
Жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақылар бойынша 10 іс тергеліп, 15 адам жауапқа тартылды.
Жалған жұмыспен қамту схемасы:
385 жүкті әйелді жалған кәсіпкерліктерге жұмысқа орналастыру арқылы мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.
Ақтөбе облысында Өмірбекова мен Баймұрзаева 70 әйелді 29 ЖШС-ға жалған жұмысқа орналастырып, 487 млн теңгені жымқырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шымкент қаласында Дүйсенова осыған ұқсас әрекеті үшін 98 млн теңге залал келтіріп, 5 жылға сотталды.
Барлық істерде қылмыс бір әдіспен жасалған: әйелдер арнайы құрылған кәсіпкерліктерге жалған жұмысқа қабылданып, өткен күнмен ең жоғары әлеуметтік және зейнетақы аударымдары рәсімделген. Соның негізінде жоғары төлемдер тағайындалған.
Атаулы әлеуметтік көмек бойынша:
15 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің лауазымды тұлғаларына қатысты 3 іс қозғалды.
Схема бас бухгалтерлердің сенімді адамдарды әлеуметтік осал топқа жатпайтын болса да көмек алушылар тізіміне қосуынан тұрған. Кейін оларға қаражат аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
- 2023 жылдан бері eGov порталы арқылы құжат рәсімдеу мен мәртебе беру процесінің цифрландырылуы мұндай алаяқтықтарға жол бермейтін болды, - делінген ақпаратта.
Агенттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қылмыстардың жасалуына ықпал еткен себептерді жою үшін ұсыныстар жолдады.
Ережелерге өзгеріс енгізілді: енді жәрдемақы тағайындау кезінде «өткен күнмен» төленген зейнетақы жарналары есепке алынбайды.
Агенттік мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.