Форум • Бүгін, 09:10

VIII «Astana Finance Days» форумы басталды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Astana International Forum» қолдауымен өтіп жатқан VIII «Astana Finance Days» форумының ашылуына қатысты.

VIII «Astana Finance Days» форумы басталды

Сурет: primeminister.kz

Өз сөзінде ол «Astana Finance Days» бүгінде 70-тен астам елдің инвестор­ларын, бизнес қауым­дас­тығы мен мемлекеттік құры­лымдарын тоғыстырған аймақ­тық деңгейдегі басты ынты­мақтастық алаңына айналғанын әрі еліміздің ашықтығын айқын­дап, ынтымақтастық пен ин­новацияға деген берік ұстаны­мын дәлелдейтінін атап өтті.

Форумның өзектілігін елдің эко­номикалық көрсеткіштері де айқын дәлелдейді. Биылғы жылғы қаңтар-шілде аралығында ІЖӨ өсімі 6,3%-ды құрап, оның ішінде нақты сектор 8,3%-ға, қызмет көрсету саласы 5,2%-ға артты. Жылдың I тоқсанында тікелей шетел­дік инвестициялар көлемі 6,6 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыс­тырғанда 6,2%-ға өсті. Ал негіз­гі капи­талға салынған инвестиция­лар 9,9 трлн теңгені құрап, 16,1%-ға ұлғайды. Бұл деректер халықаралық серіктестердің қолдауын көр­сетіп, Қазақстанның сенімді инвестициялық алаң ретіндегі мәртебесін растайды.

«Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттің бірі – инвестиция тарту. Мақсат – 2029 жылға қарай экономиканың көле­мін екі еселеу. Бұл үшін кемін­д­е 150 млрд доллар көле­мінде тікелей инвестиция тар­тып, негізгі капиталға салына­тын инвестициялардың ІЖӨ-дегі үлесін 23%-ға жеткізу қажет. Осы мақсатта қазірдің өзін­де жаңа тетіктер енгізілді, со­ның ішінде инвестициялар туралы келісімдер мен басым жоба­ларға арналған «жасыл дәліз» ме­ха­низмі бар», деді С.Жұманғарин.  

Астана халықаралық қаржы ор­талығы (АХҚО) бұл міндет­терді жүзеге асыруда ерекше орын алады. Құрылған күнінен бастап АХҚО ағылшын жалпы құқығының қағидаттарына, тәуелсіз реттеу мен халықаралық стандарттарға негізделген бірегей институционалдық орта ұсынып келеді. Бүгінде орталық алаңында 85 елден 4 мыңнан астам компания тіркелген. Олар активтерді басқару мен финтехтен бастап, жасыл қаржы және исламдық банкингке дейінгі түрлі салаларды қамтиды. Осы компаниялардың Қазақстан экономикасына салған жалпы инвестиция көлемі 17 млрд доллардан асты.

Сөз соңында С.Жұман­ғарин серіктестерге бірлескен жобаларға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, VIII «Astana Finance Days» форумының ынтымақтастықтың жаңа көк­жиектерін ашып, ортақ игілікке қызмет ететін болашақты қалыптастыруда маңызды қадам боларына сенім білдірді.