
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Исламның келуі арқылы Орталық Азияда білім-ғылым қанат жайды. Мешіт-медреселер ашылып, білімнің таралуына жағдай жасалды. Медреселерде дін ғылымымен қатар филология, логика, математика, астрономия, медицина, философия секілді ғылым салалары оқытылды. Орталық Азиядан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Хусамуддин ас-Сығанақи секілді ғалымдар шықты. Сондай-ақ Фараби, Бируни, Ибн Сина, Хорезми секілді ғұламалар шығып, өркениет тарихындағы өз орнын айшықтады. Олар хақ дінге сүйене отырып, ғаламның тылсым құпиясын ашты. Олардың ашқан жаңалықтары мұсылман әлемін нұрландырып, сәулелендіре түсті.
Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы Ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», деген болатын. Президент айтқандай, Ханафи мәзһабына тән дүниеге ақыл-парасатпен қарау, еркін ойлау секілді қасиеттер Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Бұл екі мәселе де қазіргі қазақ қоғамы үшін аса маңызды.
Дінге ақыл-парасатпен қараған адам әрдайым Құранға жүгінеді. Әрбір сұрағына жауапты Құраннан іздеп табады. Себебі Құранда «Ақыл иелері үшін ғибрат бар» («Әли Имран» сүресі, 190–191 аяттар) делінген. Құран әрдайым адамды ойлануға, зерделеуге, пайымдауға шақырады. Ал дүниеге ақыл-парасатпен қараған адам рухани бағдарынан айырылмайды. Себебі дін соқыр сенім емес, ол – адамның ақылын қолдануды қажет ететін ілім.
Ақыл – шариғат негіздерінің бірі. Шариғатта ақылмен ой қорытуға тыйым салынбайды, керісінше ақыл арқылы ақиқатқа жетуге шақырады. Сондықтан ақыл-парасатпен қарау фанатизмнің алдын алады. Ақылсыз қабылданған дін фанатизмге, тіпті радикалдыққа ұрындыруы ғажап емес. Сол себепті де Президент жат діни көріністерді қоғамға таңуға тырысып жүрген жандарды дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл деп айшықтады. Ал егер дінді парасатпен ұстанса, ол адамның бойынан құндылық пен ізгіліктің, көркем әдеп мен имандылықтың ұшқыны көрініс табады.
Парасатты адамға ақылдың өзі жеткіліксіз. Ақылға қоса жүрек пен жігер керек. Хакім Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек», дейді. Алла Тағала адам баласын ақыл иесі етіп жаратқан. Ал сол ақылды жылытатын – жүрек, жігерлендіретін – қайрат. Ендеше, бұл үшеуі бірге болған кезде адамзат үлкен жетіктіктерге жетеді. Осы үшеуін өн бойына жия білген адам – нағыз кемел адам. Дінге ақыл-парасатпен қарау қоғамды бөлінуден сақтап, бірлікке жол ашады. Себебі ақылсыз сенім – әлсіз, парасатты сенім берік болады.
Президент айтқан екінші мәселе – еркін ойлау. Бұл – қоғам дамуының басты алғышарты. Себебі еркін ойлаған жанда сана еркіндігі болады. Өзіндік көзқарасы қалыптасады, басқа адамның пікірін қайталамайды. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Олар ойланбай ма?» («Әнғам» сүресі, 50-аят), дейді. Ойланған адам Құранға жүгінеді, Құранға жүгінген адам ақиқатты табады.
Исламда «ижтихад» деген ұғым бар. Құран мен сүннетте тура нұсқау табылмаған жаңа мәселелерге діннің негізгі қағидаларына сүйене отырып, ақылмен үкім шығаруды «ижтихад» деп атайды. Шариғатымызда нақты жауабы жоқ мәселелердің жауабын ой жүгіртіп, ақыл таразысына салып, тұжырым жасауға рұқсат берілген. Хакім Абай да бұл ойды: «Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?» деп тұжырымдайды. Еркін ойлау қоғам үшін аса маңызды. Терең ой түю арқылы адам жалған сенімдерге, догмаларға ұрынбайды. Әр әрекеттің, әр сөздің жауапкершілігін білген адам парасатпен ойланып, дұрыс шешім қабылдайды. Сондықтан еркін ойлауды жалған сенімнен құтқарып, ақиқатқа жетелейтін жол деп білу қажет. Себебі еркін ойлау адамды жетілдіріп, қоғамды алға бастайды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтай отырысында экстремизмге қарсы тұрудың төте жолы дәстүрлі Исламды берік ұстану екенін атап өткен болатын. «Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі Ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз», деді Мемлекет басшысы.
Шынында дәстүрлі Ислам – біздің берік қорғанымыз, елдің бірлігі мен ынтымағын, тұрақтылығы мен татулығын сақтаудың тетігі. Шариғатпен үйлесім тапқан салт-дәстүрімізді насихаттауда да дін мамандары аянбай қызмет етіп келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу бағытында бірқатар маңызды бастаманы қолға алды. Мамыр айында Астана қаласында «Қазақ даласындағы дәстүрлі Ислам құндылықтары» тақырыбында VI республикалық имамдар форумы өтіп, аталған жиында «Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» және «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» деп аталатын қоғам үшін өзекті екі құжат қабылданды.
Сонымен қатар Алматы қаласынан ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтын ашып, ғасырлар қойнауынан жеткен рухани-діни көне қолжазбалар мен ескі кітаптарды зерттеп-зерделеу, оларға ғылыми сараптама жасап, ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Діни басқарма жанынан «Дін мен дәстүр» бөлімі ашылып, жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Әсіресе 2024 жылды діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялап, осы жыл аясында бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырдық. Ал 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялап, атаулы жыл аясында отбасы құндылығын дамытуға басымдық беріп отырмыз.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде: «Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн», деген болатын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл бағытта Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мүфтилері мен мәшһүр ғалымдарының қатысуымен «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын өткізіп, Ясауи мұрасын зерттеп-зерделеу, отандық және шетелдік ғалымдардың ізденістерін бір арнаға тоғыстыру, сондай-ақ тұлғаның даналық хикметтері мен өсиеттерін халықаралық деңгейде дәріптеуге ден қойды. Осы тұста айта кететін бір дүние, 2022 жылы ҚМДБ бастамасымен Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Қазақстанның қатысуымен Түркі мемлекеттері Мүфтилері алқасы құрылып, осы уақытқа дейін алқаның бес отырысы өтті.
Бұған қоса дәстүрлі Ислам құндылықтарын жаю мақсатында Діни басқарманың бастамасымен «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Ихсан – рухани тәрбие негізі, «Дін мен дәстүр» (ІІІ томы), т.б. кітаптар оқырманға жол тартты. Құран мен сүннетке негізделген, салт-дәстүрмен сабақтасқан, ұлттық ерекшелікке негізделген дәстүрлі Ислам – діни бірліктің кепілі ғана емес, сонымен қатар жат ағымдардан қорғайтын қалқан. Сондықтан дәстүрлі Исламды халықтың рухани іргетасы деп біліп, ұлттық болмысты сақтап, дінді дұрыс ұстанудың кепілі ретінде қарастыруымыз қажет.
Бізді ғасырлар бойы бірлікке, татулыққа, парасатқа жетелеген дәстүрлі дін болашақта да елдегі рухани тұрақтылықтың кепілі болары анық. Себебі мұнда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен біртұтас мәдениеті бар. Олай дейтініміз, дәстүрлі Ислам құлшылық қана емес, ол – күнделікті өмір мәдениеті. Себебі халқымыздың тұрмыс-салтындағы қазақтың ас беруі, қариялардың бата беруі, жеті атаға дейін қыз алыспау секілді дәстүрлер дінмен үйлесім тауып, өміршең сипатқа ие болған.
Әрине, қазақ топырағына Ислам діні келгенге дейін Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалаларда (Тараз, Сайрам, Отырар, т.б.) түркі өркениеті қалыптасты. Бұл өркениет түркі және әлем тарихының маңызды бөлігі саналады. Ислам діні келген соң бұл мәдениет жаңа деңгейге көтерілді.
Бүгінде мемлекетіміз Ислам дінінің құндылықтарын қорғауға атсалысып келеді. Сонымен қатар діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп, аталған жиынды дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналдырды. Сондай-ақ Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі ретінде мұсылман әлеміндегі ынтымақтастықты нығайтуға, Исламның бейбіт және әділ көрінісін қалыптастыруға, әлемдік мұсылман қауымдастығының мәдени мұрасын сақтауға және зерттеуге, әлемде бейбітшілік орнату мақсатында Ислам мемлекеттері арасындағы саяси диалог пен келіссөздерге қолдау көрсетуге үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы Ислам құндылықтарын қадірлейді, қорғайды. Бірқатар елде Құранды өртеу актілеріне орын алғанда Президенттің Құранға қорған болғанына баршамыз куәміз. Сол кезде Мемлекет басшысы Құранды өртеу актілерін қатаң айыптап, мұны қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санады. Сондай-ақ мұндай жауапсыз әрекеттер мемлекеттер мен діндер арасындағы ынтымақтастық пен ымыраға кері әсерін тигізетінін жеткізді. Көп ұзамай БҰҰ Бас Ассамблеясы да осы мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді.
Президент Құранға қамқорлық танытқан тағы бір оқиға Кенесары хан Құранының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табысталуы болды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы мүфтиятқа табысталды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Діни басқармаға келіп, қазақ халқының тарихи жәдігері – Кенесары ханның Құранын бізге табыстады.
Мұның бәрі де Мемлекет басшысының дін Исламға деген құрмет-ілтипаты деп білемін. 2022 жылғы шілде айында Қазақстан Президенті умра қажылығын өтеп, Қағбаның ішіне кіру мәртебесіне ие болды. Қағбаның ішінде еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға тіледі. Мемлекетіміздегі әрбір азамат жақсы өмір сүруін Жаратқаннан жалбарына сұрады. Сауд Арабиясы қасиетті Қағбаға ең құрметті, аса сыйлы меймандарды ғана кіргізеді. Сауд Арабиясы басшылығының Қазақстан Президентіне қандай зор құрмет көрсеткенін осыдан-ақ аңғарамыз.
Алла Тағала дін Исламға күш-қуат беріп, еліміздің ертеңі жарқын болғай!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти