Кәсіпкер • Бүгін, 08:53

Үш кәсіпкер үздік шықты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлытау облысындағы «Бір ауыл – бір өнім» жобасына 36 кәсіпкер қатысып, өңірлік кәсіпкерлер палатасы жобаның үздік үш жеңімпазын анықтады. Көрме аясында тұрғындар мен қонақтар отандық өндірушілердің өнімдерімен танысып қана қоймай, өздеріне ұнаған та­уарларды сатып алып жатты.

Үш кәсіпкер үздік шықты

Көрмеге Жаңаарқа мен Ұлытау ауданынан, сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Олар ет пен сүт өнімдерін, әртүрлі үй жағдайында дайындалған шұ­жық түрлерін, қымыз, құрт, ірімшік, табиғи жүн мен киіз­ден жасалған бірегей бұйым­дарды, былғарыдан жасалған қолөнер туындыларын, қой жүнінен жасалған суреттер мен көне тәсілмен дайындалған қамшыларды таныстырды.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы белгілі бір аймақтың бірегей өнімін тауып, оны нағыз жергілікті брендке айналдыруда облыс тарапынан қолдауға ие болып келеді. Кәсіп­керлер – аймақтың мақ­танышына айналған ерекше өнімнің иесі. Әр тауар тек сапасымен емес, тарихымен, дәстүрімен, жүрек жылуымен құнды», деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров.

Бренд-комитет мүшелері өнімдерді бағалауда олардың табиғи құрамын, қаптаманың герметикалығын, брендтелу деңгейі мен безендірілуінің тартымдылығын, сондай-ақ санитарлық талаптарға сәйкестігін ескерді.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің басты артық­шылығы – табиғи құрамын­да бояғыштар мен консер­ванттардың болмауы. Сол себепті, халықтың денсаулығына пайдасы зор», дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова.

Жобада ет өңдеу бағытында жұмыс істейтін «Даркенова» ЖК (Сәтбаев қаласы) иесі Мадина Даркенова, қымыз және қымыздан жасалған балмұздақ өндірісін өрістетіп отырған «Жаңаарқа қымызы» ЖК (Жаңаарқа ауданы) иесі Айтбай Қасымов және былғары өңдеп, қамшы жасайтын «Қалдыбаев Е» ЖК (Жаңаарқа ауданы) иесі Ертай Қалдыбаев жеңімпаз атанды. Енді олар республикалық байқауда облыс намысын қорғайды. Сонымен қатар 5 млн теңге көлеміндегі грантқа үміткер атанады. Өзге қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

 

Ұлытау облысы