. Михаил Риппер республикалық сайыстан озып шығып, Еуропа елдерінің арасындағы жұмысшы мамандықтары бойынша қыркүйекте Данияда өтетін «Euro skills» чемпионатына электромонтаж мамандығы бойынша қатысады. Жүлдеге ие болса, әлемдік сайысқа жолдама алады. Ол электр өткізгіштерін компьютерлік бағдарлама арқылы құрастырады. Еуропа чемпионатында сызбаның орнына алгоритм ғана беріліп, қатысушының логикалық ойлау қабілеті сынға түспекші.
Оқу ғимаратында слесарь, дәнекерлеу ісін, электромонтажды оқытатын, кендегі хромның құрамы мен басқа металдардың қоспасын анықтайтын зертхана да бар. Кейінгісіне 2020 жылы «Жас маман» бағдарламасынан ұтқан қаржыға зертхана жабдықтары сатып алынды. «Бұл жерде студенттер кеннің сапасы, ауызсудың хроммен ластануын зерттейді, фосфор, марганец, ауыр металдарды анықтайды», дейді химиялық талдау зертханасының меңгерушісі Айнұр Өтеуова.
Нұрболат Самұратов Дөң кен байыту комбинатында 20 жылдан бері жұмыс істейді. Хромтау колледжін бітірген бойы комбинатқа кенші болып орналасқан. Бүгінде тау-кен шебері. Арнайы бағдарламамен тұрғын үйге қол жеткізген. Төрт баласы спорт мектебіне тегін қатысады, жазғы каникулда комбинатқа қарасты «Мұғалжар» лагерінде демалып келген. «Шахтадағы жұмыс таң алагеуімнен басталады. 20 шақырым тереңдікке түсіп, жерасты желдеткішін тексеріп, ауа сапасын бақылаймыз. Жұмыс күнінің ұзақтығы –12 сағат. 7 күн істеп, жеті күн демалып, бекітілген 1,5 мың сағатты игереміз», дейді ол.
Маман даярлаудағы жаңашылдығымен ерекшеленетін, өндіріс пен қолданбалы зерттеулерді тоғыстыру арқасында өндіріске қажетті мамандар даярлап келе жатқан, дуалды оқыту жүйесіндегі көшбасшы және халықаралық жобалардың белсенді қатысушысы –Хромтау тау-кен техникалық жоғарғы колледжінің тәжірибесі өзгелерге үлгі боларлық.
Ақтөбе облысы